Бейсенбі, 25 сәуiр, 11:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Шаштараздың табысы

19.10.2021

1045 0

Нарық заманында бизнеске қадам басып, өз күшімен немесе мемлекеттен алған қаражаты есебінен нәсіп тауып, кәсібін дөңгелеткендер жетерлік. Оны күнделікті өмірде көзбен көріп те жүрміз. Сондай мысалдың бірі – Бақыткүл Оспанова. Ол кәсібін осыдан 3 жыл бұрын бастаған. Ашығын айтқанда 2019 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы» ЖШС арқылы қайтарымсыз грант иеленген. Барлық талаптан мүдірмей өткен ол бөлінген 250 000 теңгеге шаштаразға қажет құрал мен өзге де керек-жарақты түгендеген.

Қазір Талсуат ауылында Бақыткүл Ыдырысқызын танымайтын, білмейтін адам жоқ. Оны көпке танымал еткен еңбегіне деген адалдығы әрі кәсібилігі екені анық. Бүгінде ауылда оның қызметіне жүгінетін тұрғындардың саны көп. Ауылдағы үйінің бір бөлмесін жабдықтап, шағын сұлулық салонын ашқан кәсіпкердің бір күні бос өтпейді. Қазіргі таңда кәсіпкер тынымсыз еңбегінің арқасында кәсібін дөңгелетіп отыр.

Біз де көптің аузында жүрген кәсіпкермен тілдеспек ниетте Талсуат ауылына арнайылап бардық. Кейіпкерімізді арнайы іздеп барып, кәсібі мен өмір жолы туралы ақпаратқа қанығудың сәті түсті. Кейіпкеріміз де шешіле сөйлесіп, кәсіпке келген мақсатын, алдағы жоспарынан сыр бөлісті.

– Өзім Арал ауданының тумасымын. Мектеп бітірген соң аудан орталығына училищеге оқуға түсіп, 1 жылда технолог мамандығын игеруге мүмкіндік туды. Алайда оқыған мамандығыммен жұмыс таба алмай, 3 ай тағы қосымша шаштараз мамандығын оқуыма тура келді. Сол кезде аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинаты мамандарынан тәлім алып, бағытымды айқындадым. Әсіресе Валентина есімді шеберден саланың қырсырын меңгеріп, тәжірибе жинап, еңбек жолымды осы шаштараздан болудан бастадым. Міне, содан бері 40 жылдан астам уақыт өттіпті. Әлі осы бағытта еңбек етіп келемін. Бұған дейін Арал ауданы мен Қызылорда қаласында жұмыс істесем, кейін ауылдан өз кәсібімді ашуға бел будым. Жеке кәсіптің артықшылығы көп емес пе? 2019 жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы қаржы алып, шаштараз бөлмесін аштым. Бүгінде аяқ алысымыз жаман емес, – деді ол.

Еңбек жолы ерте басталған кәсіпкер мектеп бітірісімен қолына қайшы мен тарағын ұстап, сұлулық әлеміне еніп кеткен. Содан бері онға жуық сұлулық салонында шебер болып табыс тапқан. 4 баланың анасы балаларын да аталмыш салада жүріп жеткізгенін айтады.

– Қазір мүмкіндік көп. Сұлулық салоны да жетерлік. Мәселен, 2000 жылдары Қызылорда қаласында салон аз болатын. Оған қоса қызмет құны да арзан еді. Небәрі 50- 60 теңгенің шамасында. Бірақ сөйтіп жүріп, сол табыспен бала-шағамды асырадым. Одан бөлек талай жастарды осы кәсіпке баулыдым. Қолымнан келгенін үйреттім. Жалпы бұл сала өте қызық. Мамандығымды жақсы көремін, ықыласым ауып сүйсіне істеймін. Қазірге дейін еңбек етуімнің сыры осында шығар, білкім. Жұрттан алған алғыс та қуат береді. Өзім жас күнімнен осы жолда жүргесін басқа салаға мойын бұрмадым. Жалпы қандай қызмет істесең де табыс көрсеткіші адал еңбекте жатыр. Сондықтан қазіргі жастарда қажыр-қайрат басым болуы шарт. Ол үшін ізденімпаз, білікті әрі білімді болуы керек деп ойлаймын, – деді Бақыткүл Оспанова.

Бүгінде кәсіп иесінің алға қойған жоспары көп. Халыққа қызмет көрсету үшін бір бөлмеде орналасқан кәсібінің аясын кеңейтіп, болашақта мемлекеттік гранттарға қатысуды көздейді. Ісі алға басса, кәсібін іргерілетумен қоса жұмыссыз жастарды еңбекпен қамтымақ. Егер талапты да талантты жастар аталған өнеріне қызықса, бірге кәсіп жүргізіп, шаштараз өнерін меңгертуге құлықты.

Жалпы еңбексіз жетістікке де, табысқа да қол жеткізу әсте мүмкін емес. Мұны кәсіп иесі жақсы біледі. Кәсіпкер қызмет ақысы халықтың қалтасына ауырлық түсірмейді.

Шыны керек, бүгінде мемлекеттік бағдарлама арқылы қаржы алып, кәсіп бастағандардың қарасы қалың. Кәсіпке икемің болса, ешкім жолыңды кеспейді. Бастысы, қолдау бар. Бүгінгі кейіпкеріміз секілді жігерлі жандардан өзгелер үлгі алып, қандай да бір шаруаның тетігін тапса, халық әл-ауқатының жақсаруына, ел экономикасының ілгерілеуіне зор үлес қосары анық. Біздің айтпағымыз осы ғана.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: