Сәрсенбі, 08 мамыр, 06:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Майнинг: майшелпек пе, машақат па?

21.09.2021

1912 0

Биылғы көктем криптовалюта биржасын күн сайын назардан тыс қалдырмайтындар үшін қызық пен шыжыққа толы өтті. Әлемде биткоин өндіруден көш бастаған Қытайдың майнингке шектеу қоюы осы саланың басы-қасында жүргендерді елеңдетумен болды. Осыған орай майнинг ұлы көші басталды. Жайлы да жақсы қоныс іздеген майнерлер үшін Қазақстан да жайлы аумақ қатарында. Қытайдан үдере көшкен майнинг фермалардың ұлы көші ел экономикасына қандай пайда әкелмек? Майнинг фермалар үшін Қазақстан қай жағынан тиімді? Майнерлер салық төлеуге неге қарсы? Бұл биылғы көктем мен жаздың қызу пікірталасқа толы тақырыбы болды. Әрине, жалақысы айдан-айға жетсе шүкіршілік ететін қарапайым халық майнинг көшіне де, криптовалюлық биржаның қайнаған қазанына да бас ауыртпайды. Дегенмен Қытайдан көш түзеген майнинг фермалар көшінің бізді айналып өтпегендіктен біз де бұл саланы назардан тыс қалдыра алмадық. Қарапайым оқырманға түсінікті болуы үшін жалпы жұртқа таныс та бейтаныс майнинг жайында түсіндіргенді жөн көрдік.

Майнингтің мәнісі

Майнинг және майнердің мағынасын осы саладағы инженер Асхат Сыдықұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында егжей-тегжейлі түсіндіреді. Майнингтің майын ішкен инженердің түсіндірмесін өз рұқсатымен сол күйі келтірсек:

«Криптовалюта дегеніміз арнайы онлайн платформада (Pool) жасалған цифр-ақша, яғни ол тек цифр түрінде ғана болады. Ал сол цифр ақшаға қол жеткізу үшін арнайы компьютер керек, ол компьютер майнер деп аталады. Майнердің көбі қытайда жасалады, жаңа майнерлердің максимал есептеу жылдамдығы (хэшрейт) 112 терахэш/сек дейін жетеді.

Майнердің негізгі бөліктері: сыртқы корпусы, контрол платасы, есептеу платасы, салқындату панелі, вентилятор мен қуаттау блогы. Яғни құрылысы қарапайым, оқу мен үйренуге жеңіл дүние.

Майнинг дегеніміз криптовалюта тұратын онлайн платформадан (пул) цифр ақшаны қазу процесі.

Майнингпен айналысу үшін алдымен пулдардың біріне тіркелесіз және қазған цифр ақшаңыз сақталатын әмиян ашасыз. Майнеріңіздің «настройкасын» жасап интернет арқылы өзіңіз тіркелген пулға жалғайсыз.

Майнеріңіз күн-түн демей жұмыс істеп пулдағы мың миллион күрделі математика есебінің жауабын іздейді. Әрбір дұрыс тапқан жауабы үшін цифр ақша алып отырады. Ол цифр ақшаны биржада сатасыз да банк картаңыздан қолма-қол ақшаны шығарып аласыз.

Ал ферма дегеніміз жүздеген, тіпті он мыңдаған майнердің бір жерде жұмыс істеуі.

Айтуға жеңіл болғанымен майнингтің өзіндік қиындықтары бар. Оны тек сол салаға ендей кірген адам ғана ұғады. Ал сырт көзге ол бір жалған дүние ғана».

«Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?»

Майнинг фермалар шоғырланған, бүгінгі күнге дейін майнинг саласында әлемдегі ең ірі криптовалюта өндіруде көшбасшы Қытай елі соңғы кезде бұл саладан неге жеріді? Анығын айтқанда соңғы жылдары Қытай үкіметінің криптавалютаға деген көзқарасы мұндағы майнинг саласын әлсіретті.

Бейжіңде цифрлы валютаға қарсы алғашқы қадам 2017 жылы басталып, Қытай үкіметі жергілікті криптовалюта биржасын жапты. Мұнан кейін 2019 жылдың маусымында Қытай халық банкі ішкі және шетелдік криптавлюталық биржаларға кіруді бұғаттағанын хабарлады. Ал 2021 жылдың мамыр айынан бастап Қытай үкіметі ірі майнингтік кәсіпорындарды жаба бастады және биткоин өндіру мен сатуға қатаң тыйым салды. Осының салдарынан Қытайда биткойн өндіру үшін пайдаланатын есептеу қуаттарының көлемі бір айда 48 процентке төмендеген. Осыдан кейін Қытайдан майнинг фермалардың ұлы көші басталды деуге болады. Яғни майнинг фермалар өзіне жайлы қоныс іздеп, криптавалюта өндіруге қолайлы саналған АҚШ, Ресей, Қазақстанға көшті. Енді майнинг фермалар көшінің Қазақстанға әсері қалай болғанына тоқталайық. Кембридж орталығының мәліметі бойынша, Қазақстан әлем бойынша биткоин өндіру бойынша 3-орынға шықты. Әрине, бұл – ұлы көштің нәтижесі. Майнингтік фермалар көптеп қоныстанған Қазақстан үшін бұл тиімді ме? Пайдасы мен зияны қандай?

Ең әуелі майнинг фермалар жылы орнын неге суытты деген сұрақ туатыны айдан-анық. Мұндайда қазақ «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?» дейтіндей, белгілі сарапшы мамандар майнинг саласының ел экономикасының бүйірін томпайтатын болса, ендеше Қытай неге бас тартты? Бұл туралы түрлі пікірлер бар. Пікірлерді сараптап көрелік.

Кейбір сарапшылар пікірінше, Қытай билігінің биткойнға қарсы «соғыс» ашуына экологтардың жанайқайы да әсер еткен болу керек. Себебі әлем бойынша майнингтің көп бөлігінің өндірілуі жаңартылмайтын энергия көздері арқылы жүзеге асуда. Бұл ауада көміртек ізін қалдыруда. Осы орайда айта кетелік, Илон Маск Teslа компаниясы өз өнімдеріне биткойнмен төлем жасауға тек экологиялық талаптарға сай өндірілсе ғана рұқсат беретінін жариялаған.

Бұл талапқа келгенде біз әлі төмен қараймыз. Бүгінде елде экономиканың барлық саласы бойынша қажетті энергияның барлығы жаңартылмаған энергия көзінен алынады. Халықарлық энергетикалық агенттігінің мәліметі бойынша Қазақстан көмір өндіруден әлемде 9-шы орынды иеленеді. Осы жылғы мәлімет бойынша Қазақстан электрэнергияның 70 процентін көмірден өндірсе 20 процентін табиғи газ арқылы өндіреді. Елде жаңартылған энергия көзі бар болғаны 1 процентті құрайды.

Бүгінде Еуропада экономикада көміртекті бейтараптықққа қол жеткізу тенденциясы бар. Сонымен 2022 жылдан бастап Еуроодаққа мүше елдерге көміртегі импортына салық енгізілмек, әрине бұл Қазақстанға да қатысты. Көміртекті қазақстандық компаниялардың шығынын көбейтпек. Бұл орайда биткойн өндіруді қосқанда көміртекті пайдаланумен өнім өндіретін Қазақстанда экономиканың барлық саласы бойынша бәсекеге қабілеттілік төмендейді деген пікір білдіреді сарапшылар.

Электр энергиясының жұты

Мамандар пікіріне сүйенсек, майнинг саласы – электр энергиясының нағыз жұты. Майнинг фермалар Қазақстан өзге елдермен салыстырғанда қолайлы болу себебінің бірі электр энергиясы бағасының арзандығын қолай көреді деген пікір де жоқ емес. Алайда жаңартылған энергия көзі бар болғаны 1 процентті ғана құрайтын ел үшін майнинг саласы қандай пайда әкелмек?

Кембридж университетінің зерттеушілері биткоин жыл сайын өте көп электр энергиясын тұтынады деген қорытынды жасады. Яғни жылына шамамен 121,36 тераватт-сағат электр энергиясын жұтады. Ал майнинг фермалардың қоршаған ортаға әсері туралы «Greenpeace» халықаралық экологиялық ұйымы бірнеше рет мәселе көтерген. Ал «Nature Communication» журналы ғалымдар пікіріне сүйеніп, 2024 жылға қарай Қытайда температураның жылынуы Филиппиннен де асып түседі деген болжам жасағанын жазады.

Күтпеген салық

Бұл майнерлер үшін күтпеген жағдай еді. Жайлы қоныс тауып, жұмысын бастап кеткен майнерлік фермалар үшін жаңа салық енгізу жайы талқылана бастағанда олар мұның тиімсіз екенін айтып, дабыл қақты.

Мәселен, «Қазақстандағы блокчейн және дата-орталықтар индустриясы қауымдастығы» ЗТБ президенті Алан Дорджиев республикалық басылымдарға берген сұхбатында Салық кодексіне өзгеріс енгізу асығыс шешім екенін айтады. «Цифрлық майнинг – технологиялық процесс. Бұл – түрлі ІТ өнімдерін өндіруге негізделген сала. Майнингті смартфонда және компьютерде, үйде және жұмыста жасауға болады. Салық кодексіне түзетулер енгізу қабылданса бұл өз пайдасын икемдеп пайдалануға жол ашады. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туғызады. Егер 1 киловатт-сағатына 1 теңге қосымша салық енгізілсе, онда негізгі қосымша құн салығы және корпоративтік табыс салығы секілді негізгі салықтардан басқа, майнерлер Қазақстан бюджетіне 4,4 млрд теңге төлейтін болады. Шетелдік инвесторлар мұны мемлекеттік органдар секторды басқаруға ұмтылу деп қабылдап, болашақта оған реинвестиция жасауға деген қызығушылығы бәсеңдейді»,– дейді ол.

Бүгінде нарықта 17 майнингтік дата орталық бар. Энергетика министрлігінің дерегі бойынша, цифрлық майнингтің дата-орталықтары тұтынатын электр энергиясының көлемі 500 мегаватты құрады. Майнинг нарығының көлемі жылына 4,38 млрд киловатт-сағат. Электр станцияларының электр энергиясы үшін төлейтін ақысы жылына 57 млрд теңге. Сонымен қатар жылына тағы 10-15 млрд теңге жалақы төлеуге,

құрылысқа, жергілікті энергетикалық өнімді сатып алуға жұмсалады. Жылына 70 млрд теңге – бұл шетелдік валюта түрінде майнинг қызметтері үшін түсетін ақша. Бүгінде елде майнинг саласында 800-дей адам жұмыс істейді екен. Бұлар – инженер энергетиктер, электриктер, ІТ мамандары, микрочиптер мен платалар жөніндегі электроника мамандарына жоғары ақы төленетін жұмыс орындары. Бір айта кетерлігі, елде майнинг саласының дамуымен қоса ІТ мамандарға, инженерлер мен электрик мамандарға сұраныс артқан. Яғни жалақысы жоғары жаңа жұмыс орындары пайда болды.

Ал бұл мәселеге цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин майнерлерден қосымша салық төлеуді заңды түрде талап ету көлеңкедегі кәсіпті жарыққа шығаратынын жеткізді. Министрдің сөзінен үзінді келтірсек: «Біз – майнинг саласын заңдастыруға бағыт алған елміз. Бірақ оны заңдастырып, кәсіпкерлік қызмет ретінде тіркелуге компаниялар аса құлықты емес. Майнингпен айналысса да көлеңкелі аймақта жүрген компаниялар бар. Олар электр энергиясын пайдаланып отыр. Бірақ жасырын жұмыс істейді. Сондықтан 1 кВт энергия үшін 1 теңге деген баға белгіленді. Мұндағы мақсат – аталған компанияларды көлеңкеден шығару. Майнинг саласының дамып жатқанына қарамастан қосылған құнды сіз де, мен де сізініп отырған жоқпыз. Өйткені ешкім салық төлемей отыр. Инвестиция келіп жатыр. Инвестиция әрбір қазақстандықтың игілігіне жұмыс істеуі үшін барлық майнинг фермаларды заңдастыру қажет. Криптоиндустрияның барлық табысы майнинг саласынан түсіп жатыр. Биткойнді осында жасағанмен, шетелде сатады. Бұдан бөлек криптобиржа бар. Осы биржаларды дамытсақ, табыс ұлғаяды. Біз екі бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші кезекте барлық майнинг фермалар көлеңкеден шығарылады. Олар «Astana Hub» мекемесіне тіркелсе, 20 процент корпоративтік табыс салығынан босатылады. Қазір 1 кВт үшін белгіленген 1 теңге – символдық төлем ғана. Электр энергиясын өндірушілер майнинг фермаларына қуат бергеннен қайтарым жоқ екенін алға тартып отыр. Ал майнерлер символдық төлем көлеңкеден шыққаннан кейін 10 теңге болып кетпей ме деп қауіптенеді. Нақты айтайын, мұндай өсім болмайды», – дейді министр.

Қалай айтқанда да, Қазақстанда майниг өндіруді дамыту мақсатында ел Президенті майнерлердің салық төлеуі туралы заңға қол қойды. Жаңа заң алдағы жылдың бірінші күнінен бастап күшіне енеді. Сондай-ақ жаңа ереже бойынша майнинг өндірушілер үшін 1 квт/сағ электр энергиясына 1 теңге төлеу тәртібі енгізілді.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: