Бейсенбі, 25 сәуiр, 17:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Термеден тәлім төккен күн

15.11.2022

583 0

Сыр өңірінде сөздің маржанын сөзбен жеткізетін нағыз дала өнерпаздарын анықтайтын жас жыршы термешілердің байқауы өтті. Рухани кешті айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының облыстық филиалы ұйымдастырды.

Ұлт мұрасы – жыраулық өнердің тінін жалғап, дәріптеп жүрген жас жырауларды халық алдына шығарып, олардың орындаушылық шеберлігін шыңдау және жан-жақты қолдау көр­сету мақсатында өткен «Терме – тәрбие тұмасы» атты өнер бәйгесіне 16 талапкер қатысып, өзара бақ сынады.

Байқау талабына сәйкес әр қаты­сушы І кезеңде мінәжат жырын айтса, ІІ кезеңде Базар жырау мен Тұрмағамбет шығармаларын орындады. Жыр дода­сының ашылуында облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов қатысты.

– Ежелден Сырдария өңірі – небір саңлақты тудырып, бесігіне бөлеп тербетіп, қыранша қияға ұшырған алтын ұя, қасиетті қоныс. Тәңірі топырағына тектілік дарытып, тамыры өлең болып соғып тұрған Сыр бойы – күллі Алаш баласына ортақ жер. Осы өнер қонған ордалы мекеннің бір уыс топырағын түртіп қалсаң, шағыл құмы да жыр болып төгіліп жатады. Ақмешітке алғаш қадам бассаң қобыз сарынымен күні бүгінге жалғасқан жыраулық өнер көшіне көңілің толады. Тарихтан тін тарқатсақ, өнер көшіне ұласқан дәуір тынысы сол заманғы сүлейлер шығармашылығына арқау болған. Ол бертін келе өміршеңдігін дәлелдеп ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақ сана­сында серпін алып келеді. Міне, өмір сабақтастығы, өнер жалғастығы деген осы, – деді басқарма басшысы.

Көмейіне бұлбұл ұялаған өнерпаз­дардың шеберлігін қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жырау Алмас Алматов, халықаралық жыр фестивалдерінің лауреаты Амандық Бүрлібаев, ҚР Мәдениет саласының үздігі Айбек Тәңірбергенов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» Қызылорда об­лыстық филиалының төрағасы Нұрмат Мансұр бағалады. Жыр додасын  жырау Марат Сүгірбай ашып, жүргізді.

– Дәуірлер көшінен күні бүгінге дейін жалғасқан төл өнеріміз төрге озып жат­са тәуелсіздігіміздің жемісі деп тануы­мыз қажет. Көне дәуір күмбіріндей сақтал­ған саф өнер көрермен көзайымына айналып жат­қанына куә болып отырмыз. Сыр өңірі – талай тарланбоз текті туған таланттардың тұғыры. Жыраулық дәс­түр ұрпақ тәрбиелеу жолында айтарлықтай маңызды рөл атқарады. Сыр сүлейлерінің шығармалары бір күннің немесе бір жылдың емес, мәң­гіліктің тәрбие тұғыры, – деді жырау Алмас Алматов.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Жәнібек Жақсан иемденді. Ал бірінші орын Қуаныш Алғазиевке бұйырды. Жүлделі екінші орын Өмірзақ Жанболатқа табысталды. Үшінші орын­ды Мұхамедәлі Бекпейісов, Нұрай Өркенбекқызы, Руслан Өтегенов өзара бөлісті.

Жыр додасының жүлдегерлері мен жеңімпаздарына арнайы диплом мен қаржылай сыйлық табысталды. Ал бар­лық қатысушылар ынталандыру сый­лығымен марапатталды.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: