Жексенбі, 24 қараша, 15:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Кедейі жоқ ел қандай болады?..

27.02.2021

1664 0

Қытайда кедей жоқ дегенге кім сенер? Кейбір аз ұлттарға жанбағудың өзі мұң болған заманда миллиардтан асып жығылатын халықты мұндай дәрежеге көтерілді деген жансақ пікірдей. Алайда ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Кедейлікпен күрес ұлттық конференциясының қортынды кешінде кедейлікті түбегейлі жеңгенін мәлімдеді. Мемлекет басшысының бұл сөзін әлемдік ақпарат агенттіктері сол сәтінде іліп әкетіп, фактчекинг әдісімен талдау жасауға кірісті. «BBC News» те көптеген бағдарлама әзірлеп, ақпараттың ақ-қарасына үңілген. Бейсенбі күні телеарна мен ресми сайтта жарияланған Джон Садворттың «Қытай кедейлікпен күресте «ғажайыпқа» қол жеткізіпті» атты хабары осы бағыттағы маңызды дереккөздің біріне айналып үлгерді.
«Бейсенбіде Си Цзиньпин билікке келгелі 100 миллионға жуық қытайлық кедейліктен құтылды деп мәлімдеді. Ол кезекті жиында мұндай «түбегейлі жеңіс тарихта қалады» деген пікір білдіріп, нәтижелі жұмыс Қытай Коммунистік партиясы мен қытай халқының арқасы деп айтқан еді. Ол: «Белгіленген межеге сәйкес, ауылдағы 98,99 миллион тұрғынды кедейліктен шығару сәтті жүзеге асты. Нәтижесінде 832 кедей аймақ пен 128 мың елді мекен кедей аумақ тізімінен шығарылды. Кедейліктен түбегейлі арылып, тағы бір тарихи ғажайыпқа қол жеткіздік. Бұл – қытай халқы мен ұлтының және Қытай Коммунистік партиясының ұлы абыройы» деді. Си мырза партия басшылығына келген 2012 жылдан бері аталған бағытта көптеген жоба бастаған еді. Өткен жылы Қытай билігі кедей аумақ тізіміндегі соңғы ауылды аяққа тұрғызғанын жариялап, 2020 жылға дейін қойған межені бағындырғанын жеткізген. Бейсенбідегі конференцияда бұл бағытта еңбек сіңірген азаматтарға медаль табысталып, құрмет көрсетілді».
Хабар барысында Қытайдың экономикалық әлеуеті, тұрмыстық деңгейінің статистикамен сәйкестігі, азаматтардың төменгі күнкөріс мөлшері секілді заңды сауалға жауап ізделгені байқалады. Бір ұтымды тұсы, автор сірескен саннан бойын аулақ салып, Қытайдың шеткері өңірлерін аралап, шалғайдағы елді мекеннің шынайы ахуалын дөп басқан. Хабардың өзегі есебінде Эди Лаби мен Джиба Туха есімді екі қытайлық азаматтың отбасын таңдап, әңгімені олардың өмірі, мемлекеттік бағдарлама, табыс көзі секілді маңызды тақырыппен ұштастыра білген. Сол арқылы елдегі жалпы жағдайға баға беруге тырысады.
«Бұл екі отбасы Қытайдың шеткері аймағында қоныстанған. Олар тұрмыстық жағдайын мемлекеттік бағдарлама арқылы оңалтқан. Эди мен Джиба секілді көптеген отбасы осы мүмкіндікті пайдаланып, әлі де болса көп табыс табуға құлықты. Мамандар Қытайдың мұндай жетістікке жетуін кедей аймаққа салынған инвестиция мен кедейліктің шекті деңгейін белгілеу нәтижесіне телиді. Оған қоса, партияның жаңа жұмыс орнын ашу, жәрдемақы тағайындау саясаты да жағдайға оң әсерін тигізген. Айта кетейік, елдегі төменгі жалақы мөлшері 1,69 доллар деп нақтыланған. Бұл Бүкіләлемдік банктің бекіткен мөлшеріне (1,90 доллар) шамалас. Алайда, өңірлердегі табыс деңгейі құбылмалы келеді», – дейді авторлар.
Сонымен қатар хабарда Қытайдың бұрынғы экономикалық әлеуеті де кеңінен талқыланды. Осы орайда журналист әріптестері Вирджиния Харрис пен Даниэле Палумбоның өткен жылғы мақаласын мысалға келтірген. Онда 1970 жылы ҚХР азаматтарының 90 процентке жуығы кедейлік шеңберінде болғаны айтылған.
Шындығында, Қытай соңғы 40 жылда сауда саласында көптеген реформа жасаған ел. Сауда жолы мен инвестиция тарту арқылы билік айтулы жетістікке жетті. Бірақ бәрі бірдей табысты болды деу орынсыз. Себебі үкімет кедейліктен халқының біршама бөлігін жоғалтып, түрлі тәжірибені сынап көрді. 1950 жылы адамзат тарихындағы ауқымды апаттың бірі де осында болды. Мао Цзэдунның шаруа кәсібін жаппай индустрияландыру бағытындағы «Үлкен секіріс» жобасы сәтсіздікке ұшырап, 1959-1961 жылы 40 миллионға жуық адам көз жұмған. Ал 2012 жылы 9,6 миллион халық кедей аумақтан көшіп, ауылдар қаңырады. Бұл үлкен сабаққа айналды. Автор да кедейлік деңгейі іс жүзінде түбегейлі шешім таппағанымен, айтарлықтай төмендегенін жасырмайды. Бүгінде жағдай тұрақталып келеді. Түрлі салада даму байқалып, септігі тиюде. Тіпті Standard Chartered корпорациясы 2030 жылға қарай Қытайдың жұмыс күшінің 27 проценті жоғары білімді болады деп болжаған еді.
Хабар соңында Джон Садворт Си Цзиньпиннің кедейлікпен күресте «Қытай моделіне» қол жеткізгені айтылған.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: