Жұма, 26 сәуiр, 07:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Еңбек еткенге бақыт басын иеді

06.03.2022

1313 0

Ләззат Сейітова, кәсіпкер:

«Еңбек ететін адам сылтауды қажет етпейді», – дейді

Рас, еңбек еткен жанның табысқа кенелетіні анық. Тек әрекет пен ынта қажет. Ол әйел немесе ер азаматты таңдамайды. Бүгінде нәзік жандар да ерлермен иық тіресе еңбек етуде. Бұл көшбасшылық жұмыстарда әйелдер қауымының рөлі зор екендігін айқындайды.

Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау аясындағы мемлекеттік бағдарламалар өзін-өзі жұмыспен қамтыған жұртшылыққа дем беруде.

Осының нәтижесінде нәзікжандар қоғамға белсене араласып, өз істерін ашуда. Кейіпкеріміз Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны Ләззат Сейітова мемлекет беріп отырған мүмкіндікті пайдалануды мақсат етті. Жұмыссыз болып үйде отырғаннан, әрекет жасағанды жөн көрді. Тілегі қабыл болды. 2017 жылы «Жұмыспен қамту» бағдарламасы арқылы 3 миллион теңге несиеге қол жеткізген. Ауыл шаруашылығы бағытында алған несиемен мал басын көбейтемін деп жоспар құрды. Ол қаржысына 10 бас мүйізді ірі қара алған. Олардың санын жиырмаға жеткізеді. Өнімін саудаға шығарып, табыс таба бастайды. Ауыл тұрғындары мен қалаға сүт жеткізіп, кәсібінің берекесін көруде.

Ләззат апамен кездесу үшін таңертең ерте бардық. Себебі малдарын өріске айдап, жем-шөп берудің қамына кіріседі. Біз барған кезімізде сауын шелегін алып, сиыр сауғалы жатыр екен.

– Бастапқыда қиын болды. 10 сиырды сауу, жем-шөбін даярлау қажырлылықты қажет етеді. Ұлым мен жолдасым көмектесті. Ауыл тұрғындарына өз өнімімді ұсындым. Оңай жерде жұмыс жоқ. Сондықтан үлкен кәсіп иесі болу үшін мұндай қиындықтарға шыдау қажет. Мемлекет те жұмыссыз жанға қолдау көрсетіп келеді. Осындай мүмкіндікті пайдалана білген жөн. Қазір ісім өрге басып тұр, – дейді ол.

Бұл кәсіпке нарық тарапынан сұраныс еш уақытта да бәсеңсімесі анық. Себебі ет, сүт өніміне тұтынушылар тарапынан сұраныс қашан да жоғары. Ләззат апа күнделікті өнімін қайда өткіземін деп бас қатырып жатпайды. Оның тұрақты сатып алушылары бар.

Ләззат Есіркепқызы – бес баланың анасы. Дегенмен ана, әйел рөлінде ғана емес, табысты әйел болуды қалады. Тамшыдай көмектен теңіз жасап, отбасылық істің көзін тапқан кәсіпкердің ісіне сүйсінуге болады. Мал басы көбейгеннен кейін тағы да несие алуды жөн санайды. Өткен жылы қайта қаржыландыру арқылы мемлекеттен 2 миллион теңге қаражат алып, ірі қара басын көбейтті. Осындай жандар көпке үлгі болуы тиіс. Кейіпкеріміз өз жұмысының қиындығы мен берекесін таразылап айтып берді.

– Негізі қарекет ететін адам сылтауды қажет етпейді. Көп адам мал шаруашылығымен айналысқанды ауыр санайды. Мұның себебі, жұмыс істеуге құлшынысы жоқ деп санаймын. Бұл істе береке бар. Үй шаруасымен бірге кәсібің де жүріп жатыр. Тек екі мезгіл сиырды сауып, жем-шөбін берсең болғаны. Етін де, сүтін де пайдалануға болады. Сондай-ақ табиғи таза өнімді тұтынасың. Бұрыннан мал баққан елміз. Қорадағы мал әрбір үйдің сәні деп есептеймін. Осы кезде қажыр-қайрат жұмсасақ, зейнетін көреріміз анық. «Адамды көркейтетін – еңбек» дегенді естен шығарған емеспін. Аянбай еңбек етіп келемін. Тұрмысым да берекелі, – дейді кәсіпкер.

Ләззат Сейітова алдағы уақытта осы саланы кеңейтіп, жылқы малын көбейтуді жоспарлауда. Иә, көп еңбек еткенге бақыт та басын иеді. Адам еңбегімен бағалы деген рас қой.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: