Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 06:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жасанды жаңбыр жаудырды

27.07.2021

1693 0

Уақыттың ілгерілегеніне адамзат баласы да ілесе отырып, күн сайын жаңалықтар ашуда. Жаңа ілім мен ғылымды, технологияны осы ХХІ ғасырда көп­теп игеруде. Желіде жаға ұстатар жаңалық, таң­дандырар ақпарат легі толып жүр. Соның бірі – жақында Араб Әмірлігінде төбеден жасанды жаң­быр жаудырғаны. Кәдімгі табиғаттың тамашасы сана­латын жаңбыр. Бірақ ол жаңбыр өзгерек…

Жалпы Біріккен Араб Әмірліктерінде жылдық жауын-шашын мөлшері небәрі 100 миллиметрді құрайды. Оның үстіне жылдың көп мезгілінде күн ыстық болып, жазда температура 50 градусқа дейін көтеріледі. Міне, осындай аптап ыстық кезінде Ұлттық метеорология орталығы нөсер жаңбыр жаудырды. «Бұлт себу» деп аталатын технология арқылы аспаннан жауын жаудыру үшін олар дрондарды қолданған.

Жасанды жаңбыр жаудырды

«Жаңбыр БАӘ-дегі Хатта ауылының солтүстігіне қарай Худжар тауында, Вади аль-Хилю, Кальба роуд пен Хувайлат аудандарында жауды», – деп хабарлады Араб әмірлігінің «Марказ аль-Асифа» атты жауын-шашын порталы. Синоптиктердің хабарлауынша, әдетте жаңбыр жаздың кезінде жаумайтын. Дегенмен жаңа технологиялы дрон­дардың арқасында жауын-шашын «шақыру» мүмкіндігі пайда болған.

Дрондар жаңбырды қалай жауды­рады? Олар электр разрядтарын жіберіп, соның әсерінен судың молекулалары бірігеді. Нәтижесінде аспан бұлттанып, қою қара тұманның әсерінен нөсер жерге төгіледі. Бір қызығы, бұл ат­мосфералық жауын-шашынды жасау кезінде ешқандай химиялық заттар қолданылмайды. Яғни табиғатқа алып келер ешқандай зардабы жоқ.  Жаңа технологияның арқасында БАӘ-нің бірқатар елді мекенінде 1 апта бойы жаңбыр жауған.

Өткен жылы Дубайда арал құры­лысымен айналысатын «Kleindienst Group» компаниясы климатты жасанды бақылау жобасы туралы айтқан бола­тын. 1 шақырымды құрайтын «Жаң­быр көшесінде» олар жыл сайын то­ластамайтын жаңбыр жаудыруды және ол жердегі температураны 27 градуста сақтап тұруды жоспарлап отыр.

Ал қазіргі кезде жасанды жаңбыр жаудыру жобасымен Дубайдың «Sanad» академиясы британдық «Рединг» уни­верситетімен бірігіп айналысуда. Эксперимент Әмірліктің құрғақ және ыстық жерлерінде жасалуда. Зерттеуді профессор Джайлс Харрисон басқаруда. Ғалымдар Араб әмірлігінің Ұлттық метеорология және сейсмология орта­лығынан 5,5 млн дирхам, яғни 1,5 млн АҚШ доллар грантын жеңіп алған. Бұл қаражатты олар жылына 2,2 млн дирхамнан асырмай, 3 жыл пайдалануды жоспарлап отыр. Негізінен бұл жобаның бастапқы идеясын Рединг университеті 2017 жылы ұсынған.

«Зарядталған дрондардың әлеуеті, жаңбыр жаудыра алатыны туралы бірнеше болжам болды. Дегенмен бұл болжамды іс жүзінде жүзеге асырып, егжей-тегжейлі зерттеу маңызды бол­ды», – дейді зерттеу тобының бас ғалымы Кери Николл. Олардың басты мақсаты судың молекулаларын барынша үлкен етіп түзу. Соның нәти­жесінде бұлтта түзілген су тамшылары жерге жете алады.

P.S. Бұл жоба жаңа заманның, жаңа заманның ырқына көнген адамның жетістігі екені анық. Егер де шынымен де табиғат Анаға, қоршаған ортаға ешқандай зиянын тигізбейтін болса нағыз құптарлық іс. Алдағы уақытта мұндай істі әлемнің өзге елдері де қолданарына сенім мол. Дәл қазір елде орын алған қуаңшылық кезінде осылай төбеден нөсерді төгер ме еді, шіркін деп армандаймыз. Қысқасы, жобадан жақсы жаңалық күтеміз.

А.ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: