Жұма, 19 сәуiр, 12:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Суретті сүйсеңіз, көрмеге келіңіз!

11.09.2021

1392 0

Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері, белгілі суретші, Сыр елінің тумасы – Қайырбай Зәкіровтің есімі көпке танымал. Биыл ағамыз 76 жасқа толды. Жалпы сурет салу – өнердің ұлысы. Оны түсіне білу – ұлылық, түсіндіре білу – даналық. Ұлылық та, даналық та біздің кейіпкеріміздің бойында бар.

Оқырмандарымыздың есінде болса, осы жылдың көктемінде туған өлкесі Қызылорда облысына келген Қайырбай ағамызбен тілдескен едік. Сол кезде ағамыздың жүзі жарқын, өзі ерекше қуанып отырғанын байқаған болатынбыз. Ол қуаныштың да себебін жасырмады.

– Облыс әкімінің қабылдауында болдым. Жақсы қарсы алды. Бұйыртса, биыл берекелі күз мезгілінде көрме ұйымдастыратын болдым. Енді соған дайындалуым керек. Дайындықты ойша бастап та кеттім. Керемет дүниелерді салып бітіруім қажет, – деп жағымды жаңалығымен бөлісті қылқалам иесі. Міне, сәті түсіп, көрме ұйымдастырылып, өз көрер-мендеріне есік ашты.

Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, көрнекті суретші Қайырбай Зәкіровтің туғанына 76 жыл толуына және шығармашылық қызметтегі 50 жылдық мерейтойына арналған «Минотаврлар марафоны» атты жеке көрмесі ашылды. Салтанатты іс-шараға Сыр елінен облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов бастаған арнайы делегация қатысып, аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ өнер иесіне шапан жауып, құрмет көрсетті.

Иә, бір адамның бойына соншама өнерді сіңіре салған Алланың құдіретінде шек жоқ қой. «Сегіз қырлы, бір сырлы» дегендей, Қайырбай ағамыз – суретші, ақын, әнші, сөз зергері, мүсінші. Алтындай Арал толқындарының сәулесінен өміріне қуат алып, сұлу Сырдың сағасынан мейір қандырғаннан шығар, әз ағада адамды жатсыну деген мүлдем жоқ. Керісінше, ол айналасына өзі секілді жақсыларды жинаған ізгі жан. Тағы бір қасиеті – адамгершілігі, қарапайымдылығы, қазақылығы. Өмірде сыйластықтың құнын біледі. Еңбекті, адалдықты, еркіндікті сүйеді. Жанының тазалығы кәусар бұлақтың суындай ғой, шіркін!

Сырлы әлемі, табиғи дарынын әрбір туындысынан аңғарта отырып, солардың бірегейі ретінде елге танылған өнер иесінің бірі Қайырбай Зәкіровтің шығармашылық қызметі 1970 жылдары басталды. Сонау 1974 жылдары республикалық, халықаралық көрмелерге қатыса бастағаннан еліміздің рухани өміріне серпіліс болар іргелі жобаларды жасады. Шығармашылық жолы графикадан басталып, ұлттың рухани және мәдени өміріне ықпал еткен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі әлеуметтік өзгерістер жайлы сыр шертетін қаншама туынды, жұмбақ көрініске толы 150-ден астам картиналар сериясын өмірге әкелді.

«Минотаврлар марафоны» – Қайырбай Зәкірұлының акварель туындылары топтамасының шартты атауы. Оған соңғы екі жылда салынған жиырмаға жуық акварель парағы енген. Мұндай тақырыпты таңдау ең алдымен суретшінің дүниетанымы мен көзқарасының өзіндік ерекшеліктерінде жатыр. Өмір мен өнерді марафон ретінде қабылдайтын суретші өз туындыларында уақыт пен сезім трагедиясын көрсетуге тырысады. Егер суретші үшін графика – бұл, ең алдымен, ойлау мен дүниетанымды бейнелеу әдісі болса, онда акварель – адамның сезімі мен эмоционалды рефлексін жеткізу құралы. Автордың жеке жинағынан 30-ға жуық туынды қойылған көрме 27 қыркүйекке дейін жалғасады.

Бүгінде өнер майталманы Алатау бөктеріндегі Алматы қаласында отбасымен тұрады. Құдай қосқан қосағы екеуі ұл-қыз сүйіп, одан немере қызығын көруде. Үлкен ұлы зергер болса, одан кейінгі ұлы – суретші. Оның еңбегіне әкесі жақсы бағасын беріп отырады. Ал қыздары ағылшын тілін меңгерген мамандар. Міне, Аллаға шүкір, ұрпағының да, ұлтының да алдында абыройлы адам.

Қылқалам шеберінің ғажап болмысын тамаша суреттеген көрнекті ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран Ғайып: «Қайырбайды ақын деп, суретші деп бөле жарып қарауға болмайды. Бұл – оның Құдай берген тұтас, кемел дарыны. Сегіз қырымен, бір сырымен туған адам. Ақындығын «Шалқасынан туған ай» кітабынан, суретшілігін «Құс жолы» альбомынан көргенбіз. Айтқанда мұның жыраулығын айту керек. Мұнша өнер бойына тұйықталған адам тегіннен болмаса керек. Сурет те – ақын, өлең де – суретші, елге салсаң – термеші, өзіне салсаң – қарапайым ғана қазақ. Бұл қазақтың мықтылығы да осында» деген болатын. Киелі өнердің сан түрін бойына тұмарлаған текті ағаның шығармашылығы ұлттық құндылықтарға тұнып тұр. Жүз жасаңыз, өнер адамы, дара тұлғасы!

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: