Жұма, 22 қараша, 06:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

«Жүйесіз жұмыстың «жемісі»: Сарапшылар елімізде баспана бағасының енді түспейтінін айтады

03.08.2022

1372 0

Елімізде енді тұрғын үй бағасы қымбаттамаса, арзандамайды. Тіпті бірнеше айда көптеген құрылыс компаниялары жабылып қалуы мүмкін, дейді сарапшылар. Себебі үкімет кәсіпкерлерді қолдаудың орнына, пайдалануға берілетін шаршы метр көлемін азайтып, бизнесті қолдан тұншықтырып отыр екен. Ал бұл жағдай сөзсіз дағдарысқа әкеледі. Бұл жөнінде «Информбюро» жаңалықтар бөлімі хабарлайды.

Елімізде күн санап құрылыс материалдары қымбаттап, әрі үйге деген сұраныс төмендеп кеткен. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев үкімет басшысынан пайдалануға берілетін шаршы метр көлемін 18 миллионнан 15 миллионға дейін азайтуды ұсынған. Өйткені қазір жаңа құрылыстың үлесі артып, халықтың жаппай қалаға көшуінен қажетті инфрақұрылым дайын болмай шығыпты. Сондықтан, шаршы метр көлемін шектеп, кезең-кезеңімен арттыруды жоспарлаған. 

Ал құрылысшылар одағының өкілдері бұл шешім онсыз да қиын жағдайда қалған компанияларды дағдарысқа ұшыратады деп отыр. Яғни дәл қазіргі уақытта мемлекет құрылысшыларға қолдау көрсету тиіс. Себебі алдағы тоқсанда кемі 10-15 пайыз компания жабылып қалуы мүмкін. Сәйкесінше, жүздеген адам жұмыссыз қалады. Айтуларынша, мұның бәрі жауапты ведомствоның жүйесіз жұмысының «жемісі». Өйткені шенеуніктер нарықты толық зерделеп көрмеген. Бірақ бұл тығырықтан да шығатын жол бар дейді құрылысшылар. Ол елге жеңілдетілген ипотека беру. Сонда сұраныс көлемі ұлғаяды. Сондай-ақ, қаржы бөліп, болашақ құрылыс алаңдарына қажетті инфрақұрылымды тарту қажет екен. 

«Халқымыздың 3 миллиондай саны жалақыдан жалақыға дейін өмір сүреді, күн көреді. Сондықтан ақша жинауға мүмкіншіліктері жоқ. Оларға көмек ретінде 5 пайызға дейін арзан несие берсе. Онда олар пәтерді де ала алады және ертең оны он жылда қайта қайтара алады», –  дейді Қазақстан құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиев.

Талғат Ерғалиев енді елімізде пәтер құны түспейді, тек өседі деді. Мәселен, кейбір компаниялар кәсібін сақтап қалу үшін қолдағы пәтерлерінің бір-екеуін арзан бағаға сатып, есесіне нарық тұрақталғанда келесі баспананы қымбат бағаға өткізеді. Есеп те түгел. Сарапшылар болса, жақында облыс орталығы болған қалаларда құны негізсіз көтерілген үй бағасы арзандайды деп отыр. Бірақ бұл нарыққа әсер етпейді. Ал инфляцияға байланысты баға өсе бермек. 

«Бағаның өсетіні айдан анық жайт. Соңғы кездері әсіресе, логистикалық проблемалардың кесірінен көптеген қиындықтар туындады. Ал шенеуніктер құрылыс көлемін азайтуға ниетті. Өйткені олар елге әлеуметтік нысандарды тұрғызып, инженердік желілерді салып үлгермейді. Бірақ бір нәрсені түсіну керек. Халық мұндай шектеулерге қарамайды. Яғни бәрі қолдан жасылып отыр. Оның зардабын тұтынушылар тартады», – деп түсіндіреді Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының төрағасы Виктор Микрюков.

Сонымен қатар кейбір сарапшылар мемлекет қолдауды көбейтсе, жағдай бұдан да бетер ушығады деді. Яғни, үкімет пайыздық мөлшерлемесі аз несие көлемін ұлғайтса, бірден сұраныс артып, баға тағы шарықтайды. Алайда қарыз алған азаматтар үй алудан бас тартпайды. Ал оның ақырында борышкер қарызын өтеуге қабілетсіз болып танылып, экономикалық дағдарыс басталмақ. Сондықтан биліктің арзан ипотеканың қаржысын, көлемін шектеуі белгілі бір деңгейде сақтық шарасы, деп түйіндейді сарапшылар.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: