Сенбі, 27 сәуiр, 03:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қалам ұстаған қауымға құрмет

02.12.2021

808 0

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай Қызылорда қаласында «Қаламгерлер» аллеясы ашылды. Шараға өңірдегі ақынжазушылар мен журналистер, мәслихат депутаттары мен ардагерлер қатысты.

Аллеяның ашылу салтанатында қала әкімінің орын­басары Бектас Нұридинов сөз сөйлеп, қаламгерлер қауымын мерекемен құттықтады.

– Еліміз тәуелсіздік алған тұста қазақ журна­листикасы да ерекше қарқынмен дамып, жас мем­лекетімізбен бірге түледі. Сіздер тәуелсіз еліміздің даму тарихындағы небір қиын-қыстау кезеңдерде мемлекеттік саясаттың бастамасымен қолға алынған әрбір шараны қолдай отырып, қоғамда орнықты ой-пікір қалыптастырып, халық пен билік арасында алтын көпір бола білдіңіздер. Қоғамның тынысын дөп басып, көптің көкейіндегісін билікке жеткізу, ортақ мекеніміздің жетістігін насихаттау жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген баршаңызды ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы­мен және «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» күнімен шын жүректен құттықтаймын, – деді қала әкімінің орынбасары.

Шарада ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қызылорда қоғамдық» телеарнасының құ­рылтайшысы Шәкизада Әбдікәрімов жылы лебіз білдірсе, аллея лентасын Жолдасбек Ақсақалов, Игорь Титенок секілді белгілі қаламгерлер кесті.

Салтанатты шара өнерпаздар әзірлеген театр­ландырылған қойылыммен аяқталды.

«Қаламгерлер» аллеясының ашылуынан соң «Студенттер сарайында» қала әкімі Ғанибек Қазантаев­пен кездесу өтті. Тоқсан сайын журналистермен кездесуді тұрақты өткізуді жолға қойған қала басшысы бұған дейінгі басқосуда көтерілген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Өздеріңізбен біршама уақыт бұрын дәл осы дөңгелек үстел басында кездескен едік. Сол кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлер назарға алынып, арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Біз аталған ұсыныстарды жан-жақты саралап, орындалуы бойынша тиісті жұмыстарды жасадық, – деді қала әкімі.

Бұған дейінгі кездесуде бір­қатар көпқабатты үйлердің жо­ғары қабаттарына ауыз судың тиісті деңгейде көтерілмейтіні, Белкөлдегі ескі қоқыс полигоны, балаларға арналған ойын алаң­дарын салу сынды басқа да мәселелер айтылған болатын.

Қала әкімі бірқатар көпқабатты үйлердің жоғары қабаттарына ауыз судың тиісті деңгейде кө­терілуі үшін ұңғымалар санын 58-ден 74-ке жеткізілгенін мәлім етті.

Белкөл кентіндегі ескі қоқыс полигоны аумағын қайта өңдеу мақсатында да тиісті шаралар атқарылуда.

– Мен бұл мәселе бойынша аталған нысан басына Сенат депутаттарын да алып бардым, тиісті министрлік жанындағы комитетке де бардым. Жоба құ­нының үлкендігіне қарамастан ол кісілер бізді қолдайтындығын айтты. Қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу мақсатында керекті қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде, – деді қала басшысы.

Қызылорданың әкімі бұдан бөлек тарихи ғимараттардың жанына құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне тиым салу мәсе­лесі бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар бе­рілгенін, жыл соңына дейін апаттық деп та­нылған үй тұр­ғындарына 50 пә­тер, әлеу­мет­тік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған 200 және көпбалалы отбасыларға 430 пәтер беру жоспарда бар екенін де айтты. Сондай-ақ қала көлемінде заман талабына сай 25 ойын және спорт алаңы салынғанын сөз етіп, қоғамдық көлік, су жүйесі, қала тазалығы секілді салалардың жұмысын жан­дандыру үшін жұмыс жасалып жатқанын тілге тиек етті.

– Облыс орталығы болған соң түйінін тарқатар проблемалар да жоқ емес. Сондықтан біз қоғамдық көлік, су жүйесі, қала тазалығы секілді салалардың жұ­мысын жандандыру үшін де­малыс күндеріне қарамастан жұмыс жасап, жалпы туындаған проблемаларды анықтау және шешу бағытында жұмыс жасап келеміз, – деді қала әкімі.

Басқосуда журналистер қа­ламгерлерге арнайы ашылған аллея үшін рақметтерін айтып, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

БАҚ өкілдері шеткі ай­мақ­тардағы жол, қоғамдық көлік, қысқа дайындық, қала тазалығы сынды  мәселелерді көтерді.

Жиында «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев алдағы уақытта Сыр журналистикасының тарихына арналған 5 томдық еңбектің тұсауы кесілетінін айтып, қаламгерлерді айтулы шараға қатысуға шақырды. Белгілі ақын, облыстық мәслихат депутаты Шәкизада Әбдікәрімов жаңа аллеяны қаламгерлердің нағыз бас қосатын орталығына айналдыру үшін арнайы ша­ралар өткізіп тұруды ұсынды. Сондай-ақ «Қазақстан» ұлттық арнасының облыстағы меншікті тілшісі Әділбек Жақанов шағын футболдан қаламгерлер арасында өткізілетін турнирді БАҚ өкілдері арасында өтетін республикалық жарысқа айналдыру жөнінде ұсыныс білдірді. Қала әкімі бұл ұсыныстарды қолдайтынын айтып, журналистерді Қызылорданың оң имиджі үшін жұмыла жұмыс жасауға шақырды.

А.БЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: