Дүйсенбі, 04 қараша, 10:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№87-2097
02.11.2024
PDF мұрағаты

Орталық азиядағы дүрбелең

05.07.2022

950 0

Биылғы жыл Орталық Азия үшін оңай болмай тұр. Саяси дүрбелең, экономикалық ахуал, ақпараттық шайқас, жаңғыруға бет бұрған реформа. Қай елді алсақ та келешегін кемел ету қамымен әлек.

ЖАҢА БЕЛЕСКЕ ҰМТЫЛҒАН ҚАЗАҚСТАН

Жыл басы Қазақстандағы Қаңтар қырғынымен басталды. Бәрі қарапайым халықтың бейбіт митингінен бастау алған еді. Алайда дүйім жұрттың алғаусыз көңілін аңдығандар өз мақсаттарына жету үшін түрлі айлаға барды. Президенттің сөзімен айтсақ, Қазақстанға шабуыл жоспары әртүрлі аспектілерді қамтыған. Оның ішінде әскери, саяси, идеологиялық, жалған ақпараттандыру бар. Несін айтасыз, теріс пиғылдылар жан-жақты дайындалған. Қаңтар оқиғасында тоналған, қираған ғимараттар, кәсіпкерлік нысандар, өртелген автокөліктер аз емес. Өкінішке орай адам да өлді. Оның ішінде қарт та, жас та, бала да бар. Мемлекетке 100 млрд теңгеден астам шығын келді.

Қазақстан Президенті республикамыздың тәуелсіздік тарихында алғаш рет аса күрделі кезеңге тап болғанымызды айтты. Республикалық телеарналар елдегі ахуалды сәт сайын баян етті. Мемлекет басшысы да бірнеше рет үндеу жасады. «Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет», – деді Қ.Тоқаев.

Осыдан кейін Қазақстан билігі түбегейлі өзгеріске бет бұрды. Президент партия төрағалығынан бас тартып, оның құрамынан шықты. «Nur Otan» партиясы «Amanat» болып өзгерді. Елде жаңа облыстар құрылды. Конституциялық референдум, Ұлытау баурайында ұлттық құрылтай өтті. Ол екі аралықта президент Жолдау жариялап, халықты Жаңа Қазақстанды құруға шақырды.

ШЕКАРАСЫНАН ОҚ ЖАУҒАН ҚЫРҒЫЗ БАУЫР

Биылғы жыл қырғыз бауырлар үшін де оңай болмай тұр. Бауырлас ел мен Тәжікстан тарапы шекара маңында қақтығысып қалды.

Ақпарат көздерінен белгілі болғандай, Баткен облысы, Баткен ауданы Мойнок елді мекеніндегі қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасының учаскесінде Тәжікстанның «Ворух» анклавының тұрғындары қырғыз аумағында мал жаймақ болған. Қырғыз шекарашылары олардың бұл әрекетіне жол бермеген. Бұдан соң белгісіз тәжіктер қырғыз шекарашыларына оқ ата бастаған. Кейінірек бұл атыс қырғыз-тәжік шекарашыларының қарулы қақтығысына ұласқан.

Араға көп уақыт салмай Қырғызстан мен Тәжікстанның шекара өкілдері оқиға орнында кездесті. Нәтижесінде қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай тұрақталды.

Бұл шекарашылар арасындағы бірінші қарулы қақтығыс емес. Бұған дейін қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасында 8 мамырда атыс болған еді. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, ол кезде Чек Баткен облысында Қырғызстан мен Тәжікстанның шекаралас аудандарының тұрғындары арасында 50 сотық Чек учаскесін пайдалануға қатысты мәселе туындаған болатын. Мұндай қарулы қақтығыстар наурыз айында да, маусым айында да болған. Қалай дегенде де қырғыз бауырдың тәжікпен арадағы шекарасында тыныштық толық орнамай тұр.

ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА ҺӘМ БОСТАНДЫҚҚА ҰМТЫЛҒАН ҚАРАҚАЛПАҚ

Орталық Азия енді тынышталды-ау дегенде Қарақалпақстан жерінде толқу басталды. Мәселенің мәнісі Өзбекстан өткізгелі отырған конституциялық референдумға тікелей байланысты болып отыр. Ақпарат көздеріне сүйенсек, референдумда Қарақалпақстанның тәуелсіздігі жайлы айтылмаған көрінеді. Осыдан кейін Өзбекстан жерінің 40 процентін алып жатқан Қарапалпақстан халқы егемендігін жоғалтудан қорқып, ереуілге шыққан көрінеді.

Оқиға тым ушығып кетпеу үшін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қарақалпақстанның егемен мәртебесін сақтау қажеттігін мәлімдеді.

Өзбекстан президентінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, 2 шілдеде Нөкіс қаласына келген Мирзиёев республиканың жоғарғы орган өкілдерімен, ақсақалдар алқасы мүшелерімен кездескен.

«Конституцияға енетін өзгертулер мен толықтыруларды талқылау процесі жалғасып жатқандықтан және Қарақалпақстан тұрғындарының пікірін ескере отырып, президент Өзбекстан Республикасы Конституциясының 70, 71, 72, 74, 75 баптарын өзгеріссіз қалдыру қажеттігін атап өтті» деп жазылған Өзбекстан президенті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сөз соңы: Орталық Азиядағы ахуал басқалармен салыстырғанда аса күрделі де болмауы мүмкін. Бірақ бауырлас елдердің басшылары әр істе ортақ шешімге келгенді құптайды десек, артық айтқандық емес. Мәселен, Қазақстан Қырғыз еліне қарулы көмек беретін болды. Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстанның егемен мәртебесін сақтайтынын мәлім етті. Ал Қазақстан мен Өзбекстан арасында мәңгілік достық туралы келісім бар.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: