Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Креативті экономиканың үлесі қандай?

12.02.2022

2124 0

Индустриалды экономиканы креативті экономика ауыстыра ала ма? Бұл сұраққа жауап бермес бұрын бұл қандай экономика дерсіз. Көзбен көріп, қолмен ұстау қиын болғандықтан болар, жаңа уақыт пен білімнің экономикасын дамытуға, оған инвестиция құюға қаржысы барлар тәуекел ете бермейді. Әйтпесе, креативті экономиканың ел экономикасына тигізер пайдасы орасан. «Әуелі креативті экономика туралы айтайық.

«Креатив» сөзі «шығармашылық» деген мағына береді. Мұндағы тауар – шығармашылық өнім немесе контент. Яғни шығармашылық өнімді сату, одан пайда табу. Озық идея, білім, интеллект – сарқылмайтын ресурс. Басқа экономика салаларынан артықшылығы да осы. Креативті экономика бойынша көшбасшы ел Ұлыбритания бұл экономикаға 13 шығармашылық индустрияны енгізген. Атап айтқанда, жарнама, маркетинг, сәулет өнері, қолөнер, дизайн, кинематограф, видео мен фотоөнер, медиа, ІТ, баспа ісі, музей мен галереялар, музыка және бейнелеу өнері.

Деректерге сүйенсек, қазіргі кезде креативті экономика экономиканың тез дамып келе жатқан салаларының бірі. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша шығармашылық салалардың әлемдік ЖІӨ-ге қосқан үлесі $2,6 трлн асты. (шамамен 3%). БҰҰ Бас Ассамблеясы 2021 жылды тұрақты даму үшін халықаралық креативті экономика жылы деп жариялады. Сингапур, Оңтүстік Корея, Канада, АҚШ, Ұлыбритания сияқты бірқатар дамыған елдерде шығармашылық экономиканы дамытудың стратегиялары мен бағдарламалары қабылданды. Сондай-ақ БАӘ Дубайда креативті экономика стратегиясын жүзеге асыра бастаса, Ресейдің Мәдениет министрлігі шығармашылық индустрияны дамыту тұжырымдамасын жасаған.

ЮНЕСКО-ның 2013 жылғы есебінде креативті экономика табыс табу тұрғысынан ғана емес, жаңа жұмыс орындарын құру және экспорттық түсімдердің көлемін ұлғайту тұрғысынан да әлемдік экономиканың қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі деген мәлімет келтірген.

Саясаттанушы, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Айман Жүсіпова Қазақстанда креативті экономиканың проблемаларын атап айтты. Оның ішінде инфрақұрылым, яғни креативті экономиканы дамытуға арналған бизнес алаңдардың жетіспеушілігі, мамандар тапшылығы секілді мәселелер бар.

Ал креативті экономика саласындағы зерттеуші Дана Шаяхмет «Креативті экономика – жаңа уақыт пен білімнің экономикасы» деген анықтама береді. Ол бұл саладағы басты ресурс – озық идеялар мен шығармашылық екенін атап көресетеді. Зерттеушінің пікірінше, креативті экономиканы қоғамның әлі де дұрыс қабылдай алмауы аға толқынның индустриалды дәуірде өмір сүргенімен байланыстырады. «Олар үшін экономика материалдық ресурстарға негізделуі керек. Мысалы, аграрлық, мұнай, құрылыс салалары айқын әрі түсінікті. Сол себепті креативті бизнеске инвестиция құятындар өте аз», – дейді ол.

Атап айталық, елімізде креативті экономиканы дамытуға назар аударылуда. Өткен жылы креативті экономиканы дамыту үшін Үкіметте арнайы тұжырымдама қабылданды.

Белгілі экономист Алтай Досжан креативті экономиканың тиімділігін атап айтты.

– Креативті өнімді экономикалық құндылыққа айналдырудың ерекше нарықтық механизмі қалыптасуда. Бұл сектордың ерекшелігі – креативті экономиканың дамуында жетекші рөл мемлекеттің креативтілік, мәдениет, экономика және технологиялар арасындағы өзара байланысты тудыратынында. Интеллектуалдық капиталдың бірегей көзі және экономикалық қызметі бар. Қазақ экономикасы үшін оны жасампаздықпен қайта құрудың маңызы мен тиімділігі аймақтық өндірістің жасампаздық дәрежесімен анықталады, – дейді ол.

P.S. Креативті экономиканы дамытудағы кедергілер, жалпы креативті өнімнің ел экономикасындағы үлесін алдағы уақытта әлі де кеңінен жазатын боламыз.

Гүлмира Ділдәбекова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: