Сейсенбі, 19 мамыр, 01:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№37 (2249)
19.05.2026
PDF мұрағаты

Тасбөгеттегі мәселелер мәслихат мінберінде айтылды

19.05.2026

38 0

Бүгінде депутаттар сессияда қалаға қарасты ауылдық округ пен кенттердің мәселесін жиі көтеріп, ауылдардың инфрақұрылымы мен абаттандырылуын, әлеуметтік нысандардың күрделі жөнделуіне назар аударып,  сессияның күн тәртібіне қойылған мәселені егжей-тегжейлі анықтау үшін елді мекендерді аралап көруде. Кезекті  сессияда Тасбөгет кентіндегі әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу мәселесі  күн тәртібінде қаралып, халық қалаулылары  кенттегі  шешімін таппай жатқан жайттармен танысқан болатын. Осыған орай қалалық мәслихат депутаты Ақманат Төлегенова­мен сұхбаттасқан едік.

– Тасбөгет кентінің мәселесін мәслихат мінберінде көтеріп жүргеніңізді білеміз.  Соңғы кезде кент көпқабатты үйлерімен көз тартады. Дегенмен  тасбөгеттіктер үшін тұрғын үйге қатысты мәселе бар ма?

– Қазіргі таңда кент аумағында 95 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның ішінде 25 үй апатты деп танылған. Бұл – тұрғындарды да алаңдатып отырған ең өзекті әлеуметтік мәселе. Бүгінгі күні апатты үйлердің тұрғындарына жаңа пәтер беру немесе оларды басқа жерге көшіру бойынша нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Дегенмен бұл мәселе назарда. Қазіргі таңда тиісті мекемелер тарапынан түрлі ұсыныс  қарастырылуда. Сонымен қатар тұрғын үйлердің жағдайын жақсарту бағытында да жұмыс жүргізілуде. Мәселен, 2025 жылы апатты емес 16 көпқабатты үйдің шатыры жөнделді. Бұл да тұрғындарға жасалып жатқан қолдаудың бір көрінісі деп ойлаймын.

Алдағы уақытта апатты үйлер мәселесін кезең-кезеңімен шешу, яғни үйлерді  күрделі жөндеу  немесе тұрғындарды қауіпсіз жаңа баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс  жалғасады. Себебі бұл – халықтың қауіпсіздігі мен өмір сапасына тікелей қатысты маңызды мәселе.

– Кәріз суын тазартуға арналған модулдық  станция­сының қазіргі жай-күйі қалай? Сол туралы да айта кетсеңіз. 

– Кәріз су станциясының мәселесі – кенттегі тұрғындарды көптен бері мазалап келе жатқан ең үлкен мәселенің бірі. Қазіргі таңда станция мен тұрғын үйлердің арасы өте жақын, шамамен 200 метрдей ғана. Сол себепті тұрғындар жағымсыз иіске байланысты үнемі шағым айтып келеді. Әсіресе жаз айларында терезе ашу қиын, кейде далаға шығып отырудың өзі қолайсыз болатынын жиі айтады. Бұл – рас мәселе. Мен өзім де ол жерге бірнеше рет барып көрдім, сондықтан тұрғындардың айтқаны орынды деп ойлаймын. Қазір бұл станцияға кәріз суын төгу тоқтатылған. Бұрын келіп төгетін ассенизатор көліктері енді Титовтағы тазарту станциясына барып құйып жүр. Бұған дейін кейбір көліктердің кәріз суларын арнайы орындарға емес, жолай бос жатқан жерлерге төгіп кеткен жағдайлары да болған. Қазіргі таңда ондай мәселелер тоқтап, бақылауға алынған деуге болады.

Негізгі жоспар бойынша бұл станцияны Қызылжармадағы тазарту станциясына қосу жобасы қарастырылып жатыр. Жобаның құны – 6,2 миллиард теңге. Қазір қаржы бөлу мәселесі қаралуда. Егер қаржы бөлінсе, бұл мәселе де түбегейлі шешімін табады. Соның нәтижесінде кенттің экологиялық жағдайы жақсарып, тұрғындарға әлдеқайда қолайлы орта қалыптасады.

– Халықтың денсаулығы қоғамның басты байлығы. Тасбөгеттіктердің денсаулығын қадағалап,  ем жүргізетін №4 емхананың жағдайы өзіңізге белгілі.  Өзектілігі күн тәртібінен түспей тұрған емхана мәселесі қалай шешілмек?

– №4 қалалық емхана бүгінде кент тұрғындары үшін өте маңызды медициналық мекеме болып отыр. Қазіргі таңда бұл емханаға кент тұрғындарымен бірге кентке қарасты елді мекендерді қосқанда 40 мыңнан астам адам қарайды. Бірақ емхананың қазіргі ғимараты бүгінгі талапқа толық сәйкес келмейді. Ғимарат ескі, кезінде, нақты айтқанда 1984 жылдары салынған бұрынғы «Қазпочта» ғимараты болған. Медициналық құрал-жабдықтар да жеткіліксіз, тұрғындарға қолайлы жағдай толық жасалмаған. Әсіресе мүгедектігі бар азаматтарға өте қиын, себебі ғимаратта лифт қарастырылмаған.

Сондықтан жаңа, заманауи емхана салу мәселесі өте өзекті болып отыр. Қазіргі таңда бұл мәселе тиісті деңгейде қаралып, жаңа нысан салу үшін ұсыныс  берілуде. Сессияда облыстық денсаулық сақтау басқармасының маманы да бұл мәселені айтып өтті. Қазір тұрғындарға ыңғайлы жерден жаңа ғимарат болмаса да, уақытша  ғимарат қарастырылып жатқанын жеткізді. Құдай қаласа, алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін табады деп ойлаймын.

– Халық қалаулылары С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің қазіргі жай-күйімен танысты.   Күрделі жөндеу жасала ма?

– Ең өзекті мәселені қозғадыңыз. Шынында Сәбира Майқанова атындағы мәдениет үйі бүгінде күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Қазіргі таңда онда 35 ке жуық  қызметкер жұмыс жасайды. Сонымен қатар ішінде №1 және 13 қалалық кітапхана орналасқан, оның тұрақты оқырмандары бар. Бұдан бөлек, осы мәдениет үйінде «Арман» инклюзивті театры жұмыс істейді. Жалпы бұл ғимаратта жылына 100-ден астам мәдени шара өтеді. Сондықтан бұл нысан кент тұрғындары үшін маңызды рухани орталықтың бірі деуге болады.

Күрделі жөндеу мәселесі бойынша ұсыныс ресми түрде көтеріліп, жоспарға енгізілген. Дегенмен, бәрі қаржы мәселесіне келіп тірелетіні белгілі. Соған қарамастан, өткен жылы мәдениет үйінің ішіне жаңа ковролан төселіп, заманауи LED экран алынды. Сонымен бірге  өткен сессияда қыс мезгілінде де, жазда да пайдалануға болатын екі «зима-лето» кондиционері  орнатылды.

– Кент көркін кіргізетін саябақ  абаттанса, тұрғындарға демалыс орнына айналар еді.  Сол аумақты көгалдандыру жоспарда бар ма?

– Кент орталығындағы жалғыз саябақ пен аллея да бүгінде толық абаттандырылмаған. Алдағы уақытта бұл аумақтарды жаңғырту, тұрғындардың демалуына қолайлы орта қалыптастыру бағытында жұмыс  жүргізіледі деп жоспарланып отыр.

– Тасбөгет кенті көшелері талмен көмкерілген.  Алайда су айдайтын насос істен шығып қалатын кездер айтылып жүр. Биыл тұрғындар аяқсу мәселесіне кезікпей ме?

– Қазіргі таңда кентке үйлестірілген 4 насос бар. Бүгінде төрт насос та қалыпты жағдайда жұмыс істеп  тұр. Әрине, техника болғаннан кейін кейде ақау шығып, істен шығатын жағдай  болады. Бірақ қазіргі уақытта насостардың жұмысы бақылауда. Өткен сессияда кент көшелерін күтіп ұстау, арықтарды тазалау және насостардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін 15 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл қаржы алдағы уақытта жүйелі жұмыс жүргізуге мүм­кіндік береді деп ойлаймын.  Сондықтан алдағы уақытта насостардың жұмысы тұрақтанып, тұрғындарға қолайсыздық тудырмайды деген сенім бар.

– Тұрғындардың сауалдары  жал­пы жол, жарық  инфрақұры­лым­ға қатысты өзекті­лікке ие. Шет аймақтағы көшелер қашан жөнделеді? Кейбір шет жақтағы көше­лерге қо­ғамдық көлік қаты­на­майды. Сол қалай ше­шіл­мек?

– Тұрғындардың қа­лып­ты әрі жайлы өмір сүруі үшін ең алдымен инфра­құрылым мәселесі маңызды екені белгілі. Қазіргі таңда кентіміз едәуір үлкейіп, халқы­ның саны 35 мыңнан асты. Соған байла­нысты шешімін күтіп тұрған мәселелер де бар. Әлі күнге дейін асфальт төселмеген кө­шелер кездеседі.

Дегенмен бұл ба­ғытта соңғы жылдары бірқатар жұмыс атқары­лып жатыр. Мысалы, бұған дейін Оразбаев кө­шесіне асфальт төселді. Ол көшенің жағдайы өте на­шар болып, қоғамдық көліктің өзі әрең жүретін. Сонымен қатар шет аймақтардағы 10 көшеге қиыршық тас төселді.

Қазіргі таңда облыстық бюджет­тен 328 миллион теңге бөлініп, төрт көшеге асфальт төселіп жатыр. Атап айтқанда,  Әбенов, Олжабайұлы, Абай кө­шесінің бас жағы және Шоқай көшелері. Бұдан бөлек, кентке кіреберістегі орталық Есенов көшесінде де күрделі құрылыс  жүріп жатыр. Әрине, барлық мәселе бірден шешілмейді, бірақ кезең-кезеңімен өз шешімін тауып келеді деп айтуға негіз бар.

– Сұхбатыңызға рахмет!                               

Сұхбаттасқан   Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: