А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде қалалық жастар театры өздерінің жетінші маусымын қорытындылады. Маусымның жабылуына орай өнер ұжымы белгілі режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмахановтың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» атты трагифарс спектаклін сахналады.
Оған қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова, жазушы Сайлаубай Жұбатыров және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
Спектакльде Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының тағдыр тауқыметі мен өмірінің шиеленісті сәттері шебер суреттеліп, көрерменді ерекше әсерге бөледі. Талантты жастар хакім Абайдың дара болмысын ашуға талпынды. Бір айта кетерлігі, көрермендердің басым бөлігі жастар болғаны көңіл қуантады. Бұл – жас жеткіншектердің рухани мұрамызға деген құрметінің артып, қызығушылығы жоғары екендігін аңғартса керек.
Жастар театры азғана уақыттың ішінде түрлі жанрдағы көптеген спектакльдер сахналап үлгерді. Осы уақыт ішінде өз көрермендерін қалыптастырып, өзіндік орны бар іргелі ұжымға айналып келеді.
– Бұл – күрделі қойылым. Абай бейнесін сомдау маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Сол замандағы қазақы болмысты сезініп, ақын тағдырын көрерменге жеткілікті деңгейде ұсынуды мақсат тұттым. Ұлы ақынның рухына тағзым ете отырып, тұлға танымын ашуға тырыстым. Режиссер – драматург шығармасына екінші өмір сыйлаушы. Бұл тұрғыда режиссер Оңталап Нұрмахановқа ризашылығымды жеткіземін. Шығарма шыңына жетіп орындалып жатса ол – жастар театры ұжымының арқасы. Алдағы маусымда көрерменді жаңа қойылымдармен қауыштыру жоспарымыз бар, – дейді Абай бейнесін сомдаушы актер Мақсат Серіков.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!