Сейсенбі, 25 ақпан, 12:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№15,2128
25.02.2025
PDF мұрағаты

«Әкімдер мектебі» не үйретеді?

25.02.2025

84 0

Фото: Н. Нұржаубай

Әкімдер креслосын партаға ауыстырды. Уақытша, әрине. Жақында Мемлекет басшысы «Әкімдер мектебі» жобасын қолға алуды тапсырған болатын

Тың жобаны «AMANAT» партиясының сараптамалық орталығы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүзеге асырады. Елді мекендердің әкімдері дұрыс шешімдер қабылдауы тиіс. Әрине, ол үшін білімді болуы маңызды. Тың жобаның негізгі мақсаты да осы.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесінің өте өзекті болып тұрғанын айтып, алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керек екеніне аса мән берген еді.

– Әкімдерді тікелей сайлаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болды. Бұл – екі жарым мыңнан астам басшы лауазымындағы қызметкер деген сөз. Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп. Сол себепті сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өзекті болып тұр. Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырамын. Бұл ретте осындай жұмысты жүргізіп жатқан «AMANAT» партиясының тәжірибесін ескерген жөн. Бір жағынан, бұл жұрттың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сенетінін көрсетеді. Алайда бұл олардың өтініштері мен мәселелері мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысы барысында шешімін таппай жатқанын аңғартады. Сондықтан олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін тиянақты жұмыс жүргізу қажет. Әдетте азаматтардың өтініштерінің артында адам тағдыры тұрады, сондықтан бұл жерде барлық құзырлы органдар жұмыс істеуге тиіс, – деді Президент.

Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуынша, біліктілікті арт­тыру бағдарламасы ауылдық аймақтардың дамуына жаңа серпін беріп, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

– 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін сайлау азаматтардың жергілікті өзін өзі басқаруға белсенді қатысуын қамтамасыз етті. Сөйтіп, әкімдердің жауапкершілігін арттырды. Содан бері 2,5 мыңнан астам ауыл әкімдері сайланған. Жаңа лауазымға келгеннің 60 пайызы бұрын әкім болмаған және мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Кейбіреулері кәсіп иелері немесе партия қызметкерлері. Осылайша, әкімдер корпусы айтарлықтай жаңартылды. 2023 жылы аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің пилоттық сайлауы өтті. Барлық өңірде 45 әкім сайланды. Биылдан бастап барлық ауданның әкімі тікелей сайлау арқылы ғана қызметке кіріседі. Бұған байланысты «Әкімдер мектебін» іске қосу уақытылы әрі орынды шешім деп санаймын. Біліктілікті арттыру бағдарламасы ауылдық аймақтардың дамуына жаңа серпін беріп, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Қанат Бозымбаев.

 «Әкімдер мектебі» жобасы еліміз бойынша 2400-ден, ал облыста барлық 146  ауылдық округ әкімдерін қамтитын болады.

 – Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей сайланған әкімдердің жаңа санаты – сайланбалы басқарушылар пайда болғанын, олардың арасында мұғалімдер, дәрігерлер және мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ басқа да мамандар бар екенін атап өтіп, Үкіметке «AMANAT» партиясының тәжірибесін ескере келе, «Әкімдер мектебі» оқу жобасын іске қосуды тапсырды. «Әкімдерді тікелей сайлау – бұл Президенттің негізгі реформаларының бірі, елді одан әрі демократияландыру жолындағы үлкен қадам  десек болады.  Қазір қоғам өздері сайлаған әкімдермен бірге өзекті мәселелерді шешуге белсенді түрде кірісе бастады. Облыста сайлауда жеңіске жеткен әкімдердің 99,1 пайызы «AMANAT» партиясының  мүшелері. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, партия Үкіметпен бірлесіп, сайланған әкімдерді жаңа құзыреттерге, заңдармен және бюджетпен жұмыс істеуге үйрететін болады. Мұның барлығы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін күнделікті жұмыста ықпал етпек. Осы жұмыстарды үйлестіріп отыру үшін өткен аптада «AMANAT» партиясының базасында партия төрағасы, Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың қатысуымен  Үкіметтің Өңірлік саясат жөніндегі жобалық кеңсесі сараптамалық орталығы ашылды. Ол «Әкімдер мектебі» жобасын жүзеге асырумен, басқару процестерін цифрландырумен, аудандық және ауылдық округ әкімдеріне экономикалық даму бағдарламаларын іске асыруға көмектесумен айналысады, – деді  «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов. 

Оқу курсы ауылдық округтердің экономикалық даму бағдарла­маларын әзірлеу және оларды тәжірибеде қолдану әдістемесін үйре­туге бағытталған. Әкімдер ең алдымен өз ауылдарының бюджетін анықтайды. Сондай-ақ өнім өндіруден бастап, оны сертификаттау мен сатуға дейінгі тікелей тізбекті құруды үйренеді.

– «Әкімдер мектебі» жобасы – әкімдердің кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Жыл сайын біліктілікті арттыру аса маңызды. Бұл игі бастама елді мекендердің дамуына зор септігін тигізеді деп жоспарлануда. Жоба аясында ең алдымен халықпен қалай жұмыс істеу керектігі жайында айтылды. Әкімдер үшін ең бастысы осы деп ойлаймын. Ауылдағы кәсіпкерлікті кеңейту, салық базасын ұлғайту секілді бағыттарда арнайы жобалар үйретілетіні айтылған. Жобаның басталғанына төрт күн болды. Осы уақыт ішінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылдық жерлерден кооперативтер ашу арқылы біріншіден, халықты жұмыспен, екіншіден тұрғындардың табысын арттыру мәселелері бойынша оқыту басталды. Әрбір ауыл өзінің әлеуетіне қарай қолға алатын жобалардың жоспарын дайындайды. Әр түрлі саладан келген әкімдердің бюджетті білуі, қызметтік жауапкершілікті сезіну қажеттігі жөнінде сабақ өтті. Тағы бір айта кетерлігі, бюджеттің тиімді әрі нақты жұмсалуын біле отырып, мемлекеттік бюджетті қорғау мақсатында қандай мәселелерге назар аударуымыз керектігі жөнінде айтылды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің этикасы, «мемлекеттік қызметші қандай болуы керек, халыққа қалай қызмет көрсетуі қажет?» деген мәселелер көтеріліп, талқыланды. «Әкімдер мектебі» жобасы – ауыл әкімдеріне ең қажетті дүниелерді ұсынып отыр. Бұл – бізге үлкен қолдау. Жоба мамыр айына дейін жалғасады. Көп тәжірибе жинаймыз деген үмітім бар, – дейді Қармақшы ауданы, Ақжар ауылдық округінің әкімі Нұржамал Тұрсынбаева.

Рас, «Әкімдер мектебі» жобасы әкімдер үшін үлкен қолдау болып отыр. Жоба аясында дайындалған әдістемелік ұсынымдардың арқасында жергілікті халықтың табысын молайту үшін көптеген жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Демек, бұл жобаның әкімдер үшін берері көп.

 Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: