Сейсенбі, 19 мамыр, 16:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№37 (2249)
19.05.2026
PDF мұрағаты

Бала тәрбиелеп отырған ата-анаға әкімшілік қамақ қолдану: айырмашылық бар ма?

19.05.2026

33 0

Фото: unsplash

Конституциялық Сот азаматтың Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 50-бабы екінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өтініштің мән-жайы

Дауланып отырған нормада әкімшілік қамаққа алу он төрт жасқа дейінгі баласы бар әйелдерге, сондай-ақ осы жасқа толмаған баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ер адамдарға қолданылмайды деп көзделеді.

Өтініш субъектісі әйелдер үшін қамаққа алуды қолданбауға он төрт жасқа дейінгі баласының болуы жеткілікті негіз болса, ал ер адамдар үшін осы жастағы баласын жалғыз өзі тәрбиелеу фактісін растау қосымша талап қойылғандықтан, осы құқықтық реттеу заң алдында бәрі тең қағидатын және жынысына байланысты кемсітушілікке тыйым салуды (Конституцияның 14-бабының 2-тармағы) бұзады деп санайды.

Конституциялық Соттың ұстанымы

Конституциялық Сот құқықтық реттеудегі айырмашылық жыныс белгісіне емес, ата-ананың балаға үздіксіз күтім жасауды қамтамасыз етуге нақты қатысу дәрежесіне байланысты екенін, сондықтан оның кемсітушілік болып табылмайтынын атап өтті. Дауланып отырған нормада қолданылған «он төрт жасқа дейінгі бала» санаты баланың тұрақты күтім мен тәрбиелеуге жоғары деңгейде тәуелділігін көрсетеді.

ӘҚБтК-нің 50-бабы екінші бөлігінде көзделген саралау баланы асырау мен тәрбиелеуді жалғыз өзі жүзеге асыратын тұлғаны оқшаулау салдарынан баланың тиісті күтімсіз қалу жағдайларының алдын алуға бағытталған. Теңдік конституциялық қағидаты объективті әрі ақылға қонымды негіздеме болған және олардың конституциялық маңызы бар мақсатқа қол жеткізуге бағытталған жағдайларда мұндай айырмашылықтарға жол береді.

Сонымен қатар Конституциялық Сот ӘҚБтК-нің 50-бабы екінші бөлігінің ережесі формальды айқындық талаптарына сай келмейтінін және әртүрлі түсіндірілуге жол беретінін көрсетті. Норма ерекшелікке жататын тұлғалардың субъектілік құрамын нақтыламай, тек гендерлік белгімен шектелген, сондай-ақ «баласын жалғыз өзі тәрбиелеуші» өлшемшартының мазмұнын және оны айқындау үшін заңдық маңызы бар мән-жайлардың тізбесін ашып көрсетпеген. Бұл норманы практикада әрқалай қолдану тәуекелін туындатады.

Бұдан бөлек, Конституциялық Сот әкімшілік жаза орындалатын кезеңде балаларға қамқорлық жасауды қамтамасыз ететін арнайы құқықтық тетіктің жоқ екенін атап өтті. Конституциялық Соттың пікірінше, әкімшілік қамақты өтеуді кейінге қалдыру баланың құқықтары үшін туындауы мүмкін жағымсыз салдарды толық көлемде өтей алмайды және оны қорғауды қамтамасыз ететін тетікті алмастыра алмайды.

Конституциялық Соттың қорытындылары

Конституциялық Сот қарау қорытындысы бойынша Кодекстің 50-бабының екінші бөлігін Конституцияға сәйкес келеді деп танып, Үкіметке – әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдардың санаттарына қатысты Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарына сәйкес әкімшілік қамаққа алуды қолдану мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіруді қарау, ал Жоғарғы Сотқа істердің осы санаты бойынша сот практикасын жинақтап қорыту және тиісті түсіндірулер беру ұсынымы жасалды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: