Жексенбі, 06 қазан, 03:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79-2089
05.10.2024
PDF мұрағаты

Жарқын жобаларға жол ашқан

07.02.2021

967 0

Кәсіпкерлікті өркендету – экономиканы дамытудың бірден-бір жолы. Өркениетті елдердің қай қайсысын алсақ та өздерінің экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешуде кәсіпкерлікке арқа сүйейді.  Себебі кәсіпкерлік халықтың жағдайын жақсартумен қатар қосымша жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді.  Иә, расында да бір адам шағын немесе орта кәсіпті қолға алса, бірнеше адамға жұмыс табылады емес пе? Мұның өзі үлкен демеу болары сөзсіз. Сонымен қаладағы кәсіпкерліксаласы қалай дамуда?

Сыр өңірі кәсіпкерлікті дамытуды қолға алу арқылы облыс экономикасын алға тартуды мақсат етіп келеді. Кәсіпкер, іскер жандарды табу арқылы жұмыссыздықпен, әлеуметтік ахуалмен күресуге әбден болады. Сол үшін де қазіргі кезде ауылдағы тұрғындар, оның ішінде жастар берілген мүмкіндікті пайдаланып, шағын болса да кәсібін бастауды қолға алған.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қала әкімдігінің күн тәртібінен түскен емес. Салыстырмалы түрде айтсақ, облыс бойынша нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарының 47,7%-і Қызылорда қала­сының енші­сінде. Қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің мәліметі бойынша, өткен жылы 26 мыңнан астам кәсіпкерлік нысаны тіркелді. Оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны 22 070 нысанды құрады. Бөлім мамандарының айтуынша, былтырғы 9 айдың көрсеткіші бойынша кәсіпкерлік саласында 172,3 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Оған шамамен 50 344 адам жұмыспен қамтылған.

Бағдарламалар бағытымен

Қала мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерінде шағын және орта бизнесті дамытудың басты көрсеткіштеріне жүргізілген талдау нәтижесіне келсек, әр елді мекен бойынша өркендеу байқалады. Әртүрлі бағытта кәсіпкерлік нысандары іске қосылып, ел игілігін көруде.

2020 жылы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жалпы құны 10 млрд 383 млн теңгені құрайтын 1615 жоба іске асырылып,                       1748 жұмыс орны ашылған.

Атап айтсақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында қалада 690 млн 900 мың теңгені құрайтын 130 жоба несиелендіру арқылы қар­жыландырылды. Аталған бағдарлама аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беру бағыты бойынша комиссия шешімімен құны 641 млн 830 мың теңге болатын 1268 адамның жобасы қолдау тапты.

«Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында бүгінгі таңда жалпы құны 6 млрд 536 млн теңгені құрайтын 161 жоба қаржыландырылды. Бұл бағыт бойынша құны 52 млн теңге болатын 21 жобасы қолдау тапқан. 

Ал «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы жүзеге асқаннан бері қалада 3 млрд 154 млн теңгені құрайтын 35 жоба қаржыландырылса, өткен жылы жалпы құны 968 млн 300 мың теңгені құрайтын 13 жоба қаржыландырылды.

Сонымен қатар екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдарында 1 млрд 400 млн теңгені құрайтын 3 жобаның құжаттары қаралуда. Биыл да кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған барлық бағдарламалар мен мүмкіндіктерді тиімді қолдану арқылы қала аумағында жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыс өз жалғасын табатын болады. Оған қоса ел игілігі үшін жаңа жобалар жүзеге аспақ.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: