Сенбі, 28 желтоқсан, 02:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тәттілері тіл үйірген Ботагөз

05.07.2022

1025 0

Қолға қалам ұстап жазу – кәсібіміз. Осы кәсіпті басқа мамандықпен алмастырып, «журналист басқа мамандықта» айдарымен түрлі маман иелерімен кездесіп, әр түрлі мамандықтың қыр-сырын жазып жүргеніміз қалың оқырманға таныс. Әйел заты болғандықтан тәтті пісіруге құштармыз. Туған күн немесе тойларды тортсыз елестете алмаймыз. Тапсырыс беру бүгінде оңай. Әлеуметтік желі арқылы тәттілерді пісіретін парақша іздеп тауып алуға әбден болады. Қазіргі таңда дәмді торттар пісіріп, тапсырыс қабылдау қыз-келіншектердің негізгі кәсіп көзіне айналып үлгерді. Күн санап технологияның дамығаны соншалық, көздің жауын алатын тәттілердің сан түрі халық сұранысына ие болуда. Бүгін біз тіл үйірер тәтті пісіретін аспазбен кездесіп, қырсырын үйренуді жөн көрдік. Осы мақсатта кейіпкеріміз Ботагөз Төлегенованың кондитерлік цехына бардық.

Ғажайып торттардың иесі Ботагөз аз ғана уақыт ішінде үй іргесінен шағын кондитерлік цех ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Тәттінің ең дәмдісін, сапалысын қалайтындар Ботагөзге тапсырыс береді екен. Ол қалалықтар мен Тасбөгет кентінің тұрғындарын тіл үйірер дәмді өнімдерімен қамтамасыз етуде. Біз барғанда қызу тірліктің куәсі болдық. Қаламыздағы үлкен мейрамханаларға тәттілерді жіберуге асығып жатыр екен.

– Кәсіп ашқанға дейін 10 жылға жуық кондитер болып жұмыс істедім. 2018 жылы «Қызылорда өңірлік инвестициялық» орталығынан жеңілдетілген несие алдым. Қаражатқа арнайы пеш, құрал-жабдықты Алматы қаласынан әкелдім. Осылайша жақындарымның демеуімен кентте кондитерлік цех аштым. Ең алдымен жолдасым қолдау көрсетті. Қазіргі уақытта несиені өтедік. Бізде дайындалатын түрлі тәттілер мен тоқаш, бәліштердің 40- 50 түрі кент және қала көлемінде сатылады. Мерейтойлар мен отбасылық мерекелерге арнайы тапсырыспен торт пісіреміз. Одан бөлек дүкендерге тәттілер апарамыз, – дейді Ботагөз Дүйсенқызы.

Ботагөзбен танысып біліскеннен кейін торт пісірудің қамына кірістік. Алдымен қандай істі жасар кезде де шын ықылас қажет екені анық. Яғни, әрбір дүниең көңілге қонымды болып шығуы үшін ниет дұрыс болуы керек. Ботагөз тәттілерді ыстық ықыласпен дайындайтынына көзім жетті. Өзіне ұнайтын сүйікті ісінен шабыт ала отырып, тапсырыс беруші көңілінен шығу үшін барынша тырысады. Мен де торт жасау қамына кірістім. «Қолымнан дым келмейді» деп айту ұят әрине. Бірақ үйренсем деген ниет бар. Үйде азғандай қонаққа арасында шайға тәтті пісіргенмен, торт жасау қолымнан келмейтіні анық. Сонда да көмекшілермен бірге іске кірістім. Дүкендерге өткізетін балды тортты пісіру үшін біраз тер төгуге тура келді. Күннің ыстығында ыстық пештің қасында жүру де оңай емес екені анық. Дегенмен нәтиже шықты. Шайға печенье мен балды торт жасауды үйренгендей болдым. Жарты күнде бәрін әпсәтте үйреніп алу мүмкін емесі анық. Торт пісіруге қызыққанмен өзіндік қиындығы бар екенін түсіндім.

Тәттілері тіл үйірген Ботагөз

Ал Ботагөз мұндай қиындықтарға қарамастан жүрегі қалап тұрған осы кәсіпті үйренгісі келді. Сол арқылы табыс тауып, жетістікке жетуге мақсат етті. Сол арманының бір бөлігі бүгінде жүзеге асқанын көрдік. Оның негізгі мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Дегенмен жүрек қалауына жақын іспен айналысуды жөн санаған. Еңбек жолын кондитерлік цехта бастаған. Сонда жүріп, тәтті пісірудің қыр-сырына қанықты. Одан бөлек өзі үйден тапсырыс қабылдай бастады. Бірақ өзі осы кәсіпті дамытқысы келетін. Сол мақсатына қол жеткізу үшін әрекет етті. Бүгінде сол әрекеттің берекетін көріп отырған жайы бар.

– Бізде нан өнімінің көптеген түрлері бар. Мәселен, балаларға арналған торттарға, үйлену тойларына тапсырыс қабылдаймыз. Ең алдымен сапаға мән беремін. Осы кезде көмектесетін 6 жұмысшы бар. Жалақылары уақытылы беріледі. Тұрақты тұтынушылардың көңілінен шығу басты мақсат. Олар біздің кәсіпке сын айтпайтындай етіп жасағымыз келеді. Себебі күнделікті тапсырысты жоғалтқымыз келмейді. Өнімдердің бағасы да қалтаға салмақ түсірмейді. Нәзік жандар кәсіп бастауда кәсіп арқылы табыс тапса болады. Дегенмен кейбіреулер бүгінгі нарықта кондитерлік цех және жеке торт пісіретіндер көп. Сондықтан өнім өтпейді деген сылтауды айтады. Ал адам шын қаласа бәрін жасауға мүмкіндік бар. Яғни сапалы, қолжетімді халық көңілінен шығатындай өнім дайындай алса, сұраныста көбейетіні сөзсіз. Бізде барлығы табиғи өнімнен жасалады, – дейді ол.

Кәсіпкер екі ұлдың анасы. Бала тәрбиелеумен қатар, кәсібін дөңгелетіп келеді. Кәсіпті бір арнаға түсіру үшін ата-енесі көп көмектескен. Қазіргі кезде де қолдап, әр кез демеушілік жасап тұрады. Тұрақты тұтынушылардың сеніміне кіріп, тапсырысты көбейткен Ботагөз кәсібін кеңейтуді мақсат еткен. Бүгінде цех құрылысын бастаған. Алдағы уақытта тағы да мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алуды жоспарлауда.

Тәттілерді жеуге құмар болғанмен көп әйел пісіруге келгенде еріншектік танытатынымыз рас. Сондай-ақ тортқа тапсырыс бергенде талғампаз боламыз. Оның қандай еңбекпен жасалатынын түсіне білмейміз. Бүгін кондитерлік цехта жүріп бұл жұмыстың оңай емес екендігін түсіндім. Кәсіпкер торттың түрімен қатар дәміне де көңіл бөлу маңызды екенін алға тартты. Яғни, тұтынушылардың талғамы әртүрлі.

Кәсіпкермен жарты күн өткізген уақыт ішінде «торт жасауды үйреніп, қолға алып, кәсіп бастауға болады екен» деген ой келгені де рас. Бірақ ыстық күнде ыстық пештің қасында жүріп еңбек ету қиынның қиыны. Ал кондитерлік цехта жұмыс істейтіндер осы қиындықты еңсеріп келеді. Мұның өзі ерлік. Олар әрбір өнімді жасауда шын ықылас танытып, осы кәсіптің ұнайтындарын көрсетіп тұр. «Өзіңе ұнаған кәсіппен айналыссаң ғана жеңіске жетесің»деген сөздің растығы осы да шығар. Түрлі тәттіні пісіруде алдына жан салмайтын, «тапсырыс беруші келіп қалатын болды» деп жауапкершілік таныта жұмыс істеп жатқан кондитерлік цех аспазшыларының шеберлігіне тәнті болып қайттым. Еңбек етемін деген адамға атқарар іс көп екеніне бүгін тағы да көзім жетті. Бастысы, таза ниет пен адал еңбек болса, кәсіпті шыр айналдыруға болады. Тәттілері тіл үйіретін Ботагөз де «табыстың басты қағидасы – осы» дейді.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: