Қоғамда қай кезде де әйел затының орны бөлек. Отбасының берекесі, қоғамның бейнесі саналған нәзік жандардың шаңырақтың берекесін сақтауда да, ұрпақ тәрбиелеуде де ізгі қоғам қалыптастыруда қосар үлесі бар. Бүгінде әйелдердің белсенділігі қай салада да болсын артып келеді. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» нәзік жандардың уақыт талабына бейімделіп, ғылымда да, кәсіпкерлікті де меңгеріп, тіпті кез келген саланы үйіріп әкететінін уақыт көрсетіп келеді. Табиғаты нәзік жандардың белсенділігі мемлекеттің, қоғамның қолдауының нәтижесі екені сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекет гендерлік теңдікті сақтауға, әйелдер құқығын қорғауға және отбасы құндылықтарын нығайтуға әрдайым баса мән береді», – деген болатын.
Ел Президентінің бастамасымен жетекші билік органдарында әйелдерге арнайы квоталар берілді. Нәтижесінде Парламент пен мәслихаттардағы әйелдер үлесі артып келеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша қазіргі кезде Парламентте 28 әйел депутат бар, бұл жалпы депутаттар санының 18,9%-ы. Мәслихаттарда әйелдердің үлесі – 22,7%-ға (3415 депутаттың 774-і) жеткен.
Мемлекеттің 21 министрлігінде, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және ақпарат министрліктерінде 3 әйел министр, 8 вице-министр, 3 аппарат басшысы бар. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынышты және есеп беретін 14 мемлекеттік органда 6 әйел басшылық қызмет атқарады. Ел бойынша судья әйелдердің жалпы саны – 1248 адам (53%).
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55,8%-ға (84482 мемлекеттік қызметшінің 47158-і – әйелдер) жетті. Басшылық лауазымдардағы әйелдердің жалпы үлесі – 39,1% (23947 басшының 9 363-і).
Сонымен қатар Үкімет әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға көп көңіл бөлуде. Шағын және орта бизнес иелерінің құрылымында әйел кәсіпкерлердің үлесі 48%-ға жетті.
Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында бірқатар бағдарламалар іске асуда. Мәселен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қызмет еткен кезең ішінде 4,1 млрд теңге көлемінде 105 мыңнан астам әйелдің жобасына қолдау көрсетті.
Бүгінде әйелдердің тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған арнайы бағдарламалар бар. «Отбасы банк» пен Азия даму банкі бірлесіп, «Ұмай» ипотекалық бағдарламасын іске қосты. Үш жыл ішінде бұл бағдарлама 3 660 қазақстандық әйелге баспана сатып алуға көмектескен. Жалпы несие көлемі – 41,2 млрд теңге. Сондай-ақ асыраушысынан айырылған әйелдер де енді мемлекеттік тұрғын үй алу кезегіне жеке санат ретінде енгізілмек.
Өткен жылы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылданғаны белгілі. Заңда қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылып, отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша бірқатар нормалар бекітілді.
Президент тапсырмасы мен Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінде «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау» басқармасы құрылды. Әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстарды тергеу үшін арнайы әйел тергеушілер тағайындалған.
Бүгінгі күнге дейін әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар 16 мың әйелдің құқығын қорғады. Заң қабылданғаннан кейін Мәдениет және ақпарат министрлігі үйлестіретін бірыңғай Отбасын қолдау орталықтары желісі құрылды. Өткен жылдың маусым айынан бастап мұндай орталықтардың саны 33-тен 104-ке дейін артқан. Сонымен қатар өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау ерте мақсатында бірнеше министрліктің өкілдерінен құралған мобильді жұмыс топтары құрылды. Бұл да әйелдерге қамқорлық мақсатында жасалып жатқан нәтижелі жұмыстың бірі екені даусыз.
Г.МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!