Салмағы 8 тоннадан асатын жүк көліктері қалалар мен елді мекендерге кірмеуі керек. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкіметте өткен брифингте айтты, – деп хабарлайды KAZINFORM
Осы себепті министрлік 220 автоматтандырылған өлшеу жүйесін сатып алды және Астана айналасында автоматтандырылған өлшеу жүйелерінің желісін құрып жатыр.
— Қазір «Сергек» камералары ештеңені көзден таса қалдырмайды. Олар ауыр жүк көлігінің нөмірін анықтап, автоматты түрде оның өлшеу жүйесінен өткен-өтпегенін тексереді. Егер өтсе, бірден айыппұл салынып, айып тұрағына жіберіледі, — деді Нұрлан Сауранбаев.
Оның айтуынша, мұндай көліктер үйлердің конструкциясына әсер етіп қана қоймай, қала ішіндегі жолдарды да бүлдіреді. Қаланың автомобиль жолдары ауыр жүк көліктерінің жүруіне бейімделмеген.
— Бұл әлемде бар тәжірибе. Мұндай ауыр көліктер жалпыға ортақ жолдарға шықпауы керек. Мәселен, салмағы 60 тоннаға жететін ірі карьерлік жүк көліктері бар. Бұл тұтас бір вагонның салмағы. Мемлекет жол салуға триллиондаған қаржы жұмсап жатқанда, мұндай көліктер бір маусымның ішінде-ақ бәрін бүлдіруі мүмкін. Сондықтан жолдарды бақылау және ауыр жүк көліктерінің жолға шығуы өте қатаң түрде тоқтатылады, — деді Көлік министрі.
Ай соңында Астанада автоматтандырылған өлшеу жүйелерінің пилоттық жобасы аяқталады. Кейін оны қалалардағы бейнебақылау жүйелерімен байланыстыру қиын болмайды, өйткені мұндай жүйелер барлық қалада бар.
— Пилоттық жоба өзінің тиімділігін көрсетті. Мысалы, айналма жолмен өткен шамамен 700 көлікті анықтадық, соның ішінде 200-ге жуығы өлшеу жүйесіне тіркелмеген. Цифрландыру осындай мәселелерді анық көрсетіп отыр, — деді Нұрлан Сауранбаев.
Бұған дейін Нұрлан Сауранбаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары айтқан сын-ескертпелерге пікір білдірген еді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
