Жұма, 29 наурыз, 20:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Кешіккен сезім

16.04.2022

811 0

Ол кезде мектеп  оқушысы­мын. Алаңсыз сабағымды оқып, мектеп пен үйдің арасындағы асфальтты тоздырып жүрген кез. Озат оқушы болайын десем кей мұғалімдердің маған 5 қойғысы келмей жүрген кезі. Содан деңгейім осы болып тұр ғой деген оймен төртке мәз боп жүре берейін деп шештім. Сөйтіп, сабақ-үй, сабақ-үй дегеннен де жалықтым. Бұлай жүргенім болмас, күнделікті өмірімді қызықты ету керек деген ой келді.

Көп ойланып біреуге ғашық болам деп шештім, құдды махаббат қолдан жасалатын дүние секілді. Отырып алып сыныптағы қыздарды ойша тізіп шықтым да, өзіме қарап алудың орнына, әрқайсының «минустарын» санадым. Ең соңында бір қызды таңдап, сол күннен бастап оған ғашықпын деп есептедім. Енді сезімімді қалай білдіру керектігін ой­ластыру керек…

Ол кезде тіке барып айтуға «дух» жоқ, махаббат деген тығырыққа тіреп тастады. Күн­делікті сөйлесіп жүрген сыныптасыммен сәлемдесуден қалдым. Өйткені онымен сөйлессем сыныптағылар «Тили-тили теста, жених и невеста» деп мазақтай ма деген қорқыныш басым. Осылай жүргенімде ғашықтар күні де келіп жетті. Темірді қызған кезінде соғу керек. Оның үстіне достарым да идеяны төкпелеп, олардың «Сол күні айтпасаң өзіміз айтып қоямыз», – деген сөздерінен де сескеніп жүрмін. Содан тәуекел еттім де ашықхат, блокнот пен қалам сыйлайтын боп шештім.

Үй жақтағы дүкенге барып сыныптағы тоғыз қыздың се­гізіне 25 теңге тұратын кішкентай және «ғашығыма» бір үлкен ашықхат алдым. Бәрінің ішіне кімнен екенін жаздым да тағы ойландым. Бір ғана ашықхат ол қызға аздық ететіндей көрінді.

13.00-де басталатын са­баққа сағат 11-де шығып кеттім. Күнде кешігіп баратын баласының бұл ісіне таңғалған анам аң-таң күйде қалды үйде. Мектептің қасындағы «Игілік» деген дүкеннен блокнот пен әдемі қалам сатып алдым. Мектепке зып беріп кіріп, бос кабинет тауып алдым да дәптердің шетінен кішкентай етіп жыртып алған қағазға хат жаздым. Ол хаттың ішіндегі әңгіме «сенің мөлдір көздерің» деп басталып, сүйем-күйеммен аяқталды. Енді ол хатты тек өзі оқитындай етіп тығу керек. Содан әлгі қаламның қақпағын шешіп, ішіндегі пастаға мық­тап тұрып хатты орап, қақ­пағын қайта жауып қойдым.

Ал сабақ басталды… Ашық­хаттар анадан-мынаған, анда-мында таратылып жатыр. Енді менің кезегім. Класты айналып жүріп таратып бер­дім. Тараттым деген аты болмаса ұяттан қызарып бара жатқан мен әр қыздың партасына міндетсінгендей «мә» деп лақтыра салдым. Ең үлкенін кімге берер екен деп мойын созғандар әлгі қызға бергенімде қызарып тұрғаным аздай «Е-е-е, мә-ә-ә, о-о-о, романтик» деп гуілдеп кетті.

Сол күннен бастап ыржа­қай, жүрген жерінде әзілін бірге алып жүретін Аслан сап тиылып, өзінше «жігіт» болып жүр. Сабақта отырып тығылып әлгі қызға қарап қоятын әдетті де шығарды. Бірақ махаббаттың оты маздап тұрғаннан ба, әлде «тормоз» болғаннан ба ол қыздың жанына жақындаған емес. Осылайша өзімше сырттай ғашық болып, ол да маған ғашық қой деп өзімді-өзім алдап жүргенімде ол қыз бір сәтте бар сезімнің быт-шытын шығарды.

Математика мұғалімі тақ­таға шығарған соң, терлеп-тепшіп есептің берілгенін екі сағат асықпа-а-ай жаздым. Сөйтіп, ол қыз да тақтаға шықты. Оны ойлайтын шама жоқ, мен білетін көбейту-бөлуден басқа тағы бірдене білетін досымның ана есепті жібергенін күтіп тұрмын. Бір кезде дыз етіп SMS келді. «ВКонтактеден» досым есеп­тің жауабын жіберіпті. Теле­фонды кітаптың ортасына қойып алып, берілгенін жаз­ғаннан да тез етіп жазып шықтым. Енді апайдың есепті тексергенін күту және «Қалай шығардың?» деп сұрамауын тілеу керек. Содан апай қарап «О-о, жарайсың, оқысаң оқи­тын баласың ғой» дегеніне енді қуанайын деп тұрсам жақсы көретін қызым «Апай, ол телефоннан көшіріп алды, кітаптың ортасында телефоны тұр» деп сатып кетпесі бар ма…

«Шок» болып мен тұрмын, қызы сатып кетті деп көзі бақырайып достарым отыр. Мұғалім телефонды үстел үстіне қойдырып, келесі есепті шы­ғар деп тақтаға тұрғызып қойды. Ана қыз маған қарап мәз. Махаббаттан күдерін үз­ген, ғашығынан айырылған, есепті шығара алмайтынын білген мен тұрмын жүрегім қақ айырылып. Сөйтіп, сабақ біткенше тақтаның алдында тұрып, әдемі көшіргенің үшін деп 3 деген бағаны қойдырып алып сыныптан шығып кеттім.

Солай бір сәтте ғашығымды жек көріп кетіп, махаббатқа жоламаймын деп шештім. Өзім­нің баяғы «басы бос» кезіме оралып, күнде ойын-күлкімен жүре бердім. Әлгі қызды әзілдің астына алып, ол маған ренжіп, мені қуалап ұра жөнелетін. Сондай күндердің бір күнінде «ВКонтактеден» әлгі қыз «Мана сабақта ручкам жұқпай, пастасын алып үрем деген кезде хатыңды көрдім. Сен де маған ұнайсың» деп жазып жіберіпті. Ол кезде қызды «бұрынғы ғашығым» деген қатарға қосып қойған мен еш қысылмастан «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды. Мен сені жақсы көрмеймін» деп жауап жаздым.

Кейін уақыт өте келе әңгіме арасында сол оқи­ға туралы сөйлестік. Сөйтсем мазақтасам ар­тымнан қуалап жү­ріп ұрғаны оның «жақ­сы көрем» дегені екен ғой. «Бьет – зна­чит любит» дей ме? Не болса да ол қыз­дың сезімі кешігіп, бір мезгілде, «взаимно» ғашық болмай қалдық. Бірақ тақтада тұрғанда неге айтып қойғанын әлі күнге дейін түсінбедім. Өзінен сұрасам да білмейді «Нас, девушек, не понять» деп қояды өзінше.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: