2026 жылдың қаңтарында халықтың шетел валютасына деген сұранысы желтоқсан айымен салыстырғанда айтарлықтай төмендегені байқалады. Мәселен, доллар саудасы бір айда екі есе азайып, 150,3 млрд теңгені құрады. Дегенмен, 2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда долларға деген сұраныс 25%-ға жоғары, – деп хабарлайды kursiv.media
Доллар мен еуро: Негізгі тренд қандай
Доллар саудасы бойынша еліміздің ірі мегаполистері көш бастап тұр. Ең көп нетто-сатылым Алматы қаласында (58,7 млрд теңге), Астанада (19,2 млрд теңге) және Шымкентте (15,5 млрд теңге) тіркелді.
Еуроға деген сұраныс долларға қарағанда әлдеқайда төмен: республика бойынша жалпы 8,2 млрд теңге көлемінде шетел валютасы сатылған. Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстарында халық еуроны сатып алудан көрі, оны теңгеге айырбастауға (өткізуге) көбірек бейім болған.
Ресей рубліне сұраныс төмендеді
Рубль еліміздегі ең өтпелі емес валюта мәртебесін сақтап қалды. Қаңтар айында рубль бойынша теріс көрсеткіш тіркелді (-5,2 млрд теңге). Бұл халықтың рубльді сатып алғаннан көрі, оны айырбастау пункттеріне өткізуі басым болғанын білдіреді.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың желтоқсанымен және былтырғы қаңтар айымен салыстырғанда екі есе аз. Рубльді қабылдау бойынша ең үлкен теріс айырмашылық Астана, Алматы қалаларында және Ақтөбе облысында байқалады.
Халық юань сатып алмайды
Фунт стерлинг пен қытай юаніне деген сұраныс өте төмен деңгейде қалып отыр. Республика бойынша фунт стерлингтің нетто-сатылымы 202,5 млн теңгені, ал юань 85,2 млн теңгені ғана құрады.
Қызықты дерек: еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерінде, атап айтқанда Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарында рубльді өткізу көрсеткіші өте жоғары болса, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында керісінше рубльді сатып алу жағы басым.
Қаңтар айында доллар арзандап, бағамы 500 теңгеге дейін арзандаған. Бұл үрдіс ақпан айында да жалғасып, доллар бағамы 488 теңгеге дейін түсті. Қазіргі көққағаз құны қайтадан көтеріліп келеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
