Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 02:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ақсуат мәдениетінің ауқымы кең

30.08.2022

1105 0

Руханиятымыздың алтын қазығы – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мәдениеті мен өнері екендігі көпке белгілі. Тек қала орталықтарында ғана емес, ауылдарда да мәдениет пен өнердің жаңғыруы сондағы клубтар мен мәдениет үйлеріне қатысты. Қалаға қарасты ауылдық округтердің мәдениет саласындағы жетістіктері қандай? Бүгінде ауыл мәдениетін жоғары деңгейге жеткізу үшін қандай ауқымды жобалар жүзеге асуда? Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында Ақсуат ауылдық округінің мәдениет үйіне  бет алдық.

Үлгілі елді мекен

Ақсуат ауылдық округіне осымен бірнеше рет жол түсті. Бұған дейін ауылдың өсіп-өнуі, кәсіпкерлігі жайында сөз еткенбіз. Бүгін рухани тұрғыда дамуына назар аударғанды жөн көрдік. Алдымен  тарихтан бастасақ. Деректерге сүйенсек, Ақсуат ауылының негізі 1928 жылы қаланған. Ауыл алғашқы ауыл шаруашылығы артельдерін ұжымдық шаруашылықтарды ұйымдастыруға қатысқан Ешпан Жанбосыновтың атымен Ешпан ауылдық кеңесі аталған. 1928-1932 жылдар аралығында құрыл­ған майда серіктестіктер 1934 жылы төртінші ауыл­дық кеңесі бойынша Жас­қайрат, Жаңа­тұрмыс, Киров, Қызыл­орақ, Қы­зыл­құм, Қара Қожа, Батбаққара ұжымдық шаруашылықтары бо­лып ұйымдасқан. 1938 жылы мамыр айын­да бұл 7 шаруашылық бірігіп, Жасқайрат, Жаңатұрмыс, Кировтай 3 шаруашылық құрылды. Одан кейін бұл үшеуі іргелі шаруашылық Киров колхозы болып құрылды. 1972 жылы кол­хоз көкөніс және сүт өндіретін шаруашылыққа айналды.1993 жылдың ақ­пан айында халық депутат­тары облыстық кеңесінің қаулысымен Сырдария ау­даны Ақсуат ауылдық кеңесі болып аталды. Ал бір жылдан соң елді мекенге Кеңес Одағының батыры Жақыпбек Махамбетовтің аты берілді. 1997 жылдың маусымында ауыл Сырдария ауданы құрамынан шығарылып, Қызылорда қаласына қарады.

Ауылдағы көнекөз қариялар – тірі тарихтың көзі. Олардан ауыл жайлы мәліметке толық қанығуға болады. Білім саласының ардагері Қадыр Әмзеев «Ауылым сұлу Сырдың жаға­сында» атты кітап жазып шығарған. Мұнда елді мекеннің дамуына еңбегі сіңген кісілер туралы толық жазылған. Ақсуат жайлы жазылған кітап жан-жақты зерттелген. Ал «Ауылым» атты ән округтің әнұраны болып қабылданған.

Бүгінгі Ақсуат бейнесі өзгерген. Қазір елді мекен жаңарған. Осындай жетістік нәтижесінде 2014 жылы «Үлгілі елді мекен» деген атаққа ие болды. Жан-жақты даму жолынан көрінген ауылдың мәдениеті де жоғары деңгейде.

Таланттар ауылдан шығады 

«Театр – киім ілгіштен басталады» демекші, ауыл мәдениеті де клубтан басталады.  Ауылдың мәдениетін қалыптастыруға үлесін қосқан Жақыпбек Махамбетов ауылдық клубы 2013 жылы пайдалануға берілген. Одан кейін 2014 жылдың тамыз айынан бастап Ақсуат ауылдық округі әкімі аппараты жанындағы «Ақсуат мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып құрылған. Ауылдағы мәдениет үйі – қаншама адамға ізгілік дәнін сеуіп, өнерді сүюге тәрбиелеген. Қазіргі таңда мұнда 6 үйірме жұмыс істейді. Оған 75 адам қатысады. 

– Мәдениеттің мәйегі өнер арқылы дәріп­теліп, халықтың құлағына жетіп жатады. Мұндағы атқарылып жатқан игі істер – ұлттық дәстүрді дамыту, өнер мен мәдениеттің өмірмен өзектестігін бағамдау, өнерді өнеге тұтқан елдің рухани дүниесін байыту мақсатын көздейді. Үйірмелер өнерлі жастардың өнерге деген қызығушылығын оятып, үлкен сахнаға баулу үшін жас өрендермен тығыз байланыста. Мәселен, «Бұлбұл»  ән  үйірмесі  ән   айтуға,  танылмай  жүрген  өнерпаздарды  халық­қа  таныту,  өнерлерін шың­дау,  бейімдеу бағытында жұмыс істеуде. Үйірме  мүшелері  қалалық,  об­лыстық,  республика­лық  байқауларға қатысып,  жүлделі  орындарға  ие  болды. Атап айтсақ, осы үйірменің қатысушысы Дильназ Жаханова көп­­­теген биіктен көрініп жүр. Ол ХХІV облыс­тық «Бозторғай» кон­кур­сында ІІІ орын, «Сырдария – дос­тық өзені» атты республи­ка­лық әншілер бай­қауында ІІІ орынмен марапатталған. Сондай-ақ VI республикалық «Жарық жұлдыз» атты балалар өнер байқауында «Эстрада вокал» жанрында өнер көрсеткені үшін «Балдаурен» ән үйірмесінің қатысушысы Орынбай Асылымның өнері І орынға лайық деп танылды.

Сонымен қатар «Көркемсөз»  оқу  үйірмесі балаларға тіл байлығын үйрету,  келешекте  қаламгерлерлікке бейімдеу мақсатында ашыл­ған.  «Қызғалдақ»  би  үйірмесі де қалалық іс-шараларда өз өнерлерін көрсетіп келеді. Олар Алматы қаласында өткен «Наурыз айы туғанда!» атты І халықаралық өнер мен білім фестиваль-конкурсында І дәрежелі лауреат атанды, – дейді мәдениет үйінің әдіскері Гүлназ Алданазарова.

Таланттар ауылдан шығатыны осының дәлелі. Ал бұл таланттарды таныту үшін мә­дениет үйі қызметкерлері аянбай еңбек етіп келеді. Атап айтсақ, олардың жетістіктері өз алдына бөлек. Мәселен, «Ел іші – өнер кеніші» атты қалаға қарасты кент және ауылдар арасында ұйымдастырылған дәстүрлі қалалық байқауда «Ақсуат мәдениет үйі» ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталған. Қармақшы ауданында өткен «Жеті қазына» атты ашық аспан астындағы клуб қызметкерлерінің облыстық байқауында мәдени ұйымдастырушы Еркеғали Нұрғали ІІІ орынға лайық деп танылған.

– Мәдениет үйінде өтіп жатқан барлық шара­ның тың ойлы, жаңашылдықпен өтуіне өз үлесімізді қосып жүрміз. Осы жолда жет­кен жетістіктер көп. Жасаған еңбегіміздің нәтижесінде шәкірттер биіктен көрінуде. Бізге бұдан асқан марапат жоқ. Әр істі бастарда одан шығатын нәтижеге назар аударамыз. Жас өрендермен, халықпен жұмыс істеу біздің міндетіміз. Мәдениет үйінің есігі жастарға қашанда ашық. Тың ой, идеясы бар ортаны қа­лыптастырып, халықты мәдени шаралармен сусындатып, жаңашылдықты енгізу – біздің басты мақсатымыз, – дейді мәдениет үйінің әдіскері.

Әнімен әдемі әжелер

Ақ жаулықты әжелер – ұлтымыздың ұлағат тұтар ардақтылары. Оларға қандай жылы сөз айтсақ та, сый-сияпат көрсетсек те артық етпейді. Олардың ел алдында айдай болып жарқырап жүргені жүрегімізге жылулық сыйлайды. Қазіргі уақытта көптеген ауылда әжелер ансамблі құрылып, ұлттық өнерді паш етіп жүр. Солардың бірі – ауылдағы «Ақ бата» әжелер ансамблі.

Жылдан-жылға ұжым өнеріне ынтық көрер­мендер қатары артып келеді. Әжелер тобы облыстық, қалалық бәйгелерде топ жарып жүр. Ансамбль жетекшісі әрі әншісі Жәмила Тәжікова:

– Бұл – халықтың сұранысы. Қазір жұртшылық жанды дауысқа, ұлттық өнерге құштар. Ансамбль құрылғалы бері ауылда екі рет жеке концертімізді қойдық. Сол кезде жұртшылықтың ұлттық өнер­ге сусындап қалғаны байқалды. Қошемет жақсы болды. Қазір ауыл әкімі, жеке кәсіпкерлер, мәдениет үйі демеушілік жасайды, – деді ағынан жарылып.

Ансамбль мүшелері әр салада қызмет еткен, бүгінде зейнетке шыққан әжелер қауымы. Бүгінде шаңырақтарының құты мен берекесін кіргізіп отырған аяулы жандар. Алғашқыда олардың қатары аздау болатын. Уақыт өте келе ниет білдірген әжелер көбейді. Әрбірі қазақы салт-дәстүрді де, халық әндерін де жақсы біледі

– Жанды дауыста баян, домбыра секілді аспаптардың сүйемелдеуімен орындаймыз.  Ансамбль мүшелері жеке-жеке де ән айтады. Олар­дың ішінде қазақтың халық әндері, ком­позитор Ш.Қалдаяқовтың туындылары бар. Ән орындап қана қоймаймыз, халықтың салт-дәстүрлерін насихаттаймыз. Көрініс көрсетеміз, жүн сабап, ұршық иіріп, диірмен тартамыз, киіз басу, сырмақ сыруды да ұмытпаймыз. Мысалы, ана туралы ән айтсақ ананың балаға деген махаббатын, баланы бесікке салу, тұсау кесу сияқты дәстүрлерді дәріптейміз, – дейді Жәмила әжей. 

Бұл ұжым облыс, қала көлемінде өткізілетін мәдени шаралардың бәріне қатысады. Сондай-ақ аудандарда, ауылдарда өнер көрсетіп жүр.

Балалар кітабы көбейсе…

Мәдениет үйінің ішінде қалалық орталық­тандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №8 кітапхана орналасқан. Мен де ішіне бас сұғып, тұрғындардың кітап оқуға деген қызығу­шылықтарын байқадым.

– Ауыл тұрғындары бір сәт осында келіп, кітап оқығанды жақсы көреді. Кітап қоры  – 17053 дана. Оның ішінде 10559-ы қазақ тілінде. Барлық салалық кітаптар қамтылған. Тұрақты 600-ден аса оқырман жиі бас сұғып, өзіне қажетті дүниелерді іздейді. Соңғы жылдары кітапханаға келушілер саны көбеюде. Балаларға арналған кітаптар көбі­рек болса екен дейміз. Оқырмандар залы бар. Мұнда түрлі іс-шара, көрме ұйымдастырылады. «Ертегімен есейемін» жобасы бойынша жақында түрлі тақырыпта іс-шара өтті. Атаулы мереке күндері ескерусіз қалмайды. Мәселен, «Әке – шаңы­рақтың тірегі» әңгімелер кеші, «Табиғат – сырлы да қазыналы әлем» тақырыбында эко­логиялық сағат, «Қылқаламның хас шебері» сурет байқауы өткізілді, – деді кітапханашы Сәнім Шәкиева.

Ауыл – ұлттың қаймағы. Еліміздің даңқын асырып жүрген таланттардың көбі сол ауылдан шықты. Ауылдың өнері өркен жайса, қазақтың мәдениеті қанатын кең жаяды.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: