Бейсенбі, 26 желтоқсан, 23:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ағаш ұстасы – Абзал

30.08.2022

2173 0

Қазіргі таңда ағаш ыдыстар қайтадан сәнге айналып, дастархан төрінен орын алды. Бүгінде ұлттық қолөнер қайтадан кәдеге асып жатыр.  Дастарханымыздан қашан ойып орын алар екен деп жүрген қазақтың ыдыс-аяғы тек қазақтығымыздың белгісі, көркі ғана емес, кәсіптің де көзіне айналып отыр. Бүгінгі кейіпкеріміз Абзал Медеуов өзіміздің өнімді шығарып, ағаш ыдыстарын сатып, кәсіптің көзін тапқан.

– Ағаштан ойып ыдыс жасауды досымнан үйрендім. Қызығушылық болды. Мен де осы істен кәсіп бастайын деген оймен шеберден қыр-сырын жетік меңгердім. Ынта болса әр істі де үйреніп алып кетуге болады. Ең алдымен ниет пен әрекет керек. Әрекет еткен адамның ісі алға басады деп ойлаймын. Ел арасында ағаш ыдыстарға сұраныс көп екенін байқадым. Қазіргі таңда күнделікті қолданыста пайдалана бастады. Сондықтан осы кәсіппен айналысқанды жөн деп таптым. Бүгінде ұлттық дүниелер жасайтын зергер, шеберлер көп. Бұл мұндай дүниелерге сұраныстың бар екенін көрсетеді, – дейді шебер Абзал Медеуов.

Рас, адам өмірін қалай өрнектеймін десе, соншалық бейнеттенуі керек. Қазіргі таңда қол қусырып жата беру – шетте қалудың көрінісі. Абзал шебер осындай ұстаныммен қолына құрал-сайманын алып, өз кәсібін бастаған.

Тұтынушылардың тапсырысын сапалы жасап шығуға бар күш-жігерін салатын кейіпкеріміз бұл жұмысты 2003 жылы бастаған. «Қайсар» ЖҚ шебер­ханасына келушілердің қатары күн санап артты. Ағаш шебері бұл жұмысты басқа да адамдарға үйреткенді жөн көрді. Сондықтан 169/5 мекемесімен келісім шартқа отырып, жазасын өтеушілерге жұ­мыс ұсынды. Ағаш табақ, қайық, сандық жа­сауды үйрете бастады. Жазасын өтеушілер де бұл іске тез үйреніскен. Осылайша бес адамды жұ­мысқа алған.

– Жазасын өтеушілерге де мүмкіндік беру керек деп ойлаймын. Олар мұндай істі тез аяқтайды. Жұмысқа ынталы, бар өнерін салып, ағаш ыдыстарға түрлі ою салады. Еңбек еткенді жақсы көреді, – дейді шебер.

Абзал шебердің ағаштан жасалған дүниелеріне қа­рап сүйсінесің. Ұлттық ою-өрнекпен нақышталған астаулар. Емен, қара тал, қара ағаштардан әдемі дүние жасап шығарған. Ағаштарды «Сығанақ» ба­зарынан сатып алады. Ал сандықтарға қара талды ауылдық жерлерден сатып алады. Жазасын өтеушілердің қолынан шыққан дү­ниелер барлық ауданға жетіп үлгерген. Абзал жан-жақтан тапсырыс қабылдап, оларды басқа қалаларға жөнелтумен де айналысады.

– Ағаштан ыдыс жасау кезінде біршама зерттеу жүргіздік. Сұраныс жоғары болу үшін сапалы дүниелер жасау керек. Ағаштан жасалған ыдыстар адам денсаулығына пайдасын тигізіп қана қоймай­ды. Оның ішіндегі тағам жақсы сақталады. Ата-ба­ба­мыздан келе жатқан мұраны жалғастырып, жас буын­ға таныстырып, қасиетін сезіндіре  тәрбие­леу – біздің басты мақсатымыз. Осы кәсіптің ауқы­мын кеңейтіп, ұлықтап, халық тұтынатын қазақы салт-дәстүрге сай дүниелер жасауды мақсат етіп отыр­мыз. Ата-бабаларымыз ағаштың түрін, жай-күйін, қасиетін жақсы білген. Сондықтан ыдыс-аяқты көбіне ағаш безінің қат­ты жерінен жасаған. Ыдыс жарылып кет­пеуі үшін оны майлап, оған ба­рынша май сіңіру керек. Сол кезде оның ішіне су сіңбейді.  Ыдыстарды қы­зыл, қоңыр, сары түсті бояумен бояймыз. Қала­мызда «Қазақстанның үз­дік тауары – 2022» өңір­лік көрме байқауы өткен болатын. Байқауға қатысып, өз өнімдерімізді көрсеттік. Бұл байқаудың кәсіпкерлердің дамуы үшін көп көмегі бар. Се­бебі көрмеде өздерінің тауарларын көрсету ар­қылы оны дамытуға, мем­лекеттен көмек алуға мүмкіндік туады. Алдағы уақытта мемлекеттен кәсі­біме қолдау-көмек алу үшін біз де өз-өнімімізді көрсеттік, – дейді Абзал Медеуов.

Қазіргі таңда ағаштан жасалған ыдыс-аяқты ас бөлмеден сирек кездестіріп жүрміз. Оның ден­саулыққа тигізетін пайдасын көпшілігі біле бермейді. Мамандар оның адам денсаулығына пайдасы зор екендігін айтып, тұрмыста тұтынғанды жөн санайды. Байқағанымыздай, кейінгі кездері дастарханға астау табақпен тағам әкелу дәстүрі жаңғырып келеді. Бір жағынан ағаш ыдыстар экологиялық жағынан таза.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: