Сәрсенбі, 20 қараша, 18:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Алатауымен аялаған Алматы

05.01.2021

2893 0

Міне, күнтізбе бойынша 2021 жылға қадам бастық. Жыл басында біздің оқырмандарды жаңа айдарлар күтіп тұр. Соның бірі – «Атамекен, мен сені білемін бе?» атты айдары. Айта кетейік, 1994 жылы «Ақмешіт апталығы» газеті шыққан кезде дәл осы айдармен мазмұнды мақалалар жарияланған екен. Биылдан бастап біз де осының ізімен әрмен қарай қайта жалғастыруды қолға алдық. Яғни Қазақстанның барлық облысына жазбаша саяхат жасайтын боламыз.

Олай болса құрметті оқырман, бізбен бірге айдарымызға шолу жасап, саяхаттауға шақырамыз.

Алғашқы қаланы Алатаудың бөктеріндегі апорт алмасымен аты шыққан, бір кездері еліміздің астанасы болған әсем Алматыдан бастаймыз.

Алматы жайлы білгіңіз келсе…

Бұл қала Қазақстанның ең ірі мегаполисі. Ғылыми, білім беру, мәдени, тарихи, эко­номикалық, қаржылық, банктік және елдің индустриялық орталығы болып табылады. Қаланың аты – Алматы. Көпшілік оны алманың мекені деп атап та кеткен. Алматы Іле Алатауының бөктерінде, Тянь-Шаньның солтүстік жотасының етегінде, Қазақстанның оңтүстік-шығысында, Еуразия құрлығының орталығында орналасқан. Алматы қалалық аумағында бақтар мен бақшалар, саябақтар сегіз мыңнан астам гектар жерді алып жатыр. Ал тұрғындар саны шамамен 2 млн-ға жетіп қалды. Өйткені бұл жақта жыл өткен сайын қоныстанушылар қатары артып келеді.

Үлкен қала мәдени ошақтарға өте бай. Театрлар, мұражайлар, сурет галереялары баршылық. Сондай-ақ джаз, рок, ретро фестивальдері осында өтеді. Сонымен қатар Алматыда қаланың ерекше мәртебесін көтеретін Қазақстандағы ірі банктердің бөлімшелері, көпұлтты қаржы институттар мен еншілес компаниялар орналасқан. Көптеген оқу орындарын да осы шаһардан табуға болады. Оған қоса Алматы – демалыс алаңы. Яғни қаланың шет жағында Медеу мен Шымбұлақ тау шаңғысы орталығы секілді көптеген спорт кешені, жанға жайлы шипажайлар, тау арасынан демалыс орталықтары бой көтерген.

Алатауымен аялаған Алматы

Туризм саласы дамыған шаһар

Алматы біздің дәуіріміздің бірінші мың­жылдығында арабтарға, қытайларға, парсыларға, гректерге жақсы таныс болған Жібек жолындағы ең көне қоныстың бірі болып саналады. Қала экотуризмді дамыту үшін бірегей табиғи әлеуетке ие болды. Тарихи-мәдени мұраға бай мекен туризм үшін салыстырмалы түрде тұрақты және қауіпсіз орын болып табылады.

Жыл артқан сайын жаңарған туризм саласы бойынша келушілер қатары көбіне мына аймаққа барғанды ұнатады. Олар – Шымбұлақ, Ақбұлақ, Медеу, үлкен Алматы көлі, Алмарасан, Көктөбе сынды демалыс орындары. Ал ірі туристік аймақтарға мына орындар жатады: Тамғалы, Қарақыр, Іле, Жетісу Алатауы, Шарын, Талғар шатқалдары, Шелек өзені, Бартоғай су қоймасы, Жаркент қаласы, «Көлсай», «Алтын емел», Тамғалы-тас ұлттық парктері, Хан Тәңірі шыңы, Текес, Баяныкөл, Іле өзендері, Нарынкөл  төңірегі, Қапшағай, Шоқан Уәлиханов мемориалы, Бұрхан-бұлақ сарқырамасы, Алакөл, Балқаш көлдері.

Соңғы 5 жылда Алматы қаласына келген шетелдік туристер саны өскен. Олардың ең көп ағыны Ресей, Өзбекстан, Түркия, Үндістан, Украина, Оңтүстік Корея, Тәжікстан, Германия, АҚШ, Түрікменстан, Ұлыбритания, Беларусь, Әзірбайжан, Малайзия, Гонконг, Жапония, Франция, Италиядан келгендері байқалады. Бұл елдерден келген меймандардың көршілігі қалаға іскерлік шараларға қатысу үшін, кейбірі жеке іс сапармен келеді. Олардың арасында экскурсияға, сауда-саттыққа, тау мен оқиғалық туризмге сұраныс бар. Оның ішінде кей туристер арнайы бейне роликтер түсіру үшін саяхат жасайды.

Алатауымен аялаған Алматы

Сіз қай демалыс орнына бардыңыз?

Жалпы қала мен қала маңында жанға жайлылық сыйлайтын демалыс орындары жетерлік. Басында айтып өткендей, жыл сайын Алматыға келетін туристердің қатары да көбеюде. Егер сізге көркем Алматыға жол түссе, бару керек деген көрікті жерлерді ұсынамыз.

Тұңғыш Президент паркі

Алматыдағы керемет демалыс орындарының бірі. Бұл дендросаябақ қаладағы Бостандық ауданында орналасқан. Серуендеп, жаяу қыдыруға қолайлы жер.

Алатауымен аялаған Алматы

Медеу және мың тепшек

Медеу – жасанды мұз айдыны бар дүние жүзіндегі ең ірі спорт кешені. Бұл Алматыдан 18 шақырым жерде орналасқан. Сәулет өнерінің ерекшелігі мен табиғатының арқасында Медеу мұз айдыны әлемге танымал. Сонымен қатар мұнда келгендер мың тепшекке де көтеріле алады. Бұл да спорттың бір түрі.

Шымбұлақ шақырады

Алматыда бір керемет жер бар. Оны Алматының інжу-маржаны деп те атайды. Бұл – 2510 метр биіктікте орналасқан Шымбұлақ тау-шаңғылық курорты. Мұнда таудың таза ауасымен тыныстап, шаңғы тебуге болады.

Алатауымен аялаған Алматы

Көктөбеге көтеріліңіз

«Алматы алақандағыдай болып көрінеді» деген теңеуді Көктөбеден ғана айта аласыз. Ол – қаланың оңтүстік-шығысында орналасқан төбе. Биіктігі – 1070 метр. Көктөбе телемұнарасы түрлі-түсті жарықпен қала тұрғындары мен қонақтарын өзіне ерекше тартып тұрады. Биік төбеден Алматының сұлулығын емін-еркін тамашалауға мүмкіндік бар.

Алматының Алмарасаны

Бұл – Алматының оңтүстік-батысында орналасқан тау шатқалы. Демалыс күндері жаяу қыдырып, әдемі пейзаждың куәгері болғыңыз келсе, Алмарасанға бару керек. Шатқалдың жоғары жағында теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте үлкен Алматы көлі бар.

Алатауымен аялаған Алматы

Үлкен Алматы көлінде байқау керек

Көл тереңдігі – 45 метр. Суының сапасы өте жақсы. Бірақ суға түсуге немесе қайықпен жүзуге болмайды.  Себебі қауіпті. Сонымен қатар бұл жақта шыбын да, маса да жоқ. Бір таңғаларлығы, көл суының түсі әр мезгіл сайын өзгеріп отырады. Кейде зеңгір көк болса, бірде көгілдір, енді бірде ашық көк түсті болып құбылады.

Шарын шатқалына шығыңыз

Бұл шатқал Алматыдан шығысқа қарай 195 шақырым қашықтықта Қытаймен шекараға жақын жерде орналасқан. Оған қоса ұзындығы шамамен 2 шақырым, ені 20-80 метрді құрайтын қамалдар аңғары деп аталатын жер туристер үшін ең қызықтысы болып табылады. Дәл осындай шатқал Қазақстан бойынша Алматыда және Солтүстік Америкада ғана бар.

Алатауымен аялаған Алматы

Кептері көп саябақ

Негізі Алматының кез келген жерінен кептер құсын көре аласыз. Олар адамнан қашпайды. Міне, осындай бейбітшілік құсы көп жер – 28 гвардиялық-Панфиловшылар саябағы. Медеу ауданында орналасқан саябақтың аумағы – 18 гектар. Аталған демалыс орны 19-шы ғасырдың соңында іргесі қаланған қаладағы ең алғашқы саябақ. Оның ортасында «Мәңгілік алау» үнемі жанып тұрады.

Зоопаркті ұнатасыз ба?

Алматы қаласындағы орталық саябақта орналасқан зоопарк Орта Азиядағы үлкен зоопарктер қатарына кіреді. Жылдың кез келген мезгілінде жануарларды көруге әрі серуендеуге мүмкіндік мол.

Алатауымен аялаған Алматы

Алматы туралы жиі еститін сөздер

Расында да, көпшілік арасында осы әсем қала туралы жиі айтылатын пікірлер көп-ақ… Біріншісі, «Алматыда жер сілкінісі жиі болады» деген әңгімені еститініміз жасырын емес. Иә, ол орынды пікір. Жер сілкінісі болады. Бірақ адам қорқарлықтай дәрежеде емес. Кейде оны алматылықтардың өздері де байқамай қалады.

Екіншісі, «Алматыда күнде жауын» деп жатады кейбірі. Бұл енді шындыққа жанасады. Өйткені бір сәтте қаланың екі басында екі түрлі ауа райы болады. Мұның өзіндік себебі бар. Шаһар Іле Алатауының баурайында орналасқандықтан оңтүстігінде теңіз деңгейінен 1500-1700 метр биіктікте, Медеу шатқалында, Тасты аймақта мұздықтардың суық лебі сезіледі. Оның үстіне Алматының климаты континентальді. Сол себептен мұнда жаңбыр жиі жауады.

Үшіншісі, «Алматыда жұлдыздар көрінбейді» деседі. Иә, сырттан келгендердің айтатыны осы. Алматының түнгі аспанынан жұлдызды көру қиындау. Өйткені оған қаланың жарығы мен тұманы кедергі келтіреді. Әйтсе де жауыннан кейін немесе тұман сейілгенде көруге болады. Онда да анық емес.

Төртіншісі, «Алматы көшелерінде апорт өсіп тұрады» деген пікір жиі айтылады. Үлкендердің айтуынша, бұрын Абай, әл-Фараби, Достық көшелерінің бойында апорт алмаларының бағы болған екен. Ол кезде алманың мол беретіндігі соншалық көшеден өтіп бара жатқан әрбір адам қалағанынша теріп ала беретін көрінеді. Алайда кеңес үкіметі құлаған тұста бақтар қараусыз қалып, талан-таражға түскен. Ал қазір апортты тек таудағы бақтардан аласыз.

Бесіншіден, «Алматының астында құпия туннельдер бар» дейді. Бұл да рас. Туннельдер 28 Панфиловшылар саябағының астында бар көрінеді. Ол туралы Николай Долматовтың «Тайны Алматы» деректі фильмінде көрсетілген. Ал екенші туннель Достық пен Гоголь көшелерінің қиылысында орналасқан. Бұрын ол жерде собордың тазалығына қарайтын монах әйелдердің жатақханасы болған. Алтыншыдан, «алматылықтар сырттан келгендерді жақтырмайды» дегенді де естиміз. Ал бұл қаншалықты рас?

Шындығына келгенде мүлдем керісінше. Алматының адамдары табиғаты секілді жайдары. Қайта сырттан келгендерді жылылықпен өздеріне баурап алатын қасиетке ие. Әркім өз-өзімен, тату тірлікте өмір сүруде. Содан-ақ бұл жақта көпұлтты қала екенін аңғара беруге болады.

Тілші түйіні:

Жүрсең сен аясында Алматының,

Табасың саясында жанға тыным.

Қайтесің Қара теңіз, Қырымдарды?

Артық жер Алматыдан бар ма, күнім? –  деп ақын Асылбек Абдрахман жырлағандай, қалтаңызға салмақ түсіріп, шетел аспай-ақ өзіміздің Алматыдай арман қаланы аралауға да болады емес пе, ағайын…

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: