Күннің жылынуымен жедел ішек инфекциясы ауруларының тіркелу қаупі арта түседі. Себебі ауа температурасының жоғарылауынан сыртқы ортада бактериялық инфекция, әсіресе жедел ішек ауруларын тудыратын қоздырғыштардың тіршілік етуіне және көбеюіне қолайлы орта қалыптасады.
Бүгінгі күні Қызылорда облысының аумағында жедел ішек инфекциялары аурушаңдығы бойынша эпидемиологиялық жағдай бірқалыпты. Жыл басынан бері инфекция жұқтырудың 222 жадайы тіркелді. Өткен 2025 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейі 10,2% төмендеген. Ауруға шалдығу деректерінің басым бөлігі облыс орталығының үлесінде – 97,2%.
Жұқпалы жедел ішек ауруларымен науқастанғандардың 86,9% – 14 жасқа дейінгі балалар, соның ішінде жоғары аурушаңдық көрсеткіш 2 жасқа дейінгі балалар арасында анықталуда. Бұл тұрғыда аналардың назарына нәрестелерді немесе балаларды тамақтандыру барысында пайдаланатын ыдыстардың тазалығына аса мән беру қажеттігін еске саламыз, себебі көп жағдайда осы балалар күтіміне салғырт қараудың салдары осындай аурушаңдыққа әкеп соқтырады.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мамандарымен жүргізілген эпидемиологиялық зерделеу жұмыстары барысында аурудың басты таралу себептері – үй жағдайында дайындау технологиясы бұзылған, дұрыс сақталмаған тағамдарды тұтыну, мерзімінен ерте піскен жеміс-жидектерді мөлшерден тыс пайдалану, қайнамаған су және бала күтімі барысында жеке бас гигиенасының сақтамау салдарынан екендігі анықталды.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жедел ішек инфекцияларының негізгі алдын алу шараларын ұсынады:
– жеке бас гигиенасын сақтау;
– су ішу үшін тек қайнатылған немесе бөтелкедегі тазартылған суды пайдалану;
– жеміс пен көкөністі жақсылап жуу;
– тез бұзылатын тамақ өнімдерін салқын жерде сақтау, жарамдылық мерзімі өткен азық-түлікті пайдаланбау;
– шикі өнімдерді өңдеу үшін жеке-жеке асүй жабдықтарын (пышақ және кесу тақтайлары) қолдану. Шикі өнімдерді дайын өнімдерден бөлек сақтау;
– субұрқақтарға суға түсуді болдырмау, тек арнайы белгіленген орындарда ғана шомылу;
– асүйді, ауланы таза ұстау.
Ауру белгілері байқалған жағдайда медициналық көмекке жүгіну қажет. Өзін-өзі емдеумен айналысу аурудың асқынуына әкеп соғуы әбден мүмкін екендігін еске саламыз.
Гульмира Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
