Сенбі, 04 мамыр, 04:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Бөдене – берекелі бизнес

23.04.2024

339 0

Көне тарихқа көз жүгіртсек, Шыңғыс ханның өзі жаралы жауынгерлеріне жұдырықтай ғана бөдененің жұмыртқасын ішкізіп, аяққа тұрғызған екен. Өйткені бөдененің еті де, жұмыртқасы да мың түрлі дертке дауа. Адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны түрлі жұқпалы аурудан қорғайтынын ғалымдар дәлелдеп отыр. Кәдімгі тауық жұмыртқасына қарағанда бір грамм бөдене жұмыртқасының құрамында А, Д дәрумені екі есе көп дейді мамандар. Бүгінде бұл өнім дүкен сөрелерінде кездескенмен, жергілікті табиғи өнімнің орнын баса алмайтыны белгілі.

Осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат еткен қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылдық округі тұрғыны Нұрлан Смағұлов тұрғындардың сұранысын қанағаттандырып отыр. Ол бұл кәсіпті карантин кезінде өз қаржысымен бастаған.

Бүгінде кәсіп иесі ет және жұмыртқа бағытындағы 5 мыңнан аса бөдене өсіріп, көпшіліктің сұранысын қанағаттандырып отыр.  Кәсіпкердің айтуынша, бір қызығы, бөдененің балапаны 40-45 күнде жетіліп, жұмыртқа бере бастайды.

–  Негізі бұл шаруаны мен ақша табу үшін қолға алған жоқпын. Өзімнің қызығушылығым болды. Оған қоса бөдененің еті мен жұмыртқасының пайдасы өте жоғары. Кезінде бұл бизнестің түріне көп адамдар таңырқай қараған еді. Мәселе істің көзін табуда ғой. Бөденені де қолға ұстауға болады екен. Рас, бастапқыда көп қиындықтар болды. Уақыт өте келе бұл құстардың «тілін» тапқандай болдым. Жем-суын уақытында беріп, күтіміне ерекше көңіл бөлсе, бөдененің беретін табысы мол. Оған толық көзім жетті. Сол себептен жұртымды таза азықпен қамтамасыз етіп, отандық өнімнің керегесін кеңейткім келеді.

Күніне 1000-нан аса жұмыртқаны саудаға шығарамын. Карантин кезінде өз қаржыма жүз балапан алып өсірдім. Жұмыртқадан балапан 17 күнде ашылып шығады. Қораздары етке сойылады. Жұмыртқаны  35 теңгеден, еттің келісін 3500 теңгеден өткізіп отырмыз.

Жыл өткен сайын жұмыртқа мен етке сұраныс көбейді. Нақты табыс әкелетін жұмыс болған соң кәсіп аштым. 2023 жылы үкіметтен көпбалалы отбасы ретінде 1380000 грант ұтып алдым. 6 балам бар. Жасым 45-те. Жұмыртқаны, етті  «Дәстүр», «Ажар», «Отырар» сауда орындарына өткіземін. Аудандарға да сұраныс жоғары.

Қалай баптайтынымды да айта кетейін. Балапан кезінде жем береміз. 20 күннен соң бөденеге арналған жемге үйретеміз. Қазіргі таңда 5000-нан аса бөдене бар. Шаруашылықты отбасымызбен жүргіземіз, –дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, жұмыртқаның да, еттің де пайдасы өте көп. Тіпті бала көтере алмай жүрген әйелдер мен химия алған  сырқат адамның жазылуына, дені сау адам үшін аурудың алдын алуға көмектеседі. Тойға да бір алғанда 100-150 бөдене алады екен. Дүкендерде аптасына 20-30 келі сатылып отырады. «Гигант» деген түрі бар. Ол ет бағытында пайдаланылады. Салмағы 500 граммға дейін барады. Бөдененің «Эстон»,  «Манжур» түрі жұмыртқа бағытында, «Белый гигант» ет бағытында өсіріледі.

Таза, әрі табиғи азықты күнделікті қолдансақ, көп шығынсыз түрлі дертке қарсы тұра алатындай денсаулығымызды нығайтуға болады дегенді алға тартты бөдене өсіруші.

Шынында, кәсіпкердің сөзінің жаны бар.  Бармақ­тай бөдененің өсіріп-баптау жағы қиын болғанмен, денсаулыққа пайдасы шаш етектен екенін бүгінгі медицина мен ғылым дәлелдеп отыр.  Құстың бабын тапқан кәсіпкер болса, бар ынта-ықыласымен өз кәсібін жүргізіп, оның игілігін көріп, табысқа кенеліп отыр.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: