Жұма, 29 наурыз, 00:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Мемлекет театрының туған күні

03.04.2021

1850 0

13 қаңтар. Бұл күн – қазақ өнері тарихында, ұлт руханияты тарихында алтын әріппен жазылуға тиіс күн. Осыдан 95 жыл бұрын, яғни 1926 жылы 13 қаңтарда Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылордада мемлекеттік ұлт театры ашылды.

Театр – өркениетті өнердің айнасы. 1926 жылы 13 қаң­тардағы айтулы оқиға – қазақ жұртының өркениетке жасаған іргелі қадамы еді. Және бір ескермеуге мүмкін емес нәрсе: бұл қадамды жасаған  – Алаш зиялылары-тын. Дәлірек айтсақ, театрды ұйымдастырған оған басшылық еткен – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қаламгер, әдебиетші Смағұл Сәдуақасұлы, бірінші театр директоры – Әлихан мен Міржақып үміт артқан азамат Дінше Әділұлы.

Ал мемлекеттік театрдың тұңғыш ресми сахналық қойы­лымы – белгілі Алаш зиялысы, көрнекті драматург, жазушы Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы.

Жоғарыда айтылған тарихи шындықтар атышулы 30-жылдардағы қанқасап оқиғадан соң ауызға алынбайтын болды. Театрдың алғашқы аяқ алысы хақында араб қарпінде жазылған материалдар кеңестік-кеңселік билік жылдары бірте-бірте жұрттың жадынан шыға бастады.

Қазір халық жаппай қолданатын тарих, әдебиет оқулықтарынан Сәдуақасұлы, Кемеңгерұлы, Әділұлы есімін ұшырастырмайсыз. Тарихты қасақана бұрмалау деген – осы. Саясиланған тарих театрды қашан және кімнің шығармасымен ашылды дейді? Оқиғаны қалай бұрмалайды? Мұны да айтайық. Бұл «тарих» ұлт театры сол 1926 жылы 10 қаңтарда (кей деректерде 13 қаңтарда) М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен ашылды дейді. Ал енді бұл тарихтың неге тырнақшада екеніне тоқталайық.

1930 жылы қазан айында «кеңес өкіметіне қарсылық білдірді» деген айыппен Қошке Кемеңгерұлы, Мұхтар Әуезов, Дінше Әділұлы тағы басқа қырықтан астам азамат ұсталып, НКВД-ның Алматы абақтысына қамалды. Олардың ісі 2 жыл бойы тексерілді де 1932 жылы барлығын дерлік Ресейдің итжеккеніне айдады. Сол ұсталған топтан 1932 жылы үш адам босанды. Үш адамның екеуі – Мұхтар Әуезов пен Әлімхан Ермекұлы еді. Олар не үшін босады, басқалары неліктен айдалды – бұл мәселе туралы терең зерттемей пікір айту қиын. Сөйте тұра осыған қатысты Ә.Ермекұлы аузынан жазылып алынған бір деректі оқырман есіне салғымыз келеді. Ғалыммен сұхбаттасқан белгілі қарт қаламгер Жайық Бектұров былай дейді: «Ф.И.Голощекин оқымыстылардан Ә.Ә.Ермековті, жазушылардан М.О.Әуезовті әдейі дұшпан көз етіп абақтыдан босатып, «Алаш­тың көрнекті қайраткері өздерінің ұлтшылдық қателіктерін мойындады» деп қулықпен зорлап, ашық хат жаздырған. Бұл хаттарды газеттерге бастырып, жалған насихат үшін пайдаланған. Ол үшін Ахмет Байтұрсыновтың Ә.Ермеков пен М.Әуезов інілеріне өкпелегенін де естідік. Өйткені өлсе де, тірілсе де бір топтың адамы қиын жолда араларынан қыл өтпей, жік, жарықшақ шығармай бірге болуды дұрыс деп санаған ғой ағаларымыз. Бұл жайттің сырын Ә.Ермеков ақсақал Қарағандыда тұрған кезінде маған былайша түсіндірді: «Қазақстан басшылары бізге қатемізді мойындасақ, кеңес құрылысына беріле қызмет етсек, жол ашық, кеңшілік болады, өзімізбен бірге тұтқынға қалған өзге іні-ағаларымыз да осы жолға түседі дегендей емеурін білдіріп, кәдімгідей қолқа салды. Біз бұған иландық. Кейін осындай жолмен Ахаң, Мағжан, Жүсіпбек… Бәрі де босап шығады ғой деп ойладық. Осы ретпен алдымен мен алдауға түстім. Обалы нешік, Мұхтар інім өздеріңіз білетін белгілі хатқа қол қойғысы келмеді. «Әлеке, түбі бұл үшін тарих алдында сіз өзіңіз жауапты боласыз» деп, көпке дейін хатқа қол қоюға көнбеді. Мен оған: «Қарағым, не қылса да құрық екеумізге де түсіп тұр ғой, сенің орныңа Жүсіпбек Аймауытовты да, Мағжан Жұмабаевты да алуларына болатын еді. Бұл да бір тағдырдың жазғаны шығар, түбі бір жақсылығы болар, бас тартпа» деп, зорлағандай көндірдім. Бірақ артынша қатты өкіндім…» (Ж.Бектұров. Ақиқаты осы еді. Алматы, «Ғылым», 1995, 9-10-беттер).

Әйтеуір 1932 жылы 10 маусымда жазушы Мұхтар Әуезов амалсыз «адастым, жаздым-жаңылдым» деп «Социалды Қазақстан» газетіне мақала жазды да,  әдебиет майданына қайта кірді.

Ал ұлт театрына тікелей қатысы бар Смағұл Сәдуақасұлы 1927 жылдан бастап саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 1933 жылы тоталитаризмнің жалы күдірейген шақта Мәскеуде жұмбақ өліммен дүниеден өтті. Қошке мен Діншені сан жүздеген қатарластарының түбіне жеткен 37-нің зұлматы жалмады.

Тырнақша ішіндегі «халық жауынан» безінген өкімет пен зерттеушілер 1926 жылы 13 қаңтардағы оқиғаны осы себепті бұрмалады. Шынтуайтына келгенде, классик М.Әуезов үшін «ұлт театры «Еңлік-Кебекпен» ашылды» деген жалған ақпар дымға керегі жоқ еді. Тарихи шындықты 70 жылдары белгілі театр зерттеушісі, профессор Бағыбек Құндақбайұлы ғана айтты. Бірақ «жалғыздың үні шықпас» деген, сол бұрмаланған тарих күні бүгінге дейін бұрмаланып келеді. Бұдан театр­дың тууы туралы шындық жазылмай жүр деген ұғым тумаса керек. Рәзия Рүстембекова, осы жолдардың авторы, Қошкенің шөбересі, жас ғалым Қайырбек Кемеңгер түрлі басылымда жазуын жазды, алайда еститін құлақ, ескеретін сала мамандары да аз болып тұр.1996 жылдың басында және соңында (бұдан кейінгі мерейтойларында да)  театр туралы бірсыпыра өнер адамдарының, Асқар Тоқпанұлы айтқандай, «әкем-театрдың» жауапты адамдарының мақала, сұхбаттары жалпы ақпарат құралдары арқылы берілді. Өкінішке қарай, солардың баршасы да ақиқат тарихтан хабарсыз болып шықты. Біз алдын ала «тағы да құдай ұрып қалмасын» деп, тарихи шындықты «Азаттық» радиосы арқылы және айтып (12.1.1996), осы мәселені орыс тіліндегі «Ошибка или искажение» атты мақаламызда («Горизонт» газеті, 15.ІІІ.1996) ашық көтерген едік. Бірақ сең бұзылар емес.

1926 жылдың 13 қаңтары тарихи маңызды күн екенін айғақтайтын жазба дерек мол-ақ. Соның бірсыпырасын көрсетейік. «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылы қаңтар айындағы бірнеше санының бірінші бетінде басылған хабар­ландыру тексі төмендегідей: «Ғинуардың 13-і күні кешкі сағат 6-да мемлекеттік ұлт театрының мерекесі болады. Театр әртістері Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнайды. Оның соңынан концерт, демалыс уақыттарында оркестр ойнап тұрады.

Театр директоры Дінше».

Смағұл Сәдуақасұлы театрдың қанатқақты рәсімінен кейін жазған «Баянды еңбек күтеміз» атты мақаласында: «Ғинуардың 13-і күнгі ұлт театрының ашылу күніне арнап қойылған ойындарында ойнаушылардың келешегінен үміт тудырған болды. Бұлардың ойындарын тәуір десек те, нашар десек те, жай сөз есебінде емес, ғылым жөнінен тексе­ріп, толық сын беруге жарайтын кәлеге келіп отыр», – десе («Еңбекші қазақ», 20.01.1926), «Алтын сақина» ойыны туралы» атты талдау-сын мақаласында: «Ғинуардың 13-і күні Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнады. Сауық кеші ұлт театрының ашылуына арналды. Бұл сауық бұрынғы болып жүрген сауықтарға қарағанда недәуір көңілдірек өтті деуге болады: әртістеріміздің ұлт театрын ұлт сарынына лайықты түрде жүргізуге талаптары барын, қызметтің дұрыс бағытта жүруіне мүмкіндік барын көрсетті», – деп («Еңбекші қазақ», 24.01.1926) ерекше атап өтті. Екі еңбегінде де ол 13 қаңтарда Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақинасымен» шымылдығы ресми ашылған мемлекеттік ұлт театрының болашағына сәттілік тіледі.

«Алтынның сынығы» деп халық орынды атап жүр­ген Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнәр Дулатова театрдың ашылу салтанатына әке-шешесімен барғанын, Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» тамашалағанын, өнер мерекесіне Алаш зиялылары түгелге жуық қатынасқанын естелік етіп айтып кеткен.

Біз осынау ақиқат деректі мәлім ете отырып, мемлекеттік ұлт театры әлі ашылмаған кезде оның ұйытқысы болған,  дарынды актерлар 1925 жылдың қазан айының соңы мен 1926 жылдың қаңтар айының басына дейін жүргізген даярлық жұмыстарының барысында және жоғарыда айтылған жылдың 13 қаңтарынан кейін Мұхтар Әуезұлының «Еңлік-Кебек» пьесасын сахналағанын жоққа шығармаймыз.

Биыл Қошке Кемеңгерұлының туғанына 125 жыл толды. Қазақ халқы үшін бұл айтулы мерейтой кешегі мемлекеттік ұлт театрының, бүгінгі мемлекеттік академиялық театрдың 95 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келді. Бұл сәйкестік, бәлкім, кездейсоқ емес шығар. Мұхтар Әуезов Қошке туралы: «Талант еді, алғыр болатын, маңдайымызға сыймай кетті ғой», – дейді екен. Бұлардың екеуі де большевизм дүниені сойқандаған жылдары отаршыл Сібір ревкомның тізесі батқан қазақ жерінен – бірі Семей, екіншісі Ақмола губернесінен шығып, Түркістанның астанасы Ташкентті шығармашылығына пана еткен, өзара сыйласқан азаматтар-тын. Ғалымдыққа да қатар талап жасады. 1930 жылдың күзінде НКВД жазықсыз ұстағанда, екеуі бірдей Орта Азия университеті шығыстану факультетінің аспиранттары еді. 1958 жылы Қ.Кемеңгерұлы ресми ақталғаннан кейін М.Әуезов оның есімін тарихқа ендіру үшін бірсыпыра іс ақтарды. Кітабын шығаруға қолдау жасады. Бірақ Мұхтардың алғы сөзімен (авторы көрсетілмеген) ұсынылған Қошке жинағы ірі жазушы дүниеден өткен соң, 1965 жылы жарық көрді…

Ал Смағұл Садуақасұлы мен Мұхтар Әуезовтің өмірдегі байланысы, рухани туыстығы туралы баспасөз бетінде арнайы сөз еткенбіз («Парасат» журналы, 1996 жыл, №1).

Келер жылы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толады. Мемлекет дәрежесінде өтетін бұл мерейтой мәдениетіміз бен өнеріміздің бір асуы болмақ. Біздіңше, мемлекет театрын қалыптастырудағы Алаш зиялыларының еңбегі жөнінде, 1926 жылғы 13 қаңтардағы руханияттың айтулы оқиғасы хақында тарихи шындықты Мұхтар мерейтойы шеңберінде өткізілетін ғылыми конференцияда айтудың жөні бар.

Күнтізбедегі 13 қаңтарды көрген сайын ерте ме, кеш пе, бұл күн – қазақ әмбебап өнерінің күні болып белгіленетініне сенгің келеді.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры,

ҚР ҰҒА академигі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: