Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қазалылық кәсіпкерлер кепіл мүлікке жеңілдік, кәсіпке қаржы сұрады

24.04.2023

314 0

Қазалы ауданының кәсіпкерлері несие алу үшін қойылатын кепіл мүліктің бағалау көрсеткішін көтеріп, жеңілдікпен берілетін несие көлемін арттыруды сұрайды.

Ол туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов пен облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукованың аудан кәсіпкерлері және ауылдық округ әкімдерімен кездесуде айтылды.

Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков 6472 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тұрақты жұмыс істеп тұрғанын айта келіп, осы жылдың 3 айында жалпы 806 млн теңге жеңілдетілген несие, грант берілгенін жеткізді.

Кездесуде кәсіпкерлер палатасының директоры «Атамекен» жүзеге асырып бастаған «Мен кәсіпкер» жобасының бағыттарын таныстырып, кәсіпкерлікті дамытуға арналған Ұлттық жоба аясындағы қаржылай қолдау тетіктерін түсіндіріп өтті.   

«Биыл ауыл тұрғындарына, жастарға мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Жастарға арналған бағдарлама жұмысын бастап кетті. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жақын күндері нақты талаптары белгілі болады. Мемлекеттің мұндай қолдауын уақытылы қолдану керек. Кеңес алу, құжат дайындау бойынша біз көмек көрсетеміз», – деді Палата директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағыты аясында жүзеге асырылатын «Бір ауыл – бір өнім» жобасына ауылдағы қыз-келіншектерді қатыстыру үшін ауылдық округ әкімдеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізуде көмек көрсетуді сұрады.

Кездесуге қатысқан кәсіпкерлер салаға қатысты проблемаларын айтты. Атап айтқанда, несие алу барысында кепіл мүліктерінің төмен бағаланатынын, салдарынан жеткілікті деңгейде қаржы ала алмайтынын айтты. Сондай-ақ, шарада сөз алған кәсіпкерлердің басым бөлігі кәсіп жүргізуге берілетін жеңілдетілген несие көлемінің аздығын атады.

Кәсіпкерлердің көтерген мәселесі бойынша Палата басшысы әр бағдарламаның ерекшелігін түсіндіріп, шешу мүмкіндіктерін ұсынды.

«Мен кәсіпкер» жобасына қатысуға ниет білдірген азаматтар Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына хабарласа алады. Байланыс телефоны 8 /7242/ 40-09-81.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: