Жексенбі, 22 желтоқсан, 06:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ұлыбританияда жаңа заң

13.02.2021

1418 0

Қазіргі кезде Ұлыбританиядағы эпидемиологиялық ахуал көңіл көншітпейді. Сондықтан елде шектеу шаралары мейлінше қатаңдауда. Жақында Ұлыбритания үкіметі ахуалдың күрделенуіне байланысты жақын уақыттағы саяхаттарын жасырып қалғандарды 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы заң қабылдаған еді. Алайда бұл заңға наразылық білдірушілер табылды. Мәселен, Жоғарғы соттың экс соты Лумпс «Зорлық-зомбылық қылмыс жасаған адам бұдан аз жылға қамалады», – деп заңға қарсылығын білдірді. Бұл туралы «ВВС» арнасы «Covid-19: Саяхат жайлы жалған ақпарат үшін тағайындалған 10 жыл түрмеге қамау заңы ақталды» атты арнайы бағдарлама дайындады.
Бағдарламада шектеулердің күшейтілуі, жаңа заңға қарсы болғандардың пікірі мен Ұлыбританиядағы ахуал туралы айтылған. Жақында Ұлыбританияның көлік министрі Грант Шаппс «халық бізден қатаң шараларды күтеді, ал жаңа заң сол шараны бұзудың ауыр қылмыс екенін дәлелдейді», – деді.
Дүйсенбіден бастап Англияға «қызыл аймаққа» енген елден келгендер 1750 фунт стерлинг төлеп, 10 күн қонақ үйде оқшаулануы тиіс. Сондай-ақ олар елге келгенде алынатын ПЦР тестің де ақшасын өз қалтасынан төлеуге міндеттелді. «BBC» арнасының пайымдауынша, мұндай шектеу шараларын қабылдаудың басты себебі үкіметтің елде егіліп жатқан вакцинаның коронавирустың басқа штаммдарын тоқтата алмауы деген ойда.
Осы орайда министр Шаппс британдықтарға ел ішіне де, шетелге де саяхаттамауға және алдын ала билет сатып алмауға кеңес берді. Оның айтуынша, елдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру қиынға түсуде және алдағы күндері не болатынын ешкім болжай алмайды.
Лорд Сампшн «Daily Telegraph» газетіне берген сұхбатында денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкокты шынайы өмірден алыстап, ойға қонбайтын шаралар қабылдады деп айыптауда.
– Он жыл – өлімге дейін жеткізбеген қасақана улау, әдейі шабуыл жасау және өлім қаупіне жеткізетін қылмысқа берілетін максималды жаза. Хэнкок мырза расымен Португалияға барған сапарын жасырып қалғаны үшін осындай жаза қолданбақ па? Жалпы атыс қаруын қолданғаны, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаға тартылғандар ең көбі 7 жылға түрмеге жабылатынын біле ме екен? – деді Сампшн өз сөзінде.
Ал Парламенттің бұрынғы өкілі, экс бас прокурор Доминик Грив «10 жылдық» жаза тым әсіреленген қателік деп санайды. Ол «BBC Radio 4-тің» «Бүгін» атты бағдарламасында: «Шынтуайтында, мұндай жазаны сот ешкімге қолданбайтындықтан, ешкім 10 жылға қамалмайды. Десе де, үкімет жағдайды тұрақтандыру үшін мейлінше қатаң жазалар қолданып жатқанын түсіндім», – деді.
Арна дайындаған арнайы бағдарламада Ұлыбританиядағы жаңа заңдар туралы да айтылады. Мысалы, арнайы белгіленген қонақ үйде 10 күндік карантинге жатпаған адам 5 мың фунт стерлингтен 10 мың фунт стерлингке дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді. Ал өзінің сапары туралы ақпаратты шетелден келгенде толтырылатын анықтамаға бұрмалап жазған адам 10 жылға сотталуы мүмкін. Шаппстың айтуынша, ең ауыр қылмыс жасағандар 10 жыл түрмеге қамалмақ.
Сондай-ақ министр британдық қоғам қонақ үйдегі карантиннен қашқандарға одан да ауыр жаза тағайындалуы мүмкін екенін айтты. Министр берген ақпарат бойынша, апта сайын Ұлыбританияға 33 елден 1300-ге жуық адам келеді екен. Олардың ішінде «қызыл аймақта» тұрған Португалия, Бразилия мен Оңтүстік Корея да бар.
Қазіргі кезде британдықтар үшін халықаралық қатынастардың барлық түріне тыйым салынған. Тек кейбір елдерге жұмыс бабымен, емделу, білім алу мақсатында баруға рұқсат етілген. Мерекелер тойланбайды. Ұлыбритания шет мемлекеттермен бүгінде келіссөзге келіп, әр келушіден ПЦР тесті мен вакцина салынғаны туралы анықтама сұралатын болды.
Ал денсаулық сақтау министрі Хэнкок: «Біз қойған талаптарды бұзғандар, біздің басымызды қауіпке тігеді», – деді. Ол «ВВС-ге» берген сұқбатында шетелге ұшатын адамдардың барлығына жаңа заң жүйесі ескертілетінін және келісімді білдіретін құжатқа қол қойылатынын айтты.
Арнаның тілшілері мұндай шектеу шаралары қашан күшін жоятынын сұрағанда Хэнкок мырза: «Біз бұдан шығып, тезірек қауіпсіз халықаралық қатынасқа шығуды көздеп отырмыз», – деді.
Бұл орайда Швейцария үкіметі де тиісті шара қабылдап, Англиядан келгендерді 10 күндік карантинге жатқызбақ. Арнайы бағдарларманы дайындаған авторлар Швейцарияның мұндай шешім қабылдау себебін қауіпсіздік емес, бәсекелестік үшін деп түйген. Олардың пайымдауынша, Ұлыбританияға келгендер өздерімен ПЦР тестін ұстап жүру керек, болмаған жағдайда айыппұл төлеуге міндетті. Бұл орайда британдық шекарашылар келушілердің бәрін бірдей емес, таңдап тексеретіні айтуда.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған Аслан Нұразғали

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: