Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 04:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Әлеуметтік қолдаудың игілігін көруде

16.11.2024

248 0

Бүгінде қоғамда көп талқыға түсетін мәселе – жұмыссыздық жайы. Алайда ынталы жандарға қолдау көрсетуге мемлекеттік бағдарламаның игілігі мол. Мемлекеттік қолдаудың арқасында қалаға қарасты ауылдық округте, кенттерде шаруаның шырайын кіргізіп, кәсібінің берекесін келтіріп отырған тұрғындар бар. Тіпті мүмкіндігі шектеулі жандардың өзі табыс кілтін тауып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Бүгінгі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаевамен сұхбатымыздың өзегі осы маңызды мәселер төңірегінде болмақ.

– Кенжегүл Құрақбайқызы, қалада, қалаға қарасты ауылдарда жұмыссыздық мәселесі қалай шешілуде? Екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүргендер қатары көп пе?
– Шынында қазіргі қоғамды алаңдататын тақырып. Облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша былтырғы жылдың қорытындысымен Қызылорда қаласында экономикалық белсенді халық саны 147128 адам, жұмыссыздық деңгейі – 4,6 пайыз, облыста – 4,9 пайызды құрады.
Биыл қала бойынша 12224 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, бүгінгі күнге дейін 12925 жаңа жұмыс орны ашылып, нәтижесінде 6434 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде осы жылы қала бойынша 85 жоба арқылы 1266 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, бүгінгі күнге ұлттық жобалар аясында 1242 жаңа жұмыс орны ашылса, оның 457-і тұрақты жұмыс орны. Жыл басында ашылған жаңа жұмыс орындарына құрылыс, мәдениет, білім саласының мамандары орналастырылды. 2024 жылдың 1 қарашасына қалалық «Мансап» орталығына жұмыс іздеуші ретінде 22595 адам тіркеліп, 11877 адам жұмысқа тұрды. Оның ішінде тұрақты жұмысқа 3664-і орналасты. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 25 адам жолданды. Олар оқу курсын аяқтағаннан кейін тұрақты жұмыс істейтін болады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 520 адамға мемлекеттік грант берілді. Олардың көпшілігі қоғамның әлжуаз тобын құрайтын мүмкіндігі шектеулі жандар және ерекше бала өсіріп отырған ата-аналар, көпбалалы отбасылар.
– Субсидияланатын жұмыс орындарына жіберу де бүгінгінің басты талабы. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз…
– Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және субсидияланатын жұмыс орнына жұмысқа орналасқандардың жалақысын субсидиялау бойынша қоғамдық жұмысқа – 3678, әлеуметтік жұмысқа – 120, жастар тәжірибесіне – 1157, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 72 жас маман, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 1, «Күміс жас» жобасына – 678 адам жолданды.
– Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі де жұмыссыздықты жоюға жәрдемдеседі. Нәтижесі қандай?
– Дұрыс айтасыз. Жұмысқа тартудың белсенді түрінің бірі – ай сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу. Жәрмеңкенің тиімділігі – жұмыссыздарға жұмыс берушілермен кездесуге мүмкіндік жасалады. Биыл 12 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған 280 мекемеден жұмыс берушілері мен қадр қызметкерлері қатысып, 1977 бос жұмыс орнына сұраныс түсті. Игі шараның нәтижесінде 184 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Оның 67-сі жастар болғаны бізді қуантып отыр.
– Халықты әлеуметтік қолдау жайына тоқталып өтсеңіз..
– Халықты әлеуметтік қолдау ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан біздің бөлім халықты әлеуметтік қорғауға бағытталған 14 мемлекеттік қызмет түрін көрсетуде. Оның 13-і әлеуметтік төлем және 1-уі көші-қон бағытында.
Бүгінде қалада 33 мыңнан аса зейнеткер бар. Барлығына республикалық бюджеттен зейнетақысына қоса арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мерзімінде төленуде. Биыл Жеңістің 79 жылдығына орай жергілікті бюджеттен әлеуметтік тұрғыдан қолдауға 1661 адамға, оның ішінде екі ҰОС ардагеріне Ұлы Отан соғысында қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО-ның ордені және медалімен наградталған бір тыл ардагеріне, ҰОС кезінде 6 ай жұмыс істеген 674 тыл ардагеріне 954 Ауған, ЧАЭС, Тәжік-ауған, Семей, Таулы-Қарабақ, Ирак, Совет армиясының қатысушылары мен мүгедектеріне және қаза тапқан 39 адамның отбасына бір реттік әлеуметтік төлем төленді. Халықтың әлеуметтік осал тобындағы 4357 отбасына (22 461 адамына) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, 3645 отбасының 6923 баласына бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға қосымша төлем, 6420 балаға жолда жүру ақысы, 565 отбасына (1905 адамына) тұрғын үй көмегі, «Құрмет» атағы бар 4 азаматқа, үйі өртенгендерге материалдық көмек 20 отбасына, лейкозбен ауыратын 24 балаға, АИТВ-инфекция диагнозымен есепте тұрған 2 баланың ата-анасына, облыс әкімі грантымен оқып жатқан 203 студенттің 2024-2025 оқу жылына оқу ақысы мен басқа шығынына, бас бостандығынан айыру орнынан босатылған 50 адамға бір реттік әлеуметтік көмек, туберкулезбен ауыратын 473 адамға әлеуметтік көмек көрсетілді.
– Жалған ақпарат ұсынып, мемлекеттік жәрдемақы алу жағдайы анықталып отырғанын білеміз. Бұл бағытта қандай шара қабылданып жатыр?
– Мемлекет басшысы Жолдауында «мемлекеттік қолдау шын мұқтаж адамдарға берілуі қажет» деп атап көрсеткен болатын. Осыған орай, облыс әкімі тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын жыл соңына дейін 30 пайызға азайту тапсырмасы беріліп, қала әкімдігімен атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың көмекке мұқтаждығына сапалы тексеру үшін жұмысшы тобы құрылды. Жұмысшы топпен бірге шынайы табысын жасырып, жалған ақпарат ұсынған отбасылар анықталып, бүгінгі күнге атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 30,2 пайызға азайып, тағайындалған атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылды.
– Мүгедектігі бар адамдарды қолдауға мемлекет барынша назар аударуда. Ал сіздердің тарапыңыздан осы топтағы қала тұрғындарына қандай жеңілдіктер көрсетілуде?
– Өмірде түрлі қиын жағдайға душар болып, мүгедектік санатына тіркелген тұрғындарға өз дәрежесінде көмек қолын созу – біздің бөлімнің тікелей міндеті. Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғам назарынан шет қалған емес. Қызылорда қаласында бүгінде 13 мыңнан астам мүгедек бар. Бұл санаттағы адамдардың құқығын қорғау, өмір сүру сапасын жақсарту мен қоғамдық өмірге бейімдеуде үздіксіз жүйелі жұмыс жүруде. «Әлеуметтік қызметтер» порталы арқылы бөлімге арнаулы әлеуметтік көмек пен техникалық көмекші құрал 13984 адамға берілді.
Сонымен қатар оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде бірінші топ мүгедегі 1156 адамның көмекшісіне әлеуметтік төлем төленіп, 198 естуі мен сөйлеу қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамға кәсіби 17 ымдау тілі маманының қызметі ұсынылды. Жол картасы аясында мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта қалыптастыру мақсатына 225 нысан бейімделіп, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында «AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалы жанынан құрылған мониторингтік топпен пандус, шақыру қоңырауы, бағыттаушы сары жолақ, Брайль әрпімен жазылған тактильді ақпараттық тақтайша, бағыттаушы белгі, арнайы әжетхана қою мәселесі көтерілді.
Жыл басынан бері үйден тәрбиеленіп, оқытылатын 544 балаға материалдық көмек көрсетілді. Биыл алғаш рет Республика күніне орай 13903 мүгедектерге біржолғы әлеуметтік төлем төленді. Қалада «Инватакси» қызметі жолға қойылды. Қазір 14 автокөлік қызмет көрсетсе, оның 4-і арнайы гидравликалық көтергішпен жабдықталған.
– Мүгедектердің қоғамға бейімделуі үшін, олардың білімін жетілдіру мақсатында да көмек берілетін болар?
– Әрине, қоғамның әлжуаз топтарына кедергісіз орта қалыптастырып, ортаға бейімдеу, компьютерлік сауаттылығын жетілдіру маңызды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мүгедектігі бар адамдар мен олардың көмекшілерін арнайы компьютерлік орталықта оқыту жүзеге асырылып, «Е-Gov» арқылы әлеуметтік қызмет, электронды-цифрлық қолтаңба алу, өтінімдер рәсімдеу, оңалту құралына тапсырыстар беру, «Әлеумет» порталында есебін толтыруға көмек берілуде.
«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «AMANAT» партиясының 2025 жылға дейінгі жол картасы аясында Қызылорда қаласында «Ten Qogam» мүгедектігі бар адамдарды қолдау орталығы жұмыс істеуде. Орталық мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істейтін қоғамдық бірлестікпен бірге мүгедектігі бар азаматтардың қоғамға бейімделуіне жәрдемдесіп, психологиялық, әлеуметтік-құқықтық көмек ұсынып, бекітілген жоспарға сай мәдени шара мен семинар-тренинг өткізуде.
Бұған қоса, балаларға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі арқылы 224 мүгедектігі бар балаға жыл бойына бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде. Бөлімше мамандары балалар мен оларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың қатысуымен мәдени шараны тұрақты өткізуде.
Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдар мен қарттарға үйде қызмет көрсету бөлімшесі арқылы 2024 жылдың 1 қарашасына барлығы 169 жалғызбасты бөгде адамның көмегіне мұқтаж қарттарға үйден 7 түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде.
«Отбасын қолдау» орталығы мамандары да қолдау шарасына белсенді атсалысуда. Жыл басынан баспана мәселесіне – 871, құқықтық кеңес – 673, жеке кеңес – 1436, гуманитарлық көмек бойынша 1952 адамға кеңес берілді. 1311 азаматқа мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат дайындалып, 360 азамат қоғамдық жұмысқа, 492 адам жастар тәжірибесіне жолданды. Өмірлік қиын жағдайға ұшыраған 21 ана «Қамқорлық» дағдарыс орталығына орналастырылды. Бұған қоса, орталықта жеке кәсіпкерлер маникюр, тігу және пішу, массаж, шаштараз курстары бойынша 17 тұрмысы төмен, мүгедектігі бар бала асырап отырған аналарды оқытып, сертификат берді. «Зекет және қайырымдылық» қорынан 262 отбасыға азық-түліктей, 27 отбасыға қатты отын (көмір), «Қызылорда мұнай өнімдері» ЖШС-мен 10 отбасына азық-түлік берілді.
8 наурыз халықаралық әйелдер күніне және Наурыз мерекесіне орай «Наурыз Шапағаты» қайырымдылық шарасы аясында демеушілер тарапынан 840 отбасына азық-түліктей көмек көрсетілді. «Мектепке жол» акциясы аясында «Отбасын қолдау» орталығына тіркелген 132 тұрмысы төмен отбасының 300 баласына «Зекет және қайырымдылық» қоры арқылы көмек көрсетілді. Қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі тарапынан тұрмысы төмен 6870 көпбалалы отбасына «Мұз айдыны» және «Евразия» спорт кешеніне тегін жолдама берілді. «Алтын дән-2024» қайырымдылық іс шарасы аясында демеушілер тарапынан осы санаттағы 1000 отбасыға қайырымдылық жасалды.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: