Сурет: massaget.kz
Әлем назары Израйль мен Палестина арасындағы соғысқа ауған шақта орыстар тағы бір «жіптің» ұшын шығарды. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың қалай аяқталатыны белгісіз. Егер Ресейдің жеңілетіні анық болса, олар атам бомбасын жара ма?
Біз бұл мәселені неге көтердік? Өйткені қазанның басында Ресей президенті Владимир Путин «Валдай» форумында «ядролық қаруды сынамау туралы құжаттың ратификациясын неге кері қайтармасқа?» деп пікір білдірген. Ресей басшысының бұл сөзі көп ұзамай шындыққа айналды. 17 қазанда Ресейдің Мемлекеттік Думасы ядролық қаруды сынамау туралы құжаттың ратификациясын кері қайтарыпты. Демек солтүстіктегі көршіміз ядролық қаруды сынауға да қарсы емес деген сөз. «Жас алаш» газетінің сайтына шыққан ақпаратта аталған құжатты талқылау іске асып, Ресей Мемлекеттік Думасы бірауыздан ядролық қаруды сынамау туралы құжат ратификациясын кері қайтаруға дауыс бергені жазылған.
Ресейлік депутаттар қандай құжатты кері қайтарды дегенге келейік. Бұл 1996 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының ұсынысы бойынша қабылданған келісім еді. Әрі планетамыздың қауіпсіздігі үшін жасалған маңызды қадамның бірі болатын. Ресей тарапы келісімді 2000 жылы ратификациялаған. «Валдай» форумында Путин АҚШ ядролық қаруды сынамау туралы құжатқа қол қойса да, келісімді ратификацияламағанын айтып, Ресей де ратификация күшін жойса әділ боларын ескерткен. Бұл келісімнің кез келген ядролық жарылысқа тыйым салатын күші бар еді. Мейлі ол әскери мақсатта болсын, тіпті бейбіт мақсаттағы сынақ болса да рұқсат жоқ еді. Енді Ресей бұл келісімді бұзып, құжатты кері қайтарып отыр. Иран, Израиль, Қытай, Мысыр, АҚШ сынды ядролық қаруға ие елдер келісімге қол қойған. Бірақ АҚШ парламент деңгейінде ратификациялаған жоқ. Ресей басшысының алға тартып отырғаны да осы. Дегенмен бұл құжатты Үндістан, Пәкістан және Солтүстік Корея секілді қолында ядролық қаруы бар өзге елдер мойындамаған.
Ақпарат көздеріне сүйенсек, РФ СІМ орынбасары Сергей Рябков Ресей мұндай қадамға бармас үшін АҚШ-тың құжатты ратификациялауын 23 жыл күткенін мәлім еткен. Ал Песков болса ратификацияны кері қайтару ядролық сынақ өткізеді дегенді білдірмейтінін жеткізді. Енді мына қызыққа қараңыз. «Валдай» отырысында Путин жаңа зымыранның сынақтан сәтті өткенін айтқан. «Мамандар айтқандай, кез келген қару нәтижелі болуы үшін, оны әбден сынақтан өткізу керек. Мен қазір сынақ жасау немесе жасамау туралы айта алмаймын, алайда АҚШ әрекетіне қарап қимылдаймыз», – деді Путин.
Ресейде ядролық қаруға қатысты ұсыныс бұған дейін де айтылған. Алысқа ұзамай-ақ осы жылдың маусымында ресейлік саясаттанушы Сергей Караганов Украинаны Батыс тарапынан қолдауды тоқтату үшін ядролық қару қолдану керектігін айтқанын дерек етсек те жетеді.
Ресей ядролық қару жара ма, жармай ма, әзірге ол жағы белгісіз. Түптеп келгенде соғыстың қалай өрбитінін біз білмейміз. Тіпті кейбір ақпараттың қайсысы шынайы, қайсысы жалған екенін де ажырату қиын. Дегенмен бірді-екілі дерекке тоқтала кетейік. ВВС-де өткен жылдың 1 наурызында Путиннің Ресейдегі ядролық қаруды ерекше дайындық жағдайына көшіру туралы бұйрығы шыққаны жазылған. Дерек «Сколько ядерного оружия есть у России и стоит ли его опасаться?» деген материалдан алынып отыр. Ал «Азаттық радиосының» осы жылдың 2 қарашасындағы ақпаратына сүйенсек, В.Путин ядролық қаруды сынамау туралы құжаттың ратификациясын кері қайтару туралы заңға қол қойған. «Азаттық радиосының» орыс редакциясы «Что у Путина в голове?» Готова ли Россия применить ядерную бомбу» деген мақала жариялаған. Сергей Добрынин жазған материалда ядролық қаруды сынамау туралы құжат Путинді ұстап тұрған жалғыз кедергі екені де баян етілген.
А.БЕК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!