Бейсенбі, 02 мамыр, 15:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Таулы Қарабақтағы қақтығыстың Қазақстанға әсері қандай?

20.09.2023

360 0

19 қыркүйекте Әзірбайжанның қорғаныс министрлігі Таулы Қарабақ аймағында «антитеррористік шара» басталғанын мәлімдеді. Ал қазақстандық сарапшылардың сөзінше, екі елдің арасындағы қақтығыс елімізге әсер етпей қоймайды. Ал саясаткер Дос Көшім бұл мәселеде Қазақстан «әділдікті таңдауы» керек дейді, деп хабарлайды Stan.kz.

Әзірбайжан билігі «антитеррористік шара» аясында Армения әскерін Таулы Қарабақтан шығарып, «конституциялық тәртіпті қалпына келтірмек». Әлеуметтік желідегі деректерге сүйенсек, Степанакертте әуе дабылы іске қосылған. 

Ал Арменияның қорғаныс министрлігі «Қарабақ аймағында армян әскері жоқ» екенін мәлімдеді. Ресей Федерациясының сыртқы істер министрлігі екі елді әскери қақтығысты тоқтатып, мәселені дипломатиялық жолмен шешуге шақыруда.  

Қазақстан қазір қиын жағдайға тап болды

Саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев Армения мен Әзірбайжан арасындағы қақтығыстың ондаған жыл бұрын басталғанын атап өтті. Дегенмен бұл жанжалға алдағы уақытта басқа елдер де араласуы мүмкін екенін айтады. 

«Қазақстан мен Армения мүшелік ететін ҰҚШҰ Ресейдегі шешен соғысы кезінде құрылған еді. Бірақ бұл жанжалға басқа елдердің араласуы ғажап емес. Мәселен, Иран мен Арменияның қарым-қатынасы өте жақсы. Әрине, Иран Әзірбайжанмен де жақсы байланыста, бірақ Арменияны көбірек қолдайды», – дейді ол. 

Маманның сөзінше, ҰҚШҰ-ға қазақстандық саясаткер Иманғали Тасмағамбетовтің басшылық етуі де елімізге ерекше әсер етеді екен. 

«Әлбетте, қарулы қақтығыс туралы ақпарат Қазақстанды қиын жағдайға қалдырып отыр. Меніңше, Тасмағамбетов мәселені шешу үшін түрлі кездесулер мен жиындар өткізеді. Ал Қазақстанның сыртқы істер министрлігі жанжалды бейбіт жолмен реттеуге шақырады», – деп қосты ол. 

Саясаттанушы қақтығыстың дәл қазір басталу себебін де айтты. Оның пайымдауынша, “арнайы операцияның” артында белгілі тұлғалар тұруы мүмкін. 

«Әр соғыс – үлкен саяси қадамның бір бөлігі. Қақтығыстың артында кімнің тұрғаны белгісіз. Мысал үшін, жанжал одан әрі ушықса, онда Ресей бұдан тыс қалмайды. Түркия мен Иран да араласады. Егер қақтығыстың мақсаты Иранды соғысқа араластыру болса, онда жанжалдың лебі

Израильді айналып өтпейді. Өйткені Иран мен Израильдің қарым-қатынасы қаншалықты ушығып тұрғаны айтпаса да белгілі. Салдарынан “үлкен жарылыс” орын алады», – деді ол. 

Қазыбек Бейсебеков әлемде жаңа тәртіп орнап жатқанын қосып өтті. 

«Үлкен, күшті мемлекеттер өз позициясын нығайтқысы келеді немесе қарсыласына жауап қайтаруды көздейді. Ал біз бұл жағдайда тек «бақылаушымыз», қақтығыс біздің қызығушылығымызда емес. Сыртқы істер министрлігінің бейбітшілік туралы мәлімдемесі құр ауыз сөз деуге келмейді. Біз расымен бейбітшіліктің болғанын қалаймыз, себебі жанжал ушықса Қазақстан қиын жағдайға тап болады», – деп түйіндеді ол. 

Қазақстан әділдікті таңдауы керек

Саясаттанушы Дос Көшім Армения мен Әзірбайжан арасындағы қақтығыс әлі де аяқталмайтынын айтады. Өйткені Таулы Қарабақтың басты қаласы бүгінде Арменияның басқаруында дейді. 

«Бұл мәселенің шешімі әлі шыққан жоқ. Тіпті Ресеймен үшжақты келісім жасалғанымен, нүктесі әзірге қойылмайды. Ал Қазақстан қандай бағытты ұстануы керек? Мұнда ойланатын нәрсе жоқ. Еліміз қай одаққа мүше екені маңызды емес, бастысы – әділдік. Әділдік кімнің жағында? Әрине, әділдік Әзірбайжанның жағында. Меніңше, Қазақстан Әзірбайжанмен достық-бауырлас қарым-қатынасын сақтап қалуға тырысқаны жөн», – дейді саясаттанушы. 

Дос Көшімнің айтуынша, Әзірбайжан қазіргі таңда өз мәселелерін шешуге кіріскен. 

«Арменияның радикалды тобы Қарабақта да, Арменияда да отыр. Сондықтан олар жасаған арандатушылық әрекетке Әзірбайжан жауап беруге мәжбүр. Бұл соңына дейін сөндірілмеген от секілді, әлі де тұтанып кетуі ықтимал. Екі ел арасындағы қақтығыс бұған дейін де болған, бірақ «Әрі қарай жалғаса ма?» деген қорқыныш сейілмей тұр», – деп аяқтады ол.

Еске салайық, бұған дейін Әзірбайжан Таулы Қарабақта «жергілікті сипаттағы терроризмге қарсы іс-шараларды» бастағаны туралы хабарлаған еді. Баку Арменияның қарулы күштерін территорияларға қауіп төндіріп, оқ жаудырды және жауынгерлік позицияларды жақсарттыі деп айыптады.

«Армения Қарулы Күштері құрамаларының позициялары, олардың ұзақ мерзімді атыс нүктелері, сондай-ақ жауынгерлік құралдар мен әскери мақсаттағы объектілері істен шығарылады», –  делінген қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: