Сенбі, 27 сәуiр, 09:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ресей-Украина: Пекин Мәскеуге көмектесе ме?

20.09.2022

673 0

Украина жерінде Ресейдің шабуылы әлі күнге дейін жалғасуда. Дегенмен соңғы аптада Украина әскері ресейліктерге тойтарыс беріп, біраз жерін кері қайтарып алды. Ал батыс елдерінде НАТО-ны қолдап, Ресейге қарсылық білдірушілер қатары артуда. Осы орайда CNN арнасының тілшісі Люк Макги «Путинге Украинадағы сәтсіздіктерінен кейін Си Цзиньпиннің көмегі қажет» тақырыбымен сараптамалық мақала жариялады.

Ақпанның басында Ресей президенті Владимир Путин Бейжіңде Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездескен еді. Саммитте екі басшы үнемі дамып келе жатқан байланыстарын атап өтіп, НАТО-ның кеңеюіне қарсы екендерін білдірген. Сол жиыннан кейін үш апта өткен соң Ресей Украинада өзінің «арнайы операциясын» бастаған еді. Алайда саммит барысында соғыс тақырыбы көтерілгені-көтерілмегені белгісіз.

Украинадағы соғыс басталғалы Путин ең қиын аптаны бастан өткерді. Себебі Киев ресейлік әскерге тойтарыс беріп, оларды кері шегінуге мәжбүр етті. Есеп бойынша Украина өзінің 6000 шаршы шақырым жерін кері қайтарып алған. Бұл Мәскеудің сәуірден бергі соғысында басып алған жерінен де көп. Бұл әлемдік аренада Путиннің имиджіне кері әсер етіп, жақтастарын азайтқаны сөзсіз.

«Путинге қарсылық білдірушілер Ресейде де бар және олар дегеніне жетуге де аз қалды. Бақытына орай, Путин Өзбекстандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында бейсенбіде соғыс басталғаннан бері Си Цзиньпинмен алғашқы кездесуін өткізді.

Соғыс басталғаннан бері Ресей мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты жақсарту үшін көп нәрсе жасалуда. Сарапшылардың пікірінше, Путин шайқас алаңындағы сәтсіздіктерден кейін Бейжіңге бұрынғыдан да көбірек сенетін болады», − деп жазады мақала авторы.

Венадағы Аустрияның Еуропалық және қауіпсіздік саясаты институтының директоры Велина Чакарова: «Ресей Қытайға сенім арту арқылы әлемге олардың берік байланысы батыстың қатаң санкцияларын «сәтсіздікке ұшырату» символы ретінде көрсеткісі келеді», − дейді.

Батыстың Ресейге деген қарсылығы күшейіп, НАТО-ға мүше елдердің саны көбейіп, Украинаға көмектесіп жатқан кезде, әлемдегі батысқа қарсы ең күшті елдің қолдауы Путинге үлкен өзгеріс әкелетіні сөзсіз.

«Қытайдың қолдауы Мәскеуге азық-түлік дағдарысы үшін Еуроодақтың санкцияларын, соғыстың басталуына НАТО-ны айыптауға көмектеседі. Нәтижесінде АҚШ бастаған «Батысқа» қарсылық білдіру және Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнату оңай тиеді», − дейді Чакарова.

Соңғы уақытта Ресей Қытайдың қолдауына ие болуда. Мәселен, өткен аптада Қытайдың жетекші заң шығарушысы Ли Чжаньшу Мәскеуде Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы және басқа да ресейлік депутаттармен кездесті.

Думаның хабарлауынша, Ли: «Қытай Ресейді оның өмірлік мүдделерін білдіретін мәселелерде, атап айтқанда Украинадағы жағдайды түсінеді және қолдайды. Біз АҚШ пен оның НАТО-дағы одақтастары Ресей шекараларына жақын жерде өздерінің қатысуын кеңейтіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл ұлттық қауіпсіздік пен Ресей азаматтарының өміріне қауіпті», − деп айтқан.Алайда бұл сөздер кездесудің қытайлық хаттамасында болмаған. Сондықтан Қытайдың Ресейге техникалық қолдау көрсетуге қаншалықты дайын екендігі туралы сұрақ туындайды.

«Әрине, Қытай Ресейдің ыдырауын қаламайды, ал идеалды әлемде Путиннің тұрақты басшылығы бәрінен де маңыздырақ болар еді», − дейді Лондон Корольдік колледжінің синология профессоры Керри Браун. Алайда ол «Украина Бейжіңнің құтылғысы келетін «проблемасы» болады. Әрине, Қытай НАТО мен Батысқа сенбейді, бірақ бұл оның Ресейдің ең жақын досы дегенді білдірмейді», − деп атап өткен.

Екі ел арасындағы сауда соғысқа қарамастан 2022 жылдың алғашқы алты айында күрт өсті. Қытай өткен аптада ғана ресейлік газды доллармен емес, юаньмен және рубльмен төлеуді бастауға келісіп, ресейлік энергия экспортына салынған көптеген санкциядан бас тартты. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, соғыс жалғасып жатқан кезде Ресейге әскери көмек көрсету Қытайдың жоспарында жоқ.

Украинаның демалыс күндеріндегі жеңісі, халықаралық санкциялар, экспорттық бақылау және Мәскеудің стратегиялық қате қадамдары Ресейдің әскери жеткізу мәселесінде қиындықтарға тап болуы мүмкін екенін айқын көрсетті. Өткен аптада америкалық шенеунік CNN телеарнасына Путин Солтүстік Кореядан миллиондаған зымыран мен артиллериялық снаряд сатып алып жатқанын айтқан.

«Бұл дегеніміз қару қоры сарқылуға жақын дегенді білдірмейді, бірақ кеңірек немесе болашақ соғыс қорына өтуі мүмкін. Тіпті соғыс бүгін аяқталғанның өзінде Украинада жоғалтқан қарудың орнын толтыруға біраз жыл керек», − дейді халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері Джозеф Демпси.

Мәскеуде қытайлық ақша қаншалықты жақсы қабылданғанмен, соғыс неғұрлым ұзаққа созылса Ресейдің қаржылық тапшылығы соғұрлым нашарлауы мүмкін. Экспорттық бақылау қару-жарақтарды импорттауды қиындатады. Егер Қытай көмектеспесе Ресейдің жағдайы қиындамақ.

Тілші Люк Макги мақаласын: «Путин мен Си Цзиньпиннің кездесуінен кейін Мәскеу жаңа экономикалық байланыстарды жүзеге асыратыны сөзсіз. Пекиннің де Батысқа деген көзқарасын өзгертуі екіталай. Дегенмен Си Ресейдің Батыс салған санкцияларынан айналып өтуіне толық жағдай жасайтынына сену қиын. Соңғы күндері көп шығынға ұшыраған, соғыстың алғашқы күндері-ақ жеңіске жететініне сенімді болған «адамды» бұл ойландыратыны анық», − деп түйіндейді.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

А.ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: