Бейсенбі, 25 сәуiр, 15:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«ДХР» мен «ЛХР»: Тәуелсіздіктен соғысқа дейін

26.02.2022

818 0

Ресей президенті Владимир Путин 21 ақпанда Донецк пен Лугансктың тәуелсіздігін мойындайтынын айтып, тиісті жарлыққа қол қойды. Бұған дейін Донецк пен Луганск басшылары Денис Пушилин мен Леонид Пасечниктің өздері тәуелсіз деп жариялауды сұраған болатын. Онсыз да от пен оқтың алдында тұрған «Ресей-Украина» ахуалы осы шешімнен кейін қиындай түсті. Донбасстағы оқиғалар хронологиясына тоқталып, саяси шешімді саралауды жөн көрдік.

21 ақпан кешкілік уақытта қабылданған шешімді Еуроодақ елдері құптамайтыны анық. Бұған Путиннің мәлімдемесінен кейін Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Жозеп Борреллдің «Еуроодақ елдерінің барлығы Донецк пен Луганскінің тәуелсіздігін мойындауына бірауыздан жауап береді», – деген сөзі дәлел. Онымен қоса Еуроодақ Ресейді халықаралық құқықты, Украинаның аумақтық тұтастығын және Минск келісімдерін өрескел бұзды деп айыптады.

Алайда Ресей президенті ештеңеге қарамастан «ДХР» мен «ЛХР» деп жариялады және ресейлік әскерге ол жерлерде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау миссиясы тапсырылды. «Донецк Халық Республикасы басшысының РФ Қорғаныс министрлігіне жолдаған үндеуіне байланысты осы Жарлықтың 3-тармағында көрсетілген келісім жасалғанға дейін Ресей Федерациясының Қарулы Күштері мен Қорғаныс министрлігі Донецк Халық Республикасының территориясында бітімгершілік қызметін атқарады», – делінген тапсырмада. «ЛХР» жерін қорғау үшін де дәл осындай тапсырма жүктелді.

Дегенмен Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің шешіміне келіспей, өз елінің шекарасындағы аумақты шет мемлекеттердің тәуелсіз деп жариялағанына қарамастан ел шекарасы өзгермейтінін айтты. «Біз өз жерімізде ешкімнен де, ештеңеден де қорықпаймыз. Өзгелерге де ештеңе бермейміз. Біз бұған сенімдіміз. Өйткені қазір 2014 жылдың ақпаны емес, 2022 жылғы ақпан. Қазір бізде жаңа ел, жаңа әскер. Ал біздің басты мақсат – Украинадағы бейбітшілік», – деді Зеленский 22 ақпандағы мәлімдемесінде.

Ұлыбритания Путин жасаған шешімге қарсы келіп, әдеттегідей санкциялар енгізді. Оның ішінде Промсвязьбанк, Өнеркәсіптік жинақ банкі, Черномор даму және қайта құру банкі, Генбанк және Ресей акционерлік банкіне және Путин мен оның үш жақынына индивидуалды санкция жарияланды. Алайда бұл санкциялар Ресейге айтарлықтай әсер етіп, райынан қайтара алған жоқ. Әлемдік сарапшылар да Ресей экономикасының түрлі санкцияға қарсы «иммунитеті» барын, шектеулер еш кедергі келтірмейтінін алға тартуда.

Ресейге қарсылық білдіру мақсатында Германия Еуропаға «көгілдір отын» тасымалдайтын «Солтүстік лек-2» (Северный поток-2) газ құбырының жұмысын тоқтатты. Америка да Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніне қызмет көрсететін «Промсвязьбанк» пен экономиканы дамыту жобаларын қаржыландыратын «ВЭБ» мемлекеттік инвестициялық банкіне санкция жариялады. Сонымен қатар ЦСКА футбол командасы да санкцияға ұшырады. АҚШ президенті Джо Байден Донецк пен Луганскті тәуелсіз деп жариялағаны үшін қолданылатын санкциялар 2014 жылғыдан да қатал болатынын ескертті.

ҚАЗАҚСТАН ШЕШІМДІ ҚОЛДАЙ МА?

Қазақстан әлі де болса Донецк пен Лугансктің тәуелсіздігін қолдау туралы шешім қабылдаған жоқ. Жалпы тек Қазақстаннан ғана емес ТМД-ның бірқатар елдері де Мәскеудің бұл шешіміне өз ұстанымдарын айқындаған жоқ.

ТМД елдерінен ең бірінші болып Грузия президенті Саломе Зурабишвили үн қатты. Ол бұл шешімді құптамайтынын айтып, 2008 жылғы сценарийдің қайталанатынын жеткізді. Алайда Венесуэла, Куба, Накарагуа, Абхазия, Оңтүстік Осетия мен Сирия секілді мемлекеттер ең бірінші болып Путин шешіміне қолдау білдіргендей болды. Дегенмен олардың арасында әлі де болса ахуалды бақылап, келешекте ахуалға байланысты өз шешімін қабылдайтын елдер бар.

22 ақпанда Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ДХР мен ЛХР-ге қатысты жауап беріп, Қазақстан Донецк пен Луганскіні мойындау мәселесін көтермейтінін айтты.

– Таяу сағаттың ішінде Қазақстанда Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Қазақстанның ресми ұстанымын қабылдаймыз. Бірақ Қазақстанның Донецк пен Луганскіні мойындау мәселесі көтеріліп отырмағандығына сендіргім келеді. Біз халықаралық құқық негіздерін және БҰҰ Жарғысының негізгі ұстанымдарын ұстанамыз. Қазір ахуал нашарлап, шиеленіс күшейіп бара жатқаны түсінікті. Сондықтан Қазақстан барлық халықаралық қоғамдастықты шиеленісті шешуде дипломатиялық күш-жігерді қолдануға шақырады әрі соған дайын, – деді Қазақстанның Сыртқы істер министрі.

Сондай-ақ Мұхтар Тілеуберді БАҚ өкілдерінің «Ресей өтініш білдірсе Қазақстан Донецк пен Луганскіге өз әскерін жібере ме?» деген сауалына да жауап берді. Оның сөзінше, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына Қазақстан кіретін болғандықтан заң бойынша ол жаққа әскер жіберуге құқы жоқ. Яғни, Қазақстаннан әскери көмек берілмейді.

Одан бөлек Украинадағы ахуалға қарамастан Қазақстан елшілігі өз қызметін тоқтатқан жоқ. Сондай-ақ ахуал ушыққан жағдайда қазақстандық азаматтарды Украинадан шығару мәселесі де талқыға салынды. Мұхтар Тілеуберді қандай да бір әскери іс-қимыл орын алған жағдайда елшілікке хабарласу керектігін ескертті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаға байланысты Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Президент Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың, Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың, Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың және басқа да ведомство басшыларының баяндамаларын тыңдады. Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев әскери-саяси және санкциялық текетірестердің нәтижесінде ушығуы мүмкін халықаралық ахуалға шұғыл әрекет ету үшін дағдарысқа қарсы жедел шаралар жоспарын қабылдау қажет екенін айтты.

Одан бөлек мемлекет басшысы Ресей Президентімен телефон арқылы сөйлесіп, Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Украина мәселесіне қатысты Ресей басшылығының ұстанымы туралы айтты.

Қысқасы, ресми ақпараттарға сүйенсек, Қазақстан Ресейді қолдайтыны немесе бұл шешімді құптамайтыны туралы сөз болмаған. Яғни, біздің билік бұл оқиғаға байланысты бейтарап жолды таңдады.

КҮН КҮРДЕЛІ БАСТАЛДЫ

24 ақпандағы таң Украина үшін күрделі болды. Жергілікті уақыт бойынша шамамен таңғы сағат 6-да Ресей Украина жеріне әуе күштерімен оқ атуды бастады. Владимир Путин бұл әрекетін Донбасс республикалары басшыларының өтінішіне жауап ретінде арнайы операция басталды деп түсіндірді. «Донбастағы республикалардың басшылары көмек сұрады. Осыған байланысты мен арнайы операция жүргізу керек деген шешім қабылдадым», – деді Владимир Путин телеүндеуінде.

Осыдан әлеуметтік желіде Украина жеріндегі қарулы қақтығыстар туралы ақпарат көптеп тарады. Желідегі жазбаларға сенсек, ресейлік әскер ең алдымен әуе күштерімен бомбаласа, кейінірек десанттық шабуылшы әскерлер қарулы атысты бастады. Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, ең алдымен Киев, Харьков пен Храматорск қалаларында жарылыстар естілген. Украинаның шекара қызметі Луганкстан Житомирге дейінгі барлық периметрден шабуыл басталғанын хабарлады.

Ресей Президентінің үндеуінен кейін Байден де үндеу жолдап, өз сөзінде «Путин адам шығыны көп болатын және қайғыға алып келетін соғысты таңдады. Украина жеріндегі адам шығынына Ресей жауап беру керек. Ресейдің бұл ісіне АҚШ пен оның одақтас елдері бірдей қатаң жауап қатады», – деді. Алайда бұған дейін Украинаға қару-жарақпен көмек берген АҚШ та, оның одақтас елдері де қарулы қақтығыста бас көрсетіп, украиналықтарға көмектескен жоқ. «АҚШ пен оның серіктестері Ресейге қатысты барлық мүмкін болған қатаң санкцияларды қабылдайды», – деп жазды CNN.

Ал Зеленский осы уақытта елде түгелдей «соғыс жағдайын» жариялап, Ресейге қарсы соғысатынын мәлімдеді. Бұл уақытта Украинаның қарулы күштері елдің 5 аэродромына ракеталық бомба бағытталғанын мәлімдеді. Алайда Украина президентінің сөзінше, ол мұндай жағдай болатынын білгендіктен аэродромдардан барлық әуе техникаларын алып тастаған. Түскі уақытта Украинаның ішкі істер министрлігі Ресей 24 облыстың 17-іне қарулы шабуыл жасағанын хабарлады.

– Украина Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасты бұзды. Ресей фашистік Германия секілді таңертең тұтқиылдан шабуыл бастады. Біз халыққа қару таратуды бастадық, – деді Зеленский өз үндеуінде. Одан бөлек ол орыс тілінде «Бүгін мен Ресей президентімен телефон арқылы сөйлестім. Нәтижесі – үнсіздік. Алайда үнсіздік, тыныштық Донбасста болу керек. Сондықтан мен бүгін Ресей халқына Президент ретінде емес, Украина азаматы ретінде үндеу жариялаймын. Біздің арамызда екі мың шақырымнан артық шекара бар. Сол шекарада қазіргі кезде шамамен 200 мың әскер, мыңнан астам әскери техника тұр. Бұл біздің жер. Кіммен, не үшін соғысасыздар? Бұл үндеуді Ресейде көрсетпейтіні анық. Бірақ Ресей халқы бұл туралы білуі керек», – деді. Сондай-ақ Зеленский орыстар мен украиндар екі түрлі халық екенін, бірақ бұл араздасуға себеп еместігін айтты.

Бұл қақтығыста НАТО тек қатаң санкциялармен, батыс елдерінің басшылары Путинге үндеумен ғана шектелді. Ал Кремльдің баспасөз хатшысы Псков «Ресей мен Украина арасындағы шиеленіске байланысты бізде бірнеше мемлекетпен байланыста қиындықтар болуы мүмкін. Алайда бұл қиындықтар бұрын да бар еді», – деп санкцияларға селт етпейтінін ашып айтты.

Ал Зеленский өзінің кезекті үндеуінде бұл мәселені бейбіт жолмен шешуге дайын екенін, екі жақтан да адам шығыны барын, қару ұстай алатын барлық азамат елге пайдалы болатынын айтты. Одан бөлек ол барлық ел басшыларына «Егер бүгін сіздер бізге көмектеспесеңіздер, ертең соғыс сіздердің есіктеріңізді қағады», – деп баса айтты.

Дегенмен бұдан ешқандай нәтиже шықпады. Батыс басшылары аса бір көмек бере алмады. Барлығы сол санкциямен шектелді. Эстония Парламенті ғана Украинаның НАТО құрамына кіруіне кандидаттық беруді ұсынып, депутаттар Украинаға Еуроодақ пен НАТО-ның кандидаты болуы үшін жол картасын беру туралы шешімге дауыс берді. Ал бұл тұста Ресей Чернобыль АЭС-ін басып алып, қызметкерлерді тұтқынға алған еді.

Байден болса соғыстан ашық түрде бас тартты. Ол өз сөзінде ресейлік банктерге, активтеріне санкция жариялағаны туралы айтты. «Мен тағы да айтамын, АҚШ әскері Украина жеріндегі соғысқа қатыспайды», – деді Джо Байден.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҚАЙТПЕК?

Түнгі уақытта Украина жеріндегі азаматтарға үйде қалуды ұсынды. Өйткені түнде тағы да бомбалау жүруі мүмкін. Одан бөлек әр қаладағы арнайы бункерлердің картасы жарияланды. Украиндықтар сондай-ақ жерасты метрода бой тасалады. Ал Қазақстан елшілігі ҚР азаматтарын елге қайтару жұмыстарын шұғыл түрде жүргізе бастады.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Украинада соғыс басталмас бұрын шамамен 1113 адам сол жаққа қоныс аударса, 517 адам уақытша Украинада болған. Олардың көбісі Киев қаласы мен Киев, Одесск, Харьков пен Львовск облыстарында тұрады екен.

Қазақстан елшілігі 25-26 ақпанда «Air Astana» әуе компаниясы арқылы Қазақстан азаматтары үшін репатриация рейсін жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл рейс Польшаның Катовице қаласынан жүзеге асырылмақ. Ал Украина мен Польша шекарасынан әуежайға дейін визасыз «жасыл дәліз» жасалмақ.

Сонымен қатар елшілік Украинадағы қазақстандықтарды Львов қаласына келіп, мүмкіндігінше Қазақстанның құрметті консулдығына жиналуға шақырды.

Дегенмен желідегі жазбаларда Украина ішінде кептеліс орнағаны туралы көптеп жазылуда. Халық мүмкіндігінше шетелге асып кетуді көздеп отыр. Сондай-ақ бомбалау жүріп жатқандықтан көшеде жүру қауіпті.

Соңғы дерек: Францияның қорғаныс министрі Флоранс Парли Еуропа мен АҚШ-та Ресеймен соғысу мақсаты жоқ екенін мәлімдеді. «Біз Ресейге соғыс ашқан жоқпыз. Ешбір Еуропа елі немесе АҚШ Ресеймен соғысқысы келмейді деп ойлаймын. Біздің басты мақсатымыз – атысты тоқтату», – деді ол. Ал Зеленский Украина әлі де болса Ресеймен келіссөз жүргізуге дайын екенін айтып, шарттары орындалса бейтараптықты сақтап қала алатынын жеткізді. «Украина бейтараптық статусын сақтап қалу туралы келіссөздерге дайын. Алайда ол үшін Ресей қауіпсіздік туралы кепілдік беру керек», – деді Украина Президенті. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Украинаның бұл ұсынысын Мәскеу саралап көретіндігін жеткізді. Сондай-ақ ол журналистерге берген баспасөз жиынында Ресей Украинаның Президенті Владимир Зеленский екенін мойындайтынын айтты.

P.S. Бұл қарулы қақтығыстың әйтеуір бір күні болатыны айдан анық еді. Дегенмен Украина НАТО мүшелерінен көп үміт күткен секілді. Алайда батыс елдердің батылдығы жетпегендіктен бе, әлде бүлікте бүлінгісі келмегеннен бе Украина жерінен табылмады. Болжам бойынша Ресей қарсылық білдірген украиналық аймақтық күштерді өз бақылауына алады. Кейін өзінің басты күштерімен Киевті қоршауға алып, «Басқару орталығына» басып кіретінін дәлелдейді. Міне, осыдан кейін Мәскеу өзінің ультиматумын қойып, келіссөздер үстеліне жиналады. Дегенмен бұл жай болжам ғана. Себебі Ресейдің негізгі шынайы мақсаты қандай екені әлі күнге белгісіз.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: