15 сәуірден бастап Судан мемлекетінде қорғаныс күштері мен әскери құрылым арасында қақтығыс орнады. Қарулы қақтығыстың кесірінен қарапайым азаматтар арасында қаза тапқандар саны көбейді және алдағы уақытта азаматтық соғысқа ұласу қаупі бар. Міне, осы себептен мемлекеттен еуропалық елдің бірқатары өз дипломаттарын елге қайтарып алу үшін бар күшін салуда. Бұл туралы CNN арнасында Элиза Макинтош пен Нун Салифтың авторлығымен «Судандықтар соғысып жатқанда шетелдік державалар өз азаматтарын құтқаруда» деген тақырыптағы мақала жарық көрді.
Ұлыбритания жексенбіде Суданнан барлық азаматын қайтарғаны туралы мәлімет таратты. Басқа мемлекеттер де азаматтарын елге қайтарудың қамын жасауда. Арна тілшілерінің мәліметінше, АҚШ-тың арнайы күштері сенбі күні 100-ге жуық адамды, соның ішінде АҚШ елшілігінің қызметкерлерін қайтарған. Одан бөлек америкалық шенеуніктер арнайы күштер басқа елдерден келген аздаған дипломатты да қауіпсіз жерге көшіруге көмектескенін мәлімдеген.
Қазіргі кезде эвакуация күшейген қақтығыстарға байланысты қиындауда. Бір аптадан астам шайқастың ортасында тұрған екі тарап − Судан армиясы мен Жедел қолдау күштері (RSF) деп аталатын әскерилендірілген топ бір-бірін айыптауда. Әсіресе Францияның эвакуациялау кортежі Суданнан шықпақ болған кезде оқ жаудырып, франциялық азамат жарақаттанғаннан кейін қырғи-қабақ күшейді.
Каир сыртқы істер министрлігі де эвакуациялау кезінде Судандағы Египет елшілігінің бір қызметкері оққа ұшқанын хабарлады.
Судан астанасы Хартумдағы қақтығыстар тоғызыншы күні күшейді. Жалпы Суданның әскери басшысы генерал Абдул Фаттах әл-Бурхан және Жедел қолдау күштері қолбасшысы генерал-лейтенант Мұхаммед Хамдан 2021 жылы әскери төңкеріс нәтижесінде елді басқаруды басып алып, билікті азаматтық үкіметке беруі керек еді. Бірақ оның орнына олар бір-біріне қарсы шықты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, қақтығыста 420-дан астам адам қаза тауып, 3700-ден астам адам жарақат алған. Медициналық қызметке қолжетімділіктің жоқтығынан гуманитарлық жағдай нашарлап, көбі тамақ пен сусыз қалған.
Негізгі халықаралық әуежай әлі жабық болғандықтан, көптеген судандық бейбіт тұрғын үйлерінде қамалып отыр немесе елден оның құрлық шекаралары арқылы қашу жолдарын табуға тырысуда. Ал интернетке қолжетімділікті шектеу бұл мүмкіндіктерді одан әрі қиындатуда.
Екі тарап өзара бітімге келуге тырсқан еді. Соның ішінде Ораза айт кезінде оқ атпау туралы келісім болған. Бірақ соңғы жаңалықтар бұл келісімдердің орындалмағанын дәлелдеп отыр. Хартумның кей аумағындағы тұрғындар «CNN»-ге жексенбі күні таңертең соғыс қимылдарын тоқтатудың белгісі жоқтығын, өйткені таңғы уақытта әуе соққылары, ауыр артиллерия, жарылыстар мен атыс-шабыспен оянғанын айтқан. Тұрғындар қала орталығындағы әскери штаб пен президент сарайының айналасында қақтығыстар болып жатқанын хабарлады.
Соғыс қимылдарының күшеюіне және қауіпке қарамастан, шет елдердің үкіметі құтқару миссияларын жариялауды жалғастыруда және өз азаматтарын шығаруды жоспарлап отыр.
Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак: «Жексенбіде елшілік қызметкерлеріне қауіп төнгендіктен Ұлыбритания британдық дипломаттар мен олардың отбасыларын «күрделі және жылдам» эвакуациялауды аяқтады», − деп хабарлады. Франция Сыртқы істер министрлігі де Суданнан дипломатиялық қызметкерлер мен француз азаматтарын «жедел эвакуациялау операциясы» Еуропалық және одақтас серіктес елдермен келісіліп жатқанын айтты.
Сонымен қатар Швеция парламенті Риксдаг швед және шетелдік азаматтарды эвакуациялауға көмектесу үшін 400 сарбаз жіберуге рұқсат берді. Ал Испания өз азаматтарын Суданнан қауіпсіз эвакуациялау үшін ұшақтардың қону алаңын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуде.
Мысыр Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Египет Хартумнан тыс жерде орналасқан өз азаматтарын Мысырдың құзырлы органдары эвакуациялауға дайындалу үшін оларды ең жақын нүктеге баруға шақырды.
Түркия жарылыстардан қорғау мақсатында өз азаматтарына ұсынған жерлерге жиналмауды ескертті. Өйткені түркиялық билік эвакуациялау жұмыстарын кейінге қалдырды. АҚШ мемлекеттік консулдық істер департаментінің мәлімдемесіне сәйкес, АҚШ азаматтары өз көлігін пайдаланатын болса Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркия ұйымдастырған эвакуациялық конвойларға қосылуға кеңес берді. «CNN» арнасының дерегі бойынша, Суданда шамамен 16 000 американдық азамат бар және олардың көпшілігінің қос азаматтығы бар.
Хартумда тұратын судан және американдық журналист Исмаил Кушкуш 29 тұрғынмен, соның ішінде балалар мен шетелдік азаматтармен бірге Хартум орталығында президент сарайының жанындағы ғимаратта бірнеше күн қамалып қалған.
«Бес күннен бері жарық та, су да жоқ. Бөтелкеде қалған суды пайдаланып отырмыз. Азық-түлік қоры таусылып барады. Қақтығыс ошағына жақын орналасқандықтан президент сарайынан екі блокта орналасқан ғимараттан шыға алмай отырмыз», − деді ол «CNN»-ге жіберген мәтіндік хабарламасында. Кейін топ қауіпсіз жерге көшірілген.
Пайдаланушылар «WhatsApp» пен басқа әлеуметтік желілердегі топтық чаттарда басқалары суды қайдан алуға болатынын, телефондарды зарядтауды, дәрігерлерді табуды және Хартумнан қауіпсіз, ұрыссыз жолдарды табуды талқылауда. Көпшілігі Мысырға қоғамдық көлікпен баратын жолдар туралы кеңес сұрап жатыр екен.
Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!