Тарихымызды түгендеп, өткенді зерделеп, болашағамызды болжау үшін қазіргі заманда архивтердің рөлі артып келеді.
Тарихты жасайтын адамдар, айрықша тұлғалар екендігін ескерсек, өз облысымыздың тарихында арнайы орны бар, айтулы тұлғалардың құжаттарын іздеп, жинақтап, архивке қабылдап, келесі ұрпаққа табыстау біздің мақсатымыз.
Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі, ұлттық құндылық ретінде мемлекет тарапынан қорғалатын Ұлттық архив қорын байыта түсетін тарихи құнды деректермен толықтырып отырған жеке тектік қорлар да маңызды орын алады.
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің қоғамдық-саяси тарихы бойынша филиал қорындағы «Сыр елінің ғалымдары» атты қор коллекциясы бойынша ғалым-тарихшы, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Абылай Хангерейұлы жеке тектік құжаттары сақтаулы.
Елімізге белгілі қоғам қайраткері, саналы өмірін Сырда өткізіп, облыстың қоғамдық-саяси өмірінде айтулы ізі қалған біртуар азамат, ғалым Абылай Айдосов 1936 жылы Ресейдегі Челябі облысының Полтава ауданындағы Георгиевка елді мекенінде дүниеге келген. Ол 1953 жылы Қостанай облысы Қарабалық ауданына қарасты Бөрлі орта мектебін бітіргеннен кейін Жаңа ауыл бастауыш мектебінде мұғалім болып еңбек жолын бастаған. 1954 жылы Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді алғаш игерушілерді қарсы алып, оларды орналастыруға және жағдай жасауға қатысып, белсенді түрде жұмыстар атқарған.
Облыстық комсомол ұйымына басшылық жасаған жылдары Қызылорда облысының әлеуметтік-мәдени дамуында жастардың белсенділігі арта түсті. Облыстағы салынып жатқан жаңа өндіріс орындары, Қазалы су торабы, Қызылорда және Түгіскен суармалы аймағындағы инженерлік күріш жүйелері, Ғани Мұратбаев атындағы стадион Бүкілодақтық, Республикалық және аймақтың екпінді құрылыс болып жарияланды. Сыр өңірінде атақты күрішші Ыбырай Жақаевтың озық агротехникалық әдісін игеру арқылы күріш алқаптарында суармалы жердің мәдениетін көтеру және мол өнім алу үшін оның жас ізбасарларының қозғалысы белсенді жұмыс істеді.
Ол жауапкершілігі мол басшылық қызметте жүрсе де ғылым және педагогикалық жұмыстан қол үзбеді. Абылай Хангерейұлы 1993-1996 жылдары облыстық әкімшіліктің ішкі саясат бөлімі меңгерушісі және білім беру саласында ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек етіп, жастар тәрбиесі мен кемел келешегіне үлкен үлес қосты. Профессордың 100-ден астам ғылыми еңбектері халық игілігіне айналып отыр.
Ұстаз ғалымның ғибратты жас ұрпаққа өнеге. Алыстаған сайын биіктей түсетін таулар сияқты жыл өткен сайын абзал ағаның кісілік келбеті кемелдене, елге қызмет етудің үлгісіндей болған өмірбаяндық белестері ұрпақтар жадында мәңгіге сақтала бермек.
Ә.Ұзақбаева
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің қоғамдық-саяси тарихы бойынша филиалының І санатты архивисі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!