Жұма, 22 қараша, 14:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Шырайлы Шымкент

10.03.2021

4509 0

Бұл қала еліміздегі үшінші мегаполис. Республиканың оңтүстігінде орын тепкен шырайлы қала туралы естімеген жан жоқ шығар, сірә! Иә, «Атамекен, мен сені білемін бе?» айдары бұл жолы Шымкент өңіріне жол тартпақ.

Шырайлы Шымкент

Гүлденген қала

Халық аузында Шырайлы Шымкент атал­ған бұл шаһар ерте кезден-ақ  бау-бақшалы, жасыл қала атанған екен. Ғалымдар тарихи деректерге сүйене отырып, Шымкентті түркінің «Шым», иранның «кент» деген сөз­дерінен құралғанын, кей деректе иранның «чиминь-чемень» – көгалды, гүлденген алқап деген сөзіне кент сөзінің жалғануы арқылы «Гүлденген қала» мағынасын бергендігін айтады. 

Тарихы әріге тартқан шаһар туралы алғаш парсы тарихшысы Шарафад-Дин Әли Йаздидің «Зафар Наме» атты кітабында кездеседі екен. Бұл 1365-1366 жылдардағы Әмір Темірдің жорықтары туралы жазылған кітап. Кітапта қала адамдардың өмір сүруіне қолайлы, тау етегінде, өзен жағасында орналасқан, егін­шілік пен жүзім алқабы, көгалды тау жайы­лымдары мал шаруашылығына қолайлы деп жазылады. Тарихтан белгілі, талай қақтығыстарды көрсе де бұл аймақ бау-бақшасы жайқалған, шаруашылығы өркендеп, қолөнері дамыған қала дәрежесін сақтап қалған. Шымкентті негізгі өнеркәсіптің, сауда және мәдени орталықтың бірі деуге болады.

Шырайлы Шымкент

Өнеркәсібі өркендеген аймақ

Кеңес заманында Шымкент Ресей мен Батыс Сібірді Орта Азиямен байланыстыратын негізгі транзиттік аймақ болған. Сауда-саттықтың дамығаны соншалық 19 мануфактуралық, 70 шақты шағын дүкен, 50 шайхана, 10 керуен сарай, тамақтанатын орын, арнайы ұн дүкендері жұмыс істеген екен. Бұл ХІХ ғасырдың соңына тұспа-тұс келеді. Ал ХХ ғасырда өнеркәсіп саласы өркендей бастайды. Осылайша май шайқайтын, тері илейтін, кірпіш шығаратын, мақта тазалайтын зауыттар іске қосылып, диірмен, ұстахана, сабын қайнататын орындар ашылады. Мұндай жеңіл өнеркәсіптің өркен жаюы тірлігі қызу халықтың тіршілігін одан әрі жандандыра түскені анық. Бұл даму жолынан Шымкент күні бүгінде жаңылған жоқ. Сол бастапқы қалыппен өнеркәсіптік аймақ ретінде әлі де елімізде өзге өңірлерден озық тұр. Аймақтың атын асқақтатқан тағы бір өндіріс дәрі-дәрмек өндіретін сантонин зауыты болған. Сапалы өнім шығарған зауыттың дәрі-дәрмегі нарықта сұранысқа ие болып, шетелге экспортталған. Бір қызығы, осы зауыттың негізгі шикізаты саналатын дермене өсімдігі қаланың логотипінде бейнеленген. Әлемде сирек кездесетін, Қазақстанда 1883 жылы ашылған дермене сантонино өндірісі осылай шымкенттік брендке айналса керек. Бұл өндіріс ошағы әлі күнге дейін жұмыс істейді. Қазір «Химфарм» АҚ химия-фармацевтикалық зауыты атымен белгілі.

Өңір экономикасы соғыстан кейінгі жыл­дары қарқынды дамыды. Ауыр және жеңіл өнеркәсіп орындары ашыла бастады. Тұрғын үй құрылысы жанданып, жаңа мөлтек ау­дандар құрылды. Білім беру, медицина, мәдениет мекемесі, спорттық-сауықтыру ке­шені, дендробақ, зообақ бой көтерді.  Өткен ғасырда іргесі қаланған бұл нысандардың ізі жойылған жоқ. Қазір оңтүстік шаһар еліміздің жетекші өнеркәсіп және экономикалық орта­лығы саналады. Мұнда түсті метталлургия, машина жасау, химия, мұнай өндіру, құрылыс заттары, тамақ, киім өнеркәсібі бойынша 70-ке жуық кәсіпорын бар. 

Шырайлы Шымкент

Ұлы Жібек жолының жұрнағы

«Шымкент – шығыс мәдениетінің бар кереметін, сақтаған қазыналы қобдиша іспеттес. Шаһар тіл үйірер тағамдарымен және Ұлы Жібек жолының жұрнағындай болған шығыс базарларымен ерекше тартымды».

Шырайлы өлке қысқаша осылай сипат­талады. Тарихи орындары мен экзотикалық аудандары, табиғаты тамаша облыс жыл сайын жан-жақтан келетін саяхатшылардан арылған емес. Бірнеше табиғи-климаттық аймаққа бөлінетін бұл қалада бір мезетте қарлы таудың арасынан қыздырылған құмды жерге ауысу қиын емес. Сондай-ақ мұнда қар барысы, аю, дала түлкісі, тауешкі, жайран, тағылан, борсық, Гималай ұлары мен дуадақ сынды аң-құстарды көруге мүмкіндік бар.

Иә, арнайы уақыт бөліп, демалысын жақ­сы өткізгісі келетін жандарға шымқалада саяхаттауға туристік агенттіктер де кеңес береді. Табиғаты ешкімнен кем түспейтін өңірдің тарихи, заманауи, табиғи демалыс орындары жетерлік. Әсіресе, рекреациялық қорға бай экзотикалық орын саналатын Қаратау бөктеріндегі Қызылкөл, «Бадам» шатқалындағы «Қырыққыз» туристік базасы, батыс Тянь-Шань сілеміндегі «Ақмешіт» және «Біркөлік» демалыс аймағы, Сайрам-су шатқалындағы «Альтекс» спорт кешені, емдік минералдық бұлағы бар Сарыағаш шипажай аймағы туристердің қайта айналып келетін аумағы саналады. Одан бөлек заманауи ойын-сауық орталықтары, қонақ үй сервисі, аквапарктер қала тұрғындары мен қонақтары үшін қызмет етеді. Ал тарихи киелі жерлерге баруды жөн санайтындар үшін Арыстан баб, Домалақ ана кесенесі мен Отырар және Отырар оазисі, Ақмешіт үңгірі сынды орындар бар.

Шырайлы Шымкент

Туған жерге тағзым

Тарихта үш жүздің басын қосып, елді бірлікке шақырған жиын өткен Ордабасы тауы туралы білмейтіндер кемде-кем. Бүгінде бұл тарихи орын «Ордабасы» алаңы аталады. 2009 жылы алаңнан Тәуелсіздіктің тұғыры ретінде биіктігі 34 метр болатын үш қырлы «Жер-Ана» монументі бой көтерген. Монументтің ең басында әйел сұлбасы бейнеленген. Тәуелсіз елдің бірлігі мен туған жерге тағзым, құрметтің белгісі болған бұл алаң Шымкенттің заманауи сәулеті мен тарихи орны саналады.

Қаладағы тағы бір тарихи, көпшілік тәу етер орын – «Бәйдібек би» ескерткіші. Ұлттың ұйысуына ықпал етіп, елінің бірлігін берік еткен бидің құрметіне қойылған бұл кешеннің биіктігі 23 метрге жетсе, мүсіннің биіктігі 10 метр болады.  Ал салмағы 9 тонна. Бұл мемориалды құрылыс еліміздегі ең биік ескерткіштер қатарына жатады.

Ел бірлігінің бүгінгі жеңісі, тәуелсіздіктің белгісі қалада осы екі монумент арқылы көрініс тапқан. Тарихи ескерткіштер келген қонақтардың табан тірейтін бірден-бір орны саналады.

Шырайлы Шымкент

Рухани демалыс мекені

Еліміздің тарихи мәдениетінің мәлім де беймәлім қырларынан сыр шертетін бірден-бір мәдениет ошағы да осы қалада орналасқан. Ол – «Қылует» этнографиялық мұражайы.

Этнографиялық мұражайды этно-дизайнер Кендебай Қарабдалов жабдықтаған. Әрі ондағы барлық экспозициялар да соның жинағы. Онда халқымыздың ежелгі тұрмыс салтын бейнелейтін саздан жасалған бұйымдар мен 10-нан астам музыкалық аспаптар қайта жаңғыртылып, келушілер назарына ұсынылған. Мұражайдың басты ерекшелігі оның бір бөлігінің жер астында орналасуы. Келушілерді ерекше қызықтыратыны да осы. «Қылует» деп аталатын жер асты мешіті тыныштық мекені іспетті. Мұнда келіп, қалаған аспаптан ән тыңдап, көзеші ұршығында қыш ыдыс жасап, сабақ алуға болады. Сондықтан бұл жерде көпшілік  рухани үндестік мекені деп атап кеткен.

Тағы бір тыныштық мекені – Абдул Хамит Каттани мешіті. Көлемі 845,5 шаршы метрді құрайтын нысанға 2000 адам сыяды. Дәріс өткізетін, кітапхана, намаз оқуға арналған бөлме сынды 7 бөліктен тұратын  мешіттің күмбезі алтын жалатылған. Сондай-ақ күмбез «Фатиха» сүресі мен «әл-Күрси» аятымен безендірілген.

Шырайлы Шымкент

Өнер ордасы

Шымқала тек жасыл табиғаты, киелі жерлері, туризмімен емес, өнерімен де танымал. Алғашқы драма театрлар, мәдениет сарайлары, мұражай, кітапхана сынды мәдениет ошақтары Шымкентте салынған.  Елімізде ең танымал өнер қайраткерлерінің басым бөлігі де осы өңірде дүниеге келген. Мәселен, шымкенттіктер халық әртісі Хадиша Бөкеева, Құрманбек Жандарбеков, атақты композитор Шәмші Қалдаяқов, ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен мақтанады. Одан өзге қаншама дарынды түлеткен өңір еліміздің басты өнер ордасы саналады.

P.S. Шырайлы Шымкенттің көз тартар көрікті орындары тек мұнымен шектелмейді. Көне шаһардың сонау ескі заманнан беріге дейін жеткен мұралары, тарихи орындары, заманауи үлгіде салынған бір-бірінен асып түсер ғимараттары жетерлік. Оның бәрін көзбен көріп, көңілге түю үшін уақыт бөліп, гүлденген қалаға сапар шеккен жөн. 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: