Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Бүгін менің туған күнім…»

09.02.2021

1992 0

Ұлт танымында мәңгілік із қал­дырған тұлғаны бағамдау, мұрасын кие тұту – ұрпақты алға сүйрейтін құнды қасиет. Осы үрдісті өне бойына сіңірген бүгінгі буын да ұлыларды ұмытпақ емес. Поэзия əлеміне ерен қуат, биік талғаммен қосылған Мұқағали Мақатаев та осы санатта. Саналы ғұмырында сан салалы өмір қатпарын өлең өрнегімен кескіндеуге арнаған талант «Күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып, өзіне қайтаруға» талпынды. Шынайылықты биік қойып, оқырманы ғасыр алда екенін іштей сезді, көңілмен байлам жасады.

Мөлдір махаббат мен шалқыған шаттық, риясыз сезімді жырлаған қаламгер дүниенің тұрмыстық бол­мысын қабылдамады. Мұзбалақ ақын буырқанған мінезі өмір арнасынан асып, көңіл кемерінен тасыған шақта да өлеңнен пана іздеді. Тіпті, барын жырға төгіп, қарым-қабілетін өлеңге берген жанкештілік те бір бойынан табылды. Содан болар, «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» деп өмірлік миссиясының сырын ақтарады. Оны атақты «Арыз жазып кетейін» шығармасынан аңғару қиын емес. 

«Бүгін менің туған күнім,

Ой, бəле-ай!

Мына адамдар неге жатыр

тойламай?!

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тəңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай» деп тебіренеді қаламгер.

Ақынның жанын жете түсінген абыз жазушы Әбіш Кекілбаев та Мұқағали Мақатаевтың бітімі бөлек болмыс екенін дәлме-дәл тауып, қадір-қасиетін жете түсіне білген. Ақын туралы кезекті естелігінде:

— Мақатаев жырларындағы май­да қоңыр саз бен жарқ-жұрқ көзге ұрмайтын жұмсақ нұрдың өзі де оның терең тебіреністі гуманистік мәнін айқындай түседі. Жас ақын зор адамгершілікті, биік гуманизмді елден ерек төтен ерліктерден емес, адамдардың бір-біріне деген мейір – пейілінен іздейді. Оның өлеңіндегі адамдар – шетінен жүзі игі, жүрегі жұмсақ жандар. Бірақ ақын өмірді май тозғысыз идиллия қылып суреттеуден аулақ. Ол әрекетшіл, мейірімді, өзгенің бақыты мен қуанышына тек тілектес қана болып қоймай, сол үшін бел шешіп күресетін белсенді, қайырымды адам туралы жырлайды, – дейді Әбіш Кекілбаев.

Өлеңге ақын қойған өлшемі де өміршең. «Махаббатпен басталып, парасатқа ұласқан» жыр жолдары Мұқағали поэзиясының бағыт-бағдарын, даму ерекшелігін айқындай түсті. Сол арқылы өзгеден ерек мазмұн-сипаттағы туынды дүниеге келді. Осындай жаралы жанның ішкі сырын білдірген мұңды әуез ақынның сүйген жарына арнаған өлеңінен ерек сезіледі.

«Тағдырыма тура келген серігім,

Мен бейбаққа сыйлады екен сені кім?!

Шар басымда, шаңырағым, сен тұрсың,

Басқалардың барлығынан жерідім.

Ауырлықтың көтердің-ау көбін сен,

Сенен келіп қуат алдым жеңілсем.

Сен жер болдың, нөсер болып төгілсем.

Шұғыласың, қара бұлт боп көрінсем» дейді қаламгер.

Сыршыл ақын шабыт кеңістігінде ғана емес, өмірдің шынайы қиын­дығы, тұрмыс үрдісін де қаперге алып, қос әлемді қабыстырғандай жұмыр жырларды жазды. Қаламгер шығармашылығынан тек қазаққа тән қара өлеңнің «лебімен» қатар, әлемдік классикалық туындылардың бояуы анық көрінеді. Сондықтан ақынды жалғыз қазақи танымдағы талант деп қабылдау қате болар. Мұқағали – төл әдебиетті өзге таным деңгейіне көтерген тылсым тұлға.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: