Қаланы көркейтіп, көгалдандыруға жылдан-жылға айрықша ден қойылып отыр. Ал көгалдандыру мәселесінде қаланы аяқсумен қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі. Сондықтан облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қаладағы аяқсу ұңғымаларының қазіргі жағдайын арнайы аралап көрді. Аймақ басшысы Н.Назарбаев даңғылы мен А.Шәменов көшесінің қиылысындағы, «Қорқыт ата» әуежайы аумағындағы, «Эдельвейс» саяжайы маңындағы және сол жағалаудағы көпбейінді аурухана жанындағы аяқсу ұңғымаларының жұмысымен танысты.
Сонымен қатар облыс әкіміне сол жағалауда жүзеге асырылып жатқан көгалдандыру және жасыл белдеу жобалары таныстырылды. Қоныстанушылар саны артып келе жатқан шағын ауданда құрылыс жұмыстарымен қатар көгалдандыру ісінің де қатар жүргізілуі маңызды.
Қазіргі таңда қаладағы 68 көшеде жалпы ұзындығы 98,6 шақырым болатын арық жүйелері бар. Оның ішінде 46 көшедегі 74,6 шақырым аумаққа аяқсу жеткізілуде. Бұдан бөлек, 3 көшедегі 4,4 шақырым ірі лотокпен, ал 39 көшедегі 68,6 шақырым кіші лотокпен жабдықталған. Қала бойынша он нүктеде орналасқан 16 насос қондырғысы толық қуатта жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ 12 арық жүйесіне 19 насос арқылы су берілуде. «KazstroyCapital LTD Kyzylorda» ЖШС-мен бірлесіп, аяқсу жетпеген көшелерді жерасты ұңғымалары арқылы сумен қамту жұмыстары қолға алынған. Осы бағытта Бөкейхан көшесіндегі арық жүйесіне аяқсу жеткізілді.
Бұдан бөлек, «Қызылорда тазалығы» мекемесі қаладағы арықтар мен канал жүйелерін қалпына келтіру және тазалау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!