Аймақта 5-6 мамыр күндері өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы президиумының көшпелі отырысы – өңірлік ғылымның ел дамуындағы орнын жаңаша пайымдауға жол ашқан маңызды жиын. «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбымен ұйымдастырылған бұл отырыс тек ғылыми қауымдастықтың кезекті басқосуы емес, аймақтың әлеуметтік-экономикалық болашағына қатысты нақты мәселелерді ғылыми тұрғыдан саралаған мазмұнды алаңға айналды.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, елімізде қолданбалы ғылымды дамытуға бағытталған жаңа жүйелі өзгерістер қолға алынып жатыр. Оның сөзінше, бұл бастамалар ғылымды қаржыландырудан бастап, ғалымдарды даярлау, өңірлік ғылымды дамыту, цифрлық бақылау жүйесін енгізу және ұлттық маңызы бар ірі жобаларды жүзеге асыруға дейінгі бірнеше бағытты қамтиды.
– Ұлттық ғылым академиясы қолданбалы ғылымды дамытудың жаңа моделін ұсынды. Онда бірнеше маңызды жаңалық қамтылған. Қазіргі ғылымдағы ең басты мәселелердің бірі – ғалымдардың жеткілікті деңгейде қалыптаспай жатқаны. Осыған байланысты Ұлттық ғылым академиясының ұсынысымен ғалымдарды даярлаудың арнайы төрт деңгейлі жаңа моделі әзірленді. Бұл ұсыныстар жүйесі 2027 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі деп күтілуде. Қаржы ғылыми зерттеулердің нақты нәтижесіне, олардың қолданылу бағытына және практикалық тиімділігіне қарай бөлінуі тиіс. Яғни мемлекет әрбір жобаның қалай іске асып жатқанын, қандай нәтиже беріп жатқанын тұрақты түрде бақылап отыруы қажет. Бұл ғылымды басқарудағы жаңа бетбұрыс, – дейді Ақылбек Қажығұлұлы.
Ұлттық ғылым академиясының президенті қолданбалы ғылымның жаңа форматын қалыптастыру да маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отырғанын атап өтті. Ақылбек Қажығұлұлының айтуынша, бұл тәсілді іске асыру үшін бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырында болған, қолданбалы ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу функцияларын тікелей салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға беру қажет. Себебі дәл осы құрылымдар өндіріспен тығыз байланыста жұмыс істейді, салалар мен өңірлердің нақты проблемаларын жақсы біледі және жергілікті жердегі сұранысты нақты бағалай алады. Бұл өңірлік ғылыми зерттеулердің тақырыптарын бұрынғыдай тек ғылыми ұйымдар емес, өндірістің нақты қажеттіліктері мен форсайттық зерттеулер негізінде әкімдіктердің өзі айқындайды. Яғни ғылым нақты экономикаға, өндірістің сұранысына және өңірлердің даму басымдықтарына тікелей қызмет етуі тиіс. Сонымен қатар облыстардың құзыретіне айқындалған тақырыптардың белгіленген ғылыми басымдықтарға сәйкестігін тексеру, ғылыми-техникалық тапсырмалар дайындау, ғылыми конкурстар ұйымдастыру міндеттері кіреді. Бұған қоса, ғылыми жобаларды қаржыландыруға жергілікті бюджет, бизнес және мемлекеттік емес ғылыми қорлар қаражатын тарту да өңірлердің маңызды міндеттерінің бірі болмақ. Ендігі маңызды міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қолданбалы ғылымды нақты өндірістік және өңірлік мәселелерді шешуге бағыттау.
– Қазіргі уақытта Ұлттық академияның жетекшілігімен осы модельді іске асыруға арналған цифрлық жүйе әзірленіп жатыр. Оның мақсаты – қолданбалы ғылыми жобаларды дайындау және орындау процесін цифрлық форматта бақылау, олардың орындалу сапасын автоматты түрде бағалау және осы негізде салалық министрліктердің, әкімдердің және ғылыми ұйымдардың рейтингтерін қалыптастыру, сондай-ақ қолданбалы ғылымды дамытудағы негізгі тиімділік көрсеткіштерін, яғни KPI-ларды айқындау, – дейді ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті.
Ұлттық ғылым академия президентінің айтуынша цифрлық платформа арқылы бүкіл институттардың жұмысын бақылауға мүмкіндік туады. Кабинетте отырып-ақ әрбір жобаның қандай деңгейге жеткенін, қандай жұмыс атқарылып жатқанын және қандай қорытындыға келгенін көруге болады. Мұның бәрі ғылымды заманауи цифрлық басқаруға көшірудің маңызды қадамы болмақ.
– Өңірлік ғылым мәселесіне келсек, бұл бағытта Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы бар. Қазір ғылымға бөлінетін қаражаттың шамамен 71 пайызы, ал ғалымдардың 61 пайызы екі қалада – Алматы мен Астанада шоғырланған. Бұл – үлкен қайшылық. Мұндай жағдайда қолданбалы ғылымды толыққанды дамыту қиын. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлік ғылымды дамытуға қажетті шешімдер қабылданды. Осы бағытта Ұлттық ғылым академиясы өңірлерге барып, көшпелі брифингтер мен отырыстар өткізуде. Бұл кездесулерде әкімдерге, жергілікті ғалымдарға және практикалық сала өкілдеріне қолданбалы ғылымды дамыту жолдары түсіндірілді. Облыстың ғылыми басымдықтары мен өңірлік ғылыми рейтингтері анықталды. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады, – дейді Ұлттық ғылым академиясының президенті.
Тағы бір маңызды жаңалық – Ұлттық ғылым академиясының ірі гранттық және флагмандық жобаларды ұсынуы. Академия мұндай бастамалар ел үшін аса қажет, ұлттық маңызы бар жобаларға бағытталуы тиіс деп санайды. Осы жобалар аясында отандық және шетелдік ғалымдардың әлеуетін біріктіріп, мемлекет үшін стратегиялық мәні бар салаларда жүйелі ғылыми жұмыс жүргізуге мүмкіндік туады.
– Бүгінде республикамызда нақты қанша су қоры бар екенін толық әрі онлайн режимде бақылап отырған жоқпыз. Су көлемін тұрақты түрде мониторинг жасап, нақты есептеп, болжап отыру қажет. Осыған байланысты Ұлттық ғылым академиясы бір жыл бұрын арнайы жоба дайындады. Бұл жоба цифрлық технологияларға негізделген. Оның мақсаты – су ресурстарын онлайн режимде бақылау, олардың көлемін анықтау, болжау және тиімді басқару. Мысалы, Қытай қолданатын су ресурстарын бақылау тәжірибесін ескере отырып, сол цифрлық технологияларды Қазақстан жағдайына бейімдеу ұсынылып отыр. Қытайлық әріптестерімізбен бірлесіп, Кеңістіктік-уақыттық интеллект орталығын құрдық және «DeepBas» платформасын әзірледік. Бұл жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін су ресурстарын басқарудың интеллектуалды жүйесі. Келесі жылдан бастап Арал – Сырдария бассейнінде ауқымды 5 жылдық мегажобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл арқылы біз еліміздегі су ресурстарының көлемін нақты біліп, оны алдын ала болжап, тиімді басқара аламыз, – дейді Ақылбек Қажығұлұлы.
Сыр өңірі үшін өзекті саналатын су тапшылығы, Арал теңізінің экологиялық ахуалы, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, күріш шаруашылығын дамыту, қайта өңдеу өндірісін күшейту және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану сияқты күрделі мәселелер отырыстың негізгі арқауына айналды.
Қызылордадағы көшпелі отырыстың маңызы да осында. Жиында өңірдің табиғи ерекшеліктері мен экономикалық әлеуетін ескере отырып, ғылыми жобаларды жергілікті сұраныспен байланыстыру, қолданбалы зерттеулердің нәтижесін өндіріске енгізу, сондай-ақ аймақтық даму стратегиясын ғылыми негізде қалыптастыру мәселелері кеңінен сөз болды. Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, өңірлердегі ғылыми әлеуетті қолдау және жергілікті мәселелерге жергілікті шешім ұсыну отырыстың басты идеясына айналды.
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!