Жұма, 23 ақпан, 06:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№15 (2025)
20.02.2024
PDF мұрағаты

Өнегелі отбасы

07.08.2021

2017 0

Ел ішінде «ұлын ұяға, қызын қияға» қондырып, немере-шөбересін қызықтап, шаңырағынан шаттық лебі ескен өнегелі отбасылар қатары аз емес. Көпке үлгілі, өнегелі отбасы тақырыбындағы мақаламызға арқау болған  Рсалиевтер әулеті.

Бұл отбасы туралы жазғанда ең әуелі әулеттің ақ жаулықты анасынан бастағанды жөн көрдік. Ұмытхан Махамбаева – «Алтын алқа» иегері. 1942 жылы Арал ауданында балықшы отбасында дүниеге келген. 1961 жылы Рсалиев Мақсұтпен шаңырақ көтеріп, 13 баланы дүниеге әкелген. 

Несібесін адал еңбектен тапқан ананың еңбек жолына үңілсек, Арал теңізінің жиегінде орналасқан ауруханада 10 жыл еден жуушы болып, одан соң Қарақұм қой совхозында қой бағады. 1990 жылдан бастап өмірлік жары Мақсұтпен бірге отбасылық кәсіп бастайды. Тасбөгет кентінің орталық базарында ет сатады. Егемен елдің еркіндігін сезініп есейген  ұлдары қаладан дүкен аша бастайды. Еңсесін тіктеген отбасы үшін ең ауыр күн  әкенің кенеттен дүниеден озуы еді. Құдай қосқан қосағы Мақсұт өмірден өткен соң әулеттің жауапкершілігін мойнына алған ана кәсіпке де, ұрпақ тәрбиесіне де бас-көз болады.

Әкенің бағыт-бағдарымен ел аралап, төрт-түліктің төлін бордақылау, көбейту, ет, тері  шаруашылығын игеру мақсатында түбегейлі ниет қылған ұлдарының талап тілегіне Ұмытқан ана да білек сыбана кіріседі.

Өмірдің бар тауқыметін көрсе де отбасының  бақ-берекесін, ризық  несібесін, амандық саулығын тілеген асыл ананың дұғасы қабыл болып, балаларының кәсібі дөңгеленіп өрге басады.

Үш отбасы бір дүңгіршектен нәпақа тауып, тірлігін түзеген соң,  әрқайсысы өз алдына дүкен ашады. Одан әрі үлкен шаруа қожалығының  негізін қалайды. Ұлдары  Мыса, Ерболат «Ақбарыс» дүкендер желісін іске қосса, кенже ұлы Бекболат «Kzo et» шаруа қожалығын ашады. Үш баласы осылайша жеке кәсіптің қанатын кеңге жайса, өзге балалары да  таңдаған мамандықтарының майталманы.

Бақытты отбасы дегенде көпшілігіміздің көз алдымызға қайратты әке, мейірімді ана, баланың шат күлкісі келеді. Шынында да солай. Отбасының бақыты үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Отбасы мүшелерінің сыйластығы, махаббаты, бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігі болса жетіп жатыр.

Ата-бабамыз «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп, адам өмірінде отбасы тәрбиесінің мәні мен маңызын баса айтады. Расында да, отбасы – өмірге жаңа келген сәбидің тұңғыш ұясы, алғашқы ұстазы. Аяғын апыл-тапыл басқан ол ненің ыстық, ненің суық, бір сөзбен, ненің жаман, ненің жақсы екенін осы өзі өмірге келген отбасынан біліп өседі.

Ұрпаққа сана себер сәуледей әрқайсысы өз жолын таңдап, бүгінде тек білікті маман ғана емес, адами тұрғыда кемелденген азаматтар биік белестерді бағындырып отырған жайы бар.

– «Жақсы әке балаға 40 жыл азық» дегендей, әке-шешеміз еркелігімізді, қателігімізді түсініп, кешіре біліп, ақыл-кеңесін аямайды. Жақсылыққа итермелеуден жалыққан емес. Ең бастысы адал бол, шыншыл бол деп отырады. Біз әке-шешеміздің айтқанын қалт етпей орындауға дайынбыз. Өмір бойы алдын кесіп көрген жоқпыз, – дейді ұлы Ерболат Рсалиев.

Рсалиевтер әулетінен  Ерболат Рсалиев ҚР Ауылшаруашылық саласының үздігі төсбелгісімен марапатталса, қызы Нұрсәуле Рсалиева филология ғылымдарының кандитаты, әулеттің келіні Күнзияш Аплатинова білім саласының «Алтынсарин» төсбелгісінің иегері. Ал Жолмырза Рсалиев ҚР «Құрметті теміржолшы» медалінің иегері, келіні Ақмарал Ноғайбаева ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Қызы Жанар Медицина ғылымдарының кандидаты болса, Анар Рсалиева филология ғылымдарының магистрі.

– Саққұлақ бидің «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық» деген аталы сөзі бар. Осы қасиеттерді бағалай білгендер ғана үлгілі отбасы бола алады. Талай жыл өтсе де, бір-біріне деген сыйластығы үзілмеген жандар бар. Қазір жас отбасылар кішкентай қиындық түссе, көне алмай, ажырасып жатады. Менің айтарым, бәрі уақытша. Сондықтан сыйлыстық, түсіністік бар жерде отбасы мығым болады, – дейді бір әулеттің ұйытқысы болған Ұмытхан Махамбаева.

Рсалиевтер отбасы «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңінде I орынға ие болды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: