Бейсенбі, 18 шiлде, 12:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№56-2066
16.07.2024
PDF мұрағаты

ҰБТ: талап, талпыныс, нәтиже

22.06.2024

413 0


Қазір білім саласында қызу науқан. ҰБТ. Түлектердің алып ұшқан арманы, ата-ана мен ұстаздің толқынысы еселенер шақ. Олай болмай қайтсін, 11 жылдық білім көрсеткіші бір сынақпен байқалайын деп тұр. Жүйелі білім алған түлек білім грантына қол жеткізсе, үлгерімі нашары ақылы негізге жүгінбек. Сондықтан саладағы маңызды кезеңді қапы жібермей, жан-жақты бақылау орынды.
Қанша түлек қатысады?

Биыл ел бойынша 186 мың түлек 11 сыныпты аяқтады. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, шілде айына дейін созылатын екі кезеңге қатысуға 342 мың өтініш түскен. Оның ішінде тапсырушылардың 75 пайызы қазақ тілінде, 24,9 пайызы орыс тілінде және 229 адам ағылшын тілінде тестілеуді қалапты.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, биыл негізгі ҰБТ 43 өңірлік тестілеу орталығында 47 күн ішінде жүргізіледі. Тек төтенше жағдай жарияланған Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында ҰБТ 25 мамырдан бастап 12 шілдеге дейін өтеді. Осы өңірлер үшін өтініш қабылдау уақыты 20 мамырға дейін ұзартылған еді.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Әбдірасылов сөзінше, биыл биология-химия, математика-физика бағытын таңдаған оқушы көп. Аталған статистика грант санына да әсер етуде.
– 79 мың грант – бакалавриат еншісінде. Оған 16 мамыр – 5 шілде арасында негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын 180 мыңнан астам талапкер таласады. Олар оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, Қазақстан тарихы және екі таңдау пәні бойынша білімін сынайды. Бұрын математика-физика екі бейіндік пәнді 19 пайыз абитуриенттер таңдаса, биыл математика-физиканы таңдаған балалар саны – 16 пайыз. Ал биология-химия 16 пайыздан артықтау. Шығармашылық – 13 пайыз және 11 пайыз математика-информатика пәнін таңдап отыр. Бұл биология-химия бағытына жасалған, негізделген мамандықтарды жастар көбірек таңдауға мүмкіндік екенін көрсетеді, – деді Болатбек Әбдірасылов.


Өзгеріс бар ма?

Әрбір түлек ҰБТ-дағы биылғы өзгерістің қалай боларын болжаумен болғаны анық. Жыл басында Ғылым және жоғары білім министрлігі аталған сауалға нүкте қойып, сынақта айтарлықтай жаңалық болмайтынын айтты. Тек өткен жылға қарағанда ҰБТ тапсыру санында ғана айырмашылық бар.
Анығын айнсақ. Биыл тестілеу саны – бес рет. Екеуі қаңтар, наурыз айында ақылы негізді өтті. Екі ақылы тестілеу кезінде түлек күш сынап, өзінің әлсіз түсін білуге мүмкіндігі болды. Қалған екі негізгі тест мамырдан шілдеге дейін созылуда. Түлек осы негізгі екі кезеңнің ішіндегі ең жоғары балл арқылы грантқа үміткер бола алады. Тамыз айында бесінші кезең де бар. Бұл ақылы оқуға түсетін немесе тапсыруға үлгермеген, сондай-ақ халықаралық университеттердің нәтижесін күтіп жүргендерге арналған.
ҰБТ тапсыру талаптарында, талапкерлерге тест тапсыруға алып келуге тыйым салынған заттар тізімінде де өзгеріс жоқ. Тестілеуге мектеп формасымен келу де талап етілмейді, еркін, ыңғайлы формада келе алады. Уақыт жүйесі де бұрынғы межеде. 4 сағат, яғни 240 минут. Шама мен қабілетті көрсетуге берілген мүмкіндік – осы.
Алайда тестілеу кезінде кішігірім өзгеріс бары рас. Мәселен, сұрақтардың санында өзгерістер бар, бұрын оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылық бойынша 15 сұрақ болса, биыл оның саны 10 сұраққа қысқарды. Ал сол екі пәннің әрбірінен алынған 5 тапсырма бейінді пәндерге беріліп отыр. Себебі талапкерге оқуға түскенде бірінші кезекте өзінің мамандығына негіз болатын бейінді пәндер бойынша көрсеткіш маңызды.
Сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекованың БАҚ-қа берген мәліметіне сүйенсек, оқу сауаттылығына басымдық берілмек.
– ҰБТ-ның пәндері ішінде ең жоғары көрсеткіш оқу сауаттылығында болып тұр. Былтыр негізгі тестілеу кезінде жалпы 162 мыңға жуық талапкер ҰБТ тапсырды. Сондағы оқу сауаттылығы бойынша келген сұрақтардың 81 пайызына дұрыс жауап берілген. Ең төменгі көрсеткіш – химия мен физикада. Ең жоғары көрсеткіш оқу сауаттылығында болып тұрғанына себеп те бар. Өйткені онда осыған дейін 4 мәтін болатын. 100 сөзге дейін қамтылатын бірінші мәтінде 2 сұрақ, 250 сұраққа дейін қамтылатын екінші мәтінде 4 сұрақ келетін. Ең қиыны 3-4 мәтіндер еді. 400 сөзге дейін қамтылатын 3-мәтінде 6 сұрақ, 500 сөзге дейін қамтылатын 4-мәтінде 8 сұрақ берілді. Мектептерді аралап, түсіндіру жұмысын жүргізген кездесулерде талапкерлер оқу сауаттылығы оңай пән болғанымен, мәтіндер уақытты жеп қоятынын жиі айтатын. Сол себепті олардың ойы ескеріліп, мәтіндер саны қысқартылды. Бұл – балалардың оқу сауаттылығын төмендету емес, керісінше сапаға әсер етті, – деді маман.
3 жыл бұрын министрлік айтулы реформаға қадам жасағанын білеміз. Яғни ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар қатарластарымен бірдей ҰБТ тапсыруға мүмкіндік алды. Оларға қосымша тағы 40 минут уақыт берілген. Балаларға берілетін сұрақтардың мазмұны да ерекшелігіне қарай құрастырылыпты. Өйткені аталған түлектер кейбір графика мен ұсақ жазуды, диаграммаларды көрмеуі мүмкін.
Сонымен қатар тестілеуді тапсыруға тіркелгенде сынақ кезінде өзіне не қажетін айтса, барынша орындау көзделген. Мәселен, көруі нашар талапкердің жанында тест тапсырмаларын оқып беретін көмекші отыруға тиіс. Ерекшелігі, көмекті қажет ететін балаларға тәуелсіз көмекшілерді әр өңірдегі мемлекеттік комиссия тағайындайды. Жүйелі жұмыстың нәтижесі болар, жыл сайын ҰБТ тапсыратын ерекше талапкерлердің қатары артуда.

Аймақ жетістігі

ҰБТ басталғалы әлеуметтік желіде жоғары балл жинаған түлектер туралы ақпарат тарады. Әр өңір өз үздігін насихаттап, түлектерге шабыт сыйлағаны анық. Облыста да аталған үрдіс бұзылмай, жақсы нәтиже көрсеткен оқушылардың есімі көп естілді. Соның ішінде Қызылорда қаласындағы С.Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейдің оқушысы Сейілхан Оралхан ҰБТ-дан 134 балл жинады. Осылайша, жылдар бойы жиған еңбектің жемісін көріп, мектеп мақтанышына айналды.
Ұстаздарының айтуынша, Сейілхан Оралхан ұлттық бірыңғай тестілеуге ерекше дайындалған. Көп уақытын ізденіске жұмсаған оқушының үздік нәтижесі ата-анасын да қуанышқа бөлегені анық.
Мектеп түлегі қатарластарына сәттілік тілеп, маңызды сынақтан сүрінбей өтуге кеңес берді.
– ҰБТ тапсырушыларға айтарым, ең бастысы, қорықпау керек. Аталған сынақ өмірдің соңы емес. Бұл – жай ғана өмірдегі кішкене баспалдақтың бірі, – деді Сейілхан Оралхан.
Қаладағы С.Әлжіков атындағы №144 орта мектебінің түлектері де жарап тұр. Мұнда Арсен Раушанбеков есімді түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуден 132 балл жинаған. Оның ішінде математика пәнінен – 49 балл, география пәнінен – 45 балл алған.
Сондай-ақ әзірге облыс бойынша ең жоғарғы балл жинаған екі талапкер белгілі. Олар – Қармақшы ауданындағы №121 мектептің түлегі Мақсат Қуанышбек пен Жаңақорған ауданындағы №54 мектептің түлегі Аружан Шазат. Қос түлек 136 балды еншілепті.
– ҰБТ-ға жүйелі дайындық жүргіздім. «Juz40» онлайн білім беру орталығының әдістемесін пайдаланғаным да көмегін берген секілді. Нәтижесінде әр ҰБТ тапсырған сайын көрсеткіш көтерілгенін байқадым. Мысалы, алғашқы сынақта 70 балл алсам, кейін қаңтар мен наурыздағы ҰБТ-да 125 балл жинадым. Міне, негізгі кезеңде 136 балл иеленуге мүмкіндік туды, – деді Мақсат Қуанышбек.
Айта кетейік, биыл Қызылорда қаласында 3273 түлек ҰБТ-ға қатысуда. Оның ішінде 206-сы «Алтын белгі» иегері.

Ереже мен ессіздік

Биыл білім науқанында заңсыздық та орын алған. Әсіресе түлектер мен мекеме тарапынан ереже бұзу, талапты орындамау байқалыпты. Мысалы, ҰБТ басталғалы бері талапкерлердің 315-і ереже бұзған. Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, ереже бұзған талапкерлердің 219-ы смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан 89 адам шығарылып, нәтиже жойылған.
Алайда биылғы ҰБТ-ға қатысты талаптардың бұзылу оқиғасы өзгерек сипатта өрбіді. Stan.kz ақпарат агенттігі 6 маусымда ««ҰБТ сертификатынан айырылады»: Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары емтихан cұрақтарын әзірлеп, шынайы тапсырма ретінде таратқан» деген ақпарат жариялады. Ақпаратта жазылғандай, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин Facebook-тегі парақшасында білім ордаларының бірінде оқушы жалған тапсырмаларды әзірлеп, ал басқа оқушылар тобы оларды шынайы емтихан материалы ретінде таратқанын, және ол оқушыларға тәртіптік жаза қолданылғанын мәлімдеген.
Қызығы, биыл тақырыпқа қатысты шулы мәселенің ортасында Назарбаев мектебінің оқушылары жүрді. Әлеуметтік желіде Назарбаев мектебінің оқушылары емтихан тапсырмаларын әзірлеп, шынайы материал ретінде таратқаны айтылуда. Келеңсіздікті НЗМ төрағасы Әнуар Жанғозин растап, Facebook-парақшасында оқиғаға қатысты мектеп ұстанымын білдірді.
– Бұған дейін Назарбаев зияткерлік мектептерінің түлектері тапсыратын қорытынды емтихан материалдарын сату мен алдын ала тарату бойынша жалған ақпараттың пайда болғанын жазған едім. Бүгінге дейін мәселені жан-жақты зерттедік. Жүргізілген қызметтік тексеріс шаралары оқушыларымыздың бірінің тапсырмаларды өз бетінше әзірлегені, ал басқа оқушылар оны нақты емтихан материалдары ретінде таратқаны белгілі болды. Бұл біздің мектептердің академиялық адалдығы мен ішкі ережелерін қатаң бұзу болып саналады .
Бұл оқушылар қорытынды емтихандар аясында ҰБТ сертификатын алу мүмкіндігінен айырылады. Материалдарды таратуға қатысқан қалған оқушыларға да тәртіптік жаза қолданылды. Біз мектептеріміздегі білім беру процесінің сапасы мен тұтастығын сақтау үшін білім берудің жоғары стандарттарын, академиялық адалдық пен ашықтық принциптерін ұстануды бұдан әрі де жалғастырамыз, – деп жазды Әнуар Жанғозин.

Шекті шегенделіп,
грант саны нақтыланды

Биыл қандай мамандыққа көп грант бөлінетіні бәріне қызық. Жауапты министрлік сөзіне сенсек, биыл бөлінген грант саны – 112 мың. Бұл былтырғы көрсеткіштен 23 мыңға артық. Аталған қадам Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған кадр саясатына қатысты статистика аясында әзірленіпті.
«Бұл көрсеткіш экономика саласының үрдістері, сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы, орталық мемлекеттік органдар мен өңірлік әкімдіктердің ұсынған қажеттілік негізінде қалыптастырылады. Жоғары білім берудің барлық деңгейі бойынша 2024-2025 оқу жылына арналған мемлекеттік тапсырыс аясында 112 мың грант бөлінген. Оның ішінде бакалавриатқа – 79 мыңға жуық, магистратураға –13 мыңға жуық, докторантура – 2 мыңға жуық грант берілді», – деді тиісті ведомстводан.
Айта кетейік, гранттардың басым бөлігі инженерлік, өңдеу, құрылыс, педагогикалық ғылымдар мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына бағытталған. Сондай-ақ жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика бағытына да басымдық бар.
ҰБТ артта қалса, келесі кезең – мемлекеттік білім беру гранты мен ЖОО-ға құжат тапсыру. Бұл орайда бакалавриатта білім алу үшін үміткер жинауы тиіс шекті балды білген жөн. Жуырда Ұлттық тестілеу орталығы аталған тақырыпта мәлімдеме жасады. Айтуларынша, биыл тек «ауыл шаруашылығы, биоресурстар және ветеринария білім беру саласы бойынша шекті балл өзгеріп, кемінде 50 балды құраған. Қалған білім беру салалары бойынша шекті балл деңгейінде өзгеріс жоқ. Атап айтқанда, педагогикалық ғылымдар мен құқық – кемінде 75 балл, денсаулық сақтау – кемінде 70 балды қажет етеді.
«Бүгінде «Математика мұғалімдерін даярлау» мамандығы бойынша Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне грантқа түсу үшін кемінде 77 балл жинау керек болса, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-не 110 балл, SDU University-не 120 балл қажет», – деді Ұлттық тестілеу орталығы.


Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: