Бейсенбі, 28 наурыз, 17:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Пәтерақы жеңілдігі кімдерге беріледі?

13.02.2022

1779 0

Мемлекет табысы төмен, баспанасы жоқ азаматтарға жеңілдік жасамақ. Тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін жалдамалы пәтерақының 50 процентін мемлекет төлейтін болды.

Бұл мақсатта ел қазынасынан 50 млрд теңге қаралған. Айта кету керек, елде мұндай көмекке 70 мыңға жуық отбасы мұқтаж екені де анықталған.

Үкімет отырысында баяндама жасаған индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, бүгінде елімізде 590 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 210 мыңы – 1,2 топтағы мүгедектер, жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырғандар, көпбалалы отбасылар.

«70 мың өтініш берушінің табысы өте төмен, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз. Оның ішінде 51 мыңы көпбалалы отбасылар, 7 мыңы мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы және 2 мыңы жетім балалар. Осы азаматтарды жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспана үшін төлем тағайындау қағидалары әзірленді», – дейді министр.

Жаңа бағдарлама операторы – «Отбасы» банкі. Банк кезекте тұрғандардың үйге мұқтаждық өлшемдеріне сәйкестігін тексереді. Айта кетелік, пәтерақысына жеңілдік үшін өтініш берушілерге қойылатын талап бар. Талап бойынша отбасының әр мүшесіне шаққанда соңғы 6 айдағы жиынтық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген мөлшерінен аспауы керек. Сондай-ақ расталған жалдау шарты, әкімдік кезегінде өтініш берушінің мәртебесі тексеріледі.

Министрлік ұсынған нұсқада төлем тағайындау үшін банкке электрондық цифрлық қолтаңба көмегімен жүгінуге болады. Бұл ретте төлемдерді тағайындауға арналған өтінішті және пәтер жалдау шартын қоса бекіту қажет. Банк құжаттарды тексергеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде ақша қаражатын есептеуі тиіс. «Отбасы» банкі жалдау ақысын субсидиялау өтінішін «Baspana market» порталында қабылдайды. Бүгінде онлайн өтінімдерді қабылдау үшін платформа мүмкіндіктері пысықталуда. Бұл жоба мамыр айында іске қосылады деп жоспарлануда.

Пәтерақыны субсидиялау бойынша көп көкейіндегі сауалға «Отбасы» банкі АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова жауап берді. Оның айтуынша, бұл жеңілдікті сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйде тұратын азаматтар пайдалана алмайды.

Табыс қалай есептеледі? Банк төрайымының айтуынша, өтініш берушіге қойылатын негізгі талап – отбасының төмен табысы. «Отбасының соңғы 6 айдағы жиынтық табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Осылайша, отбасының бір мүшесінің табысы айына 36018 теңгеден аспауы шарт. Мысалы, жұмыс істейтін әкесінің жалақысы 250 мың теңгеге тең көпбалалы отбасыны алайық, (6 адам). Жеке табыс салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын төлегеннен кейін жан басына шаққандағы отбасы табысы шамамен 33 мың теңгеге тең. Демек бұл отбасы жеңілдік ала алады», – деп жазады. Тағы бір ескерерлік нәрсе, үйді жақын туыстарынан жалға алуға болмайды. Сондай-ақ белгілі болғандай баспананың 1 шаршы метр жалдау ақысы АЕК-тің жылдық деңгейінің облыстар мен қалаларға белгіленген коэффициентіне байланысты есептелмек.

Сонымен бұл – пәтер жағалаған, тұрмысы төмен 70 мың адам үшін жақсы жаңалық. Таяқтың екі ұшы бар демекші, елдегі баспанаға мұқтаждық осы цифрмен ғана шешілмейтіні анық. Пәтерден-пәтерге көшіп, табысының тең жартысын, тіпті жартысынан көбін пәтерге төлеп жүрген жас отбасыларда, егде жастағылар да, тіпті жастар да аз емес. Оларды «жаңа бастама пәтерақыны қымбаттатып жібермес пе екен?» деген сұрақ алаңдатады. Себебі ешкім де нарықты ұстап тұра алмайды. Бір ғана мысал, өткен жылы зейнетақы қорындағы ақшаның белгілі бір бөлігі баспана алуға жұмсала бастағанда баспана бағасының шарықтап шыға келгенін ешкім де ұмыта қойған жоқ. Сол шарықтаған баға тұрғын үй нарығында қымбат баға қалыптастырды. Сол сияқты пәтерақысының құны да осының күйін кешпес пе екен деген қоғамдағы алаңдаушылықты жасыра алмаймыз. Деректерге сүйенсек, пәтер жалдау ақысының өскені өткен жылдың желтоқсан айынан байқалған. Елде жайлы жабдықталған тұрғын үйдің арендалық төлемі бірден 17,5 процентке қымбаттап, 1 шаршы метр 1,9 мың теңгеге жеткен. Пәтер қымбаттығы жағынан көш басында Алматы қаласы болса, өзге қалаларда да баға арзан емес екені байқалады.

Тұрғын үй саласының арнайы сарапшысы Анна Шацкая пәтер сату бағасы мен жалдау ақысы бір-бірімен тығыз байланысты екенін айтады. Яғни тұрғын үй бағасы қымбаттаса, пәтерақысы да қымбаттайды. «Өткен жылы тұрғын үй сатып алуға деген сұраныс аренда ақысына да әсер етті. Пәтер бағасының өскенін пайдаланып, пәтер иелері бағаны қымбаттатты», – дейді. Демек жалға алу ақысын субсидиялау пәтерақыны қымбаттатуы мүмкін. Бұл орайда елге белгілі экономист Мақсат Халықтың пікірін білген едік.

– Негізі бұл механизм уақытша үрдіс болып көрінеді. Қазір бұған бөлінген қаражаттың көлемі 50 млрд теңге. Жалпы бұл шектелген бюджет пе, әлде шексіз бе, одан асып кетіп жатса, оған мүмкіндік бар ма, жоқ па, бұл мәселелер әлі сұрақ күйінде. Қазір халықтың табысын арттыруға байланысты нақты жоспар қабылданып жатыр. «Ең төменгі күнкөріс шегі 36 мың теңге деген өте аз. Оны жоқ дегенде 60-70 мыңға көтеру керек» деген мәселе көтеріп жатыр. Күнкөріс шегі көтерілсе, жаңағы 70 мың адам 140 мың адам, тіпті одан да көп болуы мүмкін. Және де бұл тізімге енген, кезекке тұрған азаматтармен қоса, кезекке тұра алмаған, мекенжайына байланысты тұра алмай жүрген қаншама адам бар. Бұл да қоғамда біраз келіспеушілікті туғыза ма деген болжамым бар.Мемлекет бюджетінен жай ғана арендалық төлемнің жартысын төлеп отыру қаншалықты тиімді? Оның орнына неге арнайы бағдарлама жасап, құрылыс компаниясымен келісіп, мақсатты түрде тұрғын үй салмасқа?

Әрине, бұл пәтерақы құнын арттыратыны сөзсіз. Пандемиядан кейін өткен жылы жаздың өзінде аренда бағасының қатты шарықтағанын көрдік. Тура осы сияқты ертең жалдау құны белгілі бір дәрежеде қымбаттайды. Жалдау ақысы қымбаттаған соң тұрғын үй бағасы да қымбаттайды, – дейді ол.

P.S. Қалай айтқанда да бұл баспанасыз жүрген жағдайы төмен отбасылар үшін үлкен көмек екені даусыз. Алайда мемлекеттің халықтың тұрмысын жақсартуға арнаған игі бастамасын қалтасын ойлаған пысықайлар өз пайдасына пайдаланбаса дейміз.

Гүлмира Мағлұмқызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: