Кіреберістен бастап, тап-тұйнақтай тіршілік. «Қыздың жиған жүгіндей» болып тұр екен. Табан астында көлденең жатқан ағашты көрмейсіз. Ал саптағы сарбаздарға пәрмен беріп тұрған командирдің дауысы қақпаның сыртына дейін естіледі. Құйқаңды шымырлатып, намысыңды жанып жіберердей. Біркелкі басылған аяқ дыбысының өзі жинақылықтан хабар береді. Әскери бөлім қызметкері Жақсылық Берікұлы жай ғана күлімсіреп «біздегі күнделікті өмір осындай», – деп жол бастады. Соңынан іле біз де кіріп барамыз. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай өңірдегі Ұлттық Ұлан гвардиясының 5547 әскери бөлімге барып, жұмыс барысымен танысып қайтқан едік.
Әскери бөлімге кіре сала жайқалған саялы ағаштың арасына тап болдық. Мұнда жолдың екі бетінде әскери азаматтардың суреті қойылыпты. Мұның не себепті қойылғанын сұрағанда әскери бөлімнің клуб бастығы, лейтенант Жақсылық Берікұлы сауалға іркілмеді.
– Міне, мына басынан бастайық. 1995 жылы ел үшін кеудені оққа тосқан батырларымыз, Ішкі әскердің жауынгерлері тәжік-ауған шекарасында ерлік көрсетті. Қаруланған лаңкестермен кескілескен шайқаста 17 сарбаз қаза болды. Ал 34 жауынгер әр түрлі жарақат алды. Мына басынан бастасақ, сол ерлікпен қаза тапқан 17 жауынгердің суреті, жақынырақ танысамыз десеңіз, қасында мәліметтері бар. Ерлікке тағзым етіп, әрбір әскери қызмет өтеушінің жадында тұрса деп жасаған бастама. Бұл жерді «Батырлар аллеясы» дейміз. Ғимаратқа кірген әрбір қонақ өзіңіз тәрізді екі жағына қарап, танысып өтеді. Кешегі қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған екі сарбаз – Айбат Аманов пен Мадияр Қайсаровтың суреті мұнда тұр. «Алтыншы пост» деген киноны көрген боларсыз. Сол фильмдегі оқиғаның басты кейіпкерлерінің бірі – Ербол Отарбаев. Ол кісі 2010 жылы Ақтаудағы түрмеден қашу оқиғасында соңына дейін атысып, қашқындарға тосқауыл болған. Бүгінде ол кісі – майор. Сол оқиға кезінде сарбаз еді. Тағы бір айта кететін батырымыз – Қайрат Үмбетов. Ол осы күні Ұлттық Ұлан гвардиясының бас қолбасшысының орынбасары болып қызмет етеді. Қазір – генерал, «Халық қаһарманы» алтын жұлдызының иегері. Ол Қарағандыда қызмет етіп жүргенде оқу-жатығу алаңында сарбаздардың лақтырған гранаты окопқа түсіп кетеді. Сол гранатадан құтқару үшін сарбазды денесімен жауып қалған. Одан бері қанша уақыт емделіп, қатарға қосылды. Міне, осындай азаматтардың мәліметімен «Батырлар аллеясын» жасадық. Жаңадан түскен сарбаздарға да таныстырып, осы жағдайларды баяндаймыз. Ұлтжандылығын, сарбаздардың бір-біріне бауырмалдығын оятамыз, – дейді лейтенант.

Осы күні мұнда еліміздің Алматы, Түркістан облыстары мен Шымкент, Талдықорған қалаларынан келген 300 сарбаз Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүр. Бірі бірінен өтетін сақа жігіттердің әрқайсысының бойында өнер бар. Мұнда келген соң барлығын іріктеп, мамандығы барын бейім ісіне бағыттайды.
– Еліміздің даңқын Азия төрінде асырып жүрген спортшыларымыз да әскери қызметін өтеді. Спорттың күрес, каратэ, футбол, зілтемір көтеруден де талай мықтымыз бар. Чемпиондар ел намысын қорғауғ,а қажет болса, тек әскери бөлімнің емес, тұтас Қазақстанның абыройын асырады. Біз оларға қолдау көрсетеміз. Мұнда келгенде егер мамандығы аспаз болса біз оны бір оқытып аламыз да, полигонға барарда бірге алып кетеміз. Өйткені әйел кісілерге полигон ауырлау болады. Ал егер жүргізуші куәлігі болса оларды да автокөлік жүргізуге бейімдеп, сол салаға бағыттаймыз. Электриктерді оператор етіп тағайындаймыз. Заң саласының түлектерін қоғамдық тәртіпті сақтауға жібереміз. Ал ең салмақтылары, байыптылары атқыштар ротасында болады. Біз оларды жан-жақты зерттеп, тексеріп барып сонда орналастырамыз. Яғни түрмелерді күзетуге жібереміз, – дейді әскери бөлімнің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар бөлімше бастығы Захиддин Бабанов.

Бір ерекшелігі, бұл бөлімге келген жас сарбаздар арасынан ант қабылдауға дейін ойланып, қайтып кеткендер мүлдем болмапты. Сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар қай жағынан да мықты болып тұр. Бөлімдегі ашық есік күнінде мұнда келген колледж студенттері мен мектеп оқушылары «Әскерилерде демалыс мүлдем болмайды деп ойлаушы едік» деп таңданыс білдірген екен.
– Әскерде жағдай жақсы. Қазір сарбаздардың тағамдарының тізіміне кәдімгі асылған ет қосылды. Буын бұрқыратып, етті алып келгенде өздерінің үйіндей сезінбегенде қайтсін?! Әр жұма сайын ет асылады. Әрбір ротаға таксофон қойылған. Қажеттілігі туа қалған жағдайда бейнеқоңырау шала алады. Ал демалыс күндері реттілігімен қойылған іс-шараларымыз бар. Кинотеатр мен музейге барады, экскурсияға шығады. Психологтың басшылығымен саябақтарға барып, түрлі тренингтерге қатысады. Меніңше, мұның әрбірі сарбаздардың қалыптасуына ерекше әсер етеді, – дейді Жақсылық Берікұлы.
Біраз жыл бұрын әскери бөлімдердегі әрбір пәрмен орыс тілінде болатын. Тіпті, тыңдаған сайын құлаққа түрпідей тиіп, неге осыны қазақшаламасқа деп көп ойланатын едік. Саптағы сарбаздарға беріліп тұрған бүгінгі пәрменді көріп, көңілің көтеріледі екен. Түзел, тік тұр, кері айнал тәрізді әрбір пәрмен қазақ тілінде айтылуда. Ұлттың ұланына беріліп жатқан тәрбиедегі қазақтың рухы асқақтайды. Қандай тамаша!
– Әскер тек физикалық дайындықты дамытады десеңіз, қателесесіз. Әлгінде өзіңіз көрген «Батырлар аллеясынан» бастап, мұндағы сарбаздардың бойына ұлтжандылықты сіңіруіміз керек. Мұнда қазақ та, өзбек те, тәжік те, орыс та бар. Барлығы бір үйдің баласындай. Біз сарбаздардың тек физикалық дамуына ғана емес, жан-жақты қалыптасуын мұрат етеміз. Соның нәтижесінде көп жетістікке қол жеткізіп келеміз. Ақын да, әнші де, музыкант та табылады. Мерекелік іс-шараларда олар өнер көрсетеді, – дейді Захиддин Фуркатұлы.
«Бүгінгі әскерді әлжуаз деп жатады…» деген сөзім майор Захиддин Бабановтың жанына батып кеткендей. Әскери бөлімнің бөлімше басшысы қайта сөзге араласып кетті.
– Меніңше, сол сөзді айтатындар – әскери өмірді көрмегендер. Мұнда келіп, бір күн әскер болсын, сосын айтып көрсін. Әскери өмір оңай болмайды. Сосын әлжуаз деп жүрген қазіргі сарбаздар да оңай шағылар жаңғақ емес. Кейде 40 күндік оқу-жаттығуда үйреніп келіп жатыр, бір жылда не үйретесіңдер дегенді де естиміз. Сарбаз сапта аяғын алып жүруді келген күннен бастап бір айда үйренеді. Ал мұнан соң қырық күнде әскери тәртіпті меңгереді дегенге сенесіз бе? Қолына қару ұстап, сапта жүрген адам әлсіз емес, – деді ол.
Сарбаздарға қарап тұрған сәл ғана уақытта біз олардың тыныс-тіршілігін байқадық. Айта кетейік, қазір 18 бен 25 жас аралығындағы азаматтар әскери борышын өтеп жүр.
Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!