Бейсенбі, 10 қазан, 03:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Энергетика:«Қараңғыдағы» Қытай

05.10.2021

1176 0

Әсірелеу – кез келген үгіт-насихатқа тән айлашарғы. Аз ба, көп пе, маңызды емес, басты қозғаушы тетігі – нақты мәлімет. Осыны шамалай келгенде әлемдік ахуалға қатысты ақпараттық агенттіктер жасаған дабыра үндеу мен батыл болжамның барлығы салқын ақыл иесіне аса бір әсер ете қоймайды. Бірақ мұнадай әдіс қоғамдық пікірді қалыптастырары сөзсіз. Әсірелеудегі көздеген мақсат та сол емес пе. Бұл тақырыпты қозғауға Қытайдағы энергетикалық дағдарыс турасындағы «The Wall Street Journal» басылымында жарияланған көлемді мақала себеп болды.

«Жансыз салмақ сықыры» атты мақалада ғаламдық экономикадағы алпауыт елдердің арақатынасы, сауда нарығына әсері сауатты талданған. Тақырыптың жеңіл емесін шамалады ма, редакция энергетикалық дағдарысты талдауды үш бірдей қытайтекті тілшіге тапсырыпты. Чуин-Вэй Яп, Стелла Ифань Се, Ша Хуа есімді журналистер биліктің ішкі-сыртқа саясаттағы қателігі мен қиыс кеткен тұсын дөп басуға талпынып, құпия құжаттарға дейін қол жеткізген екен. Мұнша ізге түсудің де жөні бар секілді. Себебі жыл басынан бері Қытайдағы энергетика саясатының салқыны өндіріс орындарына әсер етіп, тіпті ел астанасы мен аймақтардағы зауыттардың жұмысы апталап тоқтағантұғын. Жағдайдың қаншалықты ушыққанын бағамдау үшін бір мысал, жыл басынан бері Қытайдағы өнеркәсіптердің 44 проценті электр қуатынсыз қалып, шығынға батқан. Салдарынан әлемдегі ірі компанияларға қажетті бөлшек тасымалдау мерзімі кешігіп, ғаламдық экономиканы бір шайқалтты. «Tesla» мен «Apple»-дағы жағдай да осыған шамалас. Қытай үкіметі мұндай келеңсіздіктің себебін ашып айтпаса да, сарапшылар ахуалдың бұлай құбылуын екі болжамға сілтеуде. Оның алғашқысы – экология мәселесін тілшілер кіріспесөзге арқау еткен.

«Қытайдағы электр энергиясының тапшылығы әлемдік тауар тасымалының жолын күрмеуі мүмкін. Соңғы аптада солтүстік-шығыс өңірдегі қалаларда бірнеше сағат электр жарығы болмады. Бағдаршамға дейін сөніп тұрды. Шағын аймақтардағы зауыттардың жұмыс уақыты қысқарып, өндіріс орынын бірнеше аптаға жабу туралы бұйрық берілген. IHS Markit мәліметінше, осыған орай 34 аймақтың 22-сінде тиісті шаралар жүргізіліпті. Қытаймен тығыз кәсіп жүргізетін «Simple Modern» компаниясының директоры Майк Бекхэмнің сөзінше, бұл жаңалық – өзгеріс басы. Тауар тасымалының қиындауы каскадты эффектке (сascade effect –ауд) әкеліп, АҚШ-тағы тауар бағасын 15 процентке өсірмек.

Осының бәрі елдегі электр энергиясының тапшылығынан туындауда. Ғалымдардың бір бөлігі Қытайдағы энергетика саясатының өзгеруін ғаламдық экологияға ықпал жасаудан шыққан шешім деп түсінеді. Себебі Қытай электр қуатының 60 процентін көмір пайдалану арқылы алатынын ескерсек, ауа ластануы мен ғаламдық жылынуға қарсы тұру үшін балама қуат көзін табуға ұмтылуда».

Сәті келгенде авторлар меңзеген экологияның жаһандық экономикаға қандай әсері барын тарқата кетейік. Соңғы онжылдықта ҚХР аумағындағы ауаның ластану деңгейі дамыған елдерді қоса алғандағы көрсеткіштен анағұрлым асқан. Ол аздай, «The New York Times» газеті жыл басында көмірқышқыл газы көп бөлінетін елдердің диаграммасын жасағанда тағы да Қытай алдыңғы орынға шықты. Оның себебі де айқын. Ауқымды өндіріс – электр энергиясын тұтыну көрсеткіші – көмірқышқыл газының шамадан тыс деңгейі. Содан болар, ғалымдар жағдайдың бүгінгі кейіпке енуі ғаламдық жылынудың қалыпқа келуіне бастайды деген. Алайда осы тұста тілшілердің объективті көзқарасы болмағанда, Қытайдың бақай есебін гуманды әрекет деп түсініп қалуымыз бек мүмкін екен. Иә, мәселе көмірде. Бірақ бар гәп оның қолданысы емес, импортында болып шықты.

Ғаламға қасірет болып жабысқан коронавирус әлемді әбігерге салғаны мәлім. Енді еңсе тіктеп, кінәліні анықтар сәтте саяси текетірес басталды да кетті. ДДСҰ мен қоғамдық ұйымдар коронавирустың ошағы болған Уханьға бет алды. Мұндағы зерттеуге биліктің кедергі келтіргені бар, ақпаратты жасыру дерегі бар, әйтеуір, Қытай мен дамыған елдер арасында осы тақырып бітпес дауға ұласты. Соның ішінде Австралияның коронавирустың таралуына Қытайды кінәлаған мәлімдемесі мұхиттың арғы бетіндегі электр энергиясына әсер етеді деп кім ойлаған? Қытай қолайына жақпаған сөз естіген соң Австралиядан көмір тасымалдауды толық тоқтатты. Оған қоса өзге де елден келетін көмірді тежеп, ішкі сұранысты өзі өтеуге күш салуда.

«Дефицит – фактінің айқын бейнесі. Ішкі аймақтағы тасымалдау келеңсіздігі, Моңғолия мен Австралиядан келетін көмір импортының тоқтауы көмір жетіспеушілігіне әкелді. Осылайша электро станциялар электр қуатын өндіру көлемін азайтып, сақтық танытқан. Ал Бейжің болса, тәуелсіз энергетика саласын қалыптастыру мақсатымен ұзақжылдық жоспар түзуге көшті. Өткен аптада «The Wall Street Journal» басылымына хабарласып, өз есімін атамауды сұраған лауазымды қызметкер үкіметтің жабық отырысы туралы ақпарат берді. Ол отырыста вице-премьер Хань Чжэн мемлекеттік жетекші энергетикалық компанияға қалайда көмір көлемін ұлғайтуды тапсырғанын айтты.

Кейбір өңірде тамыздың соңында электр тапшылығы қалыпқа келе бастағанымен, қыркүйекте солтүстік-шығыс аумақтағы қалаларда жарықтың сөнуі жағдайды қайта қиындатты. Қыркүйекте ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 2030 жылы Қытай көмір тәуелсіздігіне түбегейлі қол жеткізетінін және энергия көзін басқа балама ізбен алуға болатын жоспар әзір екенін жеткізді. Алайда аталған миссия жүзеге асқанша Қытай өз көмірін өндіру бойынша қадам жасамақ. Бұл қайғылы оқиға салдарынан күрделенген көмір өндірісін одан сайын шиеленістіре түсетіндей».

Расында, Қытайда электр энергиясын алудың көптеген балама әдісі бар. Қазіргі таңда жел мен су арқылы қажетті қуат алу тәжірибесі қарқынды дамып келеді. Дегенмен,әлі де негізгі электр көзі көмірде. Бұған дейін Қытай қажетті көмірдің 10 процентін сырттан әкелетін. Әлгі Австралия сол қатардағы ірі көмір тасымалдаушы ел-тұғын. Енді іргесін бөлек салғасын олқылық білініп, Ішкі Моңғолиядан тасымалданатын шикізаттың өзі жетіспеуде. 10 процент үлес санда ғана немқұрайлы көрінгенімен, миллиард тұрғынның электр қажеттілігіне шаққанда орасан салмаққа ие. Міне, Қытайдың бүтін дүниенің экономикасын сілкілеуінің екінші себебі – саяси текетірес.

«Қытайдың мұндай күйге түсуіне жанама әсерлер де жетерлік. Мәселен, қуаңшылық салдарынан оңтүстікбатыс өңірдегі гидроэнергергия жыл бойы межелеген жоспарды орындай алмаса, солтүстік-шығыстағы жел электр станциясы ауа райы қолайсыздығынан өнімділігі төмендеген. Елдің ендігі болжамды жағдайы туралы энергетика бойынша жетекші консалтингтік компания саналатын «Lantau Group» менеджері Дэвид Фишман былайша ой қорытты: «Мұндай жағдай саясаткерлер үшін де, компаниялар үшін де таңқаларлық сәт. Газ бен көмірді – жеткізу мәселенің қысқа мерзімді шешімі. Ендігі жерде Бейжің ұзақ мерзімге жоспарланған энергетикаға қатысты әртараптандыру жұмысын жүргізері сөзсіз. Мәселе кеме қатынасы, тауар айналымы, баға тұрақсыздығына әлі де әсер етеді. Бұл тұрғыда Қытай билігі өз мүддесін қорғайды деп ойлаймын. Ал ол қандай жолмен жүзеге асатыны белгісіз. Себебі біз оларға «бөтен адам» болғандықтан, олардың ұстанымын да дөп басып айта алмаймыз», – деді.

Мақала авторлары сөз соңында бұдан өзге де бірнеше болжамды нәтижені мысалға келтіреді. Алайда олардың саяси ұстанымдар мен экономикалық жағдай турасында мүмкін емесін ескеріп, ықшамдауды жөн көрдік. Алайда мақаланың мазмұнымен қатар, басылымда жарияланған фотосурет те оқиғаның мәнін ашып, аз-маз иронияның ұшқынын көрсеткен секілді. Мақаланың қақ ортасында суретте Қытайдың Ляонин провинциясындағы дәмхананың бірінде ұялы телефон жарығымен тамақтанып отырған қонақтар бейнеленіпті. Бәлкім, авторлар осы арқылы оқиғаға мысқылдай әрі қарапайым халықтың көңіл-күйін фотосурет арқылы білдіргісі келген болар.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: