2024 жылдың 7 желтоқсанында Өнер орталығында Сыр өңіріндегі Корей этномәдени бірлестігінің 35 жылдығы аталып өтті.
Салтанатты шараға Корея елінен келген делегация, республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ардагерлері, белсенді мүшелері, қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Лэд экраннан өңірдегі корей орталығының құрылуы мен даму тарихы, екі ел арасындағы ынтымақтастық жайлы бейнеролик көрсетілді.
Облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қоғамдағы татулық пен бейбітшілікті ту етіп ұстаған корейлер қауымдастығының ел бірлігі жолындағы атқарған жұмыстары айрықша екенін атап өтіп, 35 жылдық мерекесімен құттықтап, ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Әзілханов Марат Алмасұлының және облыс әкімі, облыстық ҚХА төрағасы Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының құттықтау хатын «Қазақстан корейлер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігіне табыстады.
Оңтүстік Корея тарих және мәдениет орталығының президенті Пак Ёнтэк және Астанадағы Корея Республикасы Елшілігінің Корей мәдени орталығының директоры Ку Бон Чхоль бірлестікті атаулы датамен құттықтап, корей орталығы мен Корей музыкалық комедия театрына сертификаттар табыстады. Республикалық “Корё ильбо” газетінің бас редакторы Константин Ким қазақ еліне корей этностарының депортацияланған сәтінен бастап, олардың бірліктің арқасында жеткен тарихи белестеріне тоқталып өтті.
Өңіріміздің дамуы мен өркендеуіне ерекше үлес қосқан корей этносының өкілдеріне Қазақстан Корейлер қауымдастығының 35 жылдық медалі және Алғыс хаты табысталды.
Салтанатты шара республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрының мерекелік концертіне ұласты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!