Сәрсенбі, 09 шiлде, 14:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№50,2163
09.07.2025
PDF мұрағаты

Аяқсу – елдің үміті

09.07.2025

21 0

Атам қазақ «Су – тіршілік көзі», «Сулы жер – нулы жер» деп бекер айтпаған. Су бар жерде береке, қайнаған тіршілік бар. Қай дәуірде болсын, адамзаттың өркениеті өзен жағасында бой көтеріп, тіршіліктің тамыры сол жерден нәр алып отырған. Сырдарияның жағасында бой көтерген Қызылорда өңірінің тыныс-тіршілігі дариямен тығыз байланысты. Дария бойында орналасқан бұл өлкеде аяқсу тек тіршілік көзі ғана емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналған.

Қаланың көшелерін бойлай аққан аяқсу тал мен гүлзарға нәр беріп қана қоймай, тұрғындардың тіршілігіне де жарап тұр. Қаланың кейбір бөліктерінде орналасқан жер үй тұрғындары үшін аяқсудың маңызы ерекше екені айтпаса да мәлім. Жер үй болған соң есігінің алдын бос қоймай, кәдеге жаратуды құп көретін қазағым жай жатсын ба? Бірі аз-маз қияр мен қызанақ ексе, енді бірі асқабақ, жуа, сәбіз сияқты көкөніс дақылдарын егіп, шағын бау бақшаға айналдырып алған. Ала жаздай бақшасын аяқсумен суарып, өз қолымен өсірген өнімнің дәмін татып отырған отбасылар да аз емес. Бұл бір жағынан табиғи өнім болса, екінші жағынан еңбекке баулып, әр аулаға жан бітіреді.

Қаладағы аяқсу жайын білу үшін қалалық «Қызылорда тазалығы» ЖШС аяқсу бөлімінің бас­шысы Нұрхан Ахановпен тілдескен едік. Оның айтуынша, бүгінде қаланың негізгі су арналары арнайы кесте бойынша кезекпен тазаланып жатыр.

– Қазіргі таңда қаладағы бірнеше негізгі бағыт­тағы аяқсу арналарына тазалау жұмыстары жүргізі­ліп жатыр. Атап айтқанда, Арай шағын ауданын­дағы «Қуғын сүргін құрбандарына» арналған ескерткіш маңы, Астана даңғылы бойы, Абай даңғылы, Әбілқайыр хан көшесі, №270 мектеп жанынан өтетін су арналары күнделікті бақылауда. Бүгінде осы атал­ған аймақтарға аяқсу тоқтаусыз беріліп тұр. Сондай-ақ су арналары белгілі бір уақыт аралығында жоспар бойынша қайта тазалаудан өткізіліп тұрады. Себебі жазғы маусымда шөп-шалаң, жиналған қоқыс немесе табиғи бөгеттер судың ағуына кедергі келтіреді, – дейді Нұрхан Аханов.

Бүгінде қала көшелерін бойлай өтетін аяқсу арналары арнайы техникамен және қол күшімен тазар­тылады. Тазалау жұмыстарымен танысу бары­сында арнайы техника жүргізушісі Нұрғазы Ембергенов аяқсу жеткізу жайын айтты.

– Бұл оңай жұмыс емес. Күн ыстық, кейде техниканы арық бойына жақындата алмайтын кездер де болып қалады. Бірақ қалай болса да, адал еңбек етіп, нанымызды тауып жүрміз. Адалынан тапқан ақша берекелі болады, – дейді Нұрғазы Ембергенов.

Оның айтуынша, бұл салада еңбек етіп жүргеніне бір жылдан астам уақыт болған. Қиындығы да, қызығы да қатар жүрген осы жұмыстың арқасында ол қаланың тыныс-тіршілігін бес саусағындай біледі, әр ауданның жағдайы жақсы таныс.

– Кейбір су арналары жеке үйлердің ауласынан өтеді. Ондайда тұрғындардың көзқарасы әртүрлі. Бірі есігін айқара ашып қарсы алып, шай, тамағын ұсынып, қонағындай күтіп алады. Ал кейбіреулер керісінше, жақтырмай қарап жатады. Бірақ біз бәрібір өз жұмысымызды істейміз. Өйткені бұл халық үшін керек нәрсе, – дейді Нұрғазы Ембергенов.

Тазалау жұмыстары әр ауданда жүйелі түрде жүргізіледі. Қала көшелерін аралап, арнайы техниканың тоқтаусыз жұмыс істеп жүргенін жиі көруге болады. Арық ішіндегі лай мен бөгеттер тазартылғанда ғана аяқсу өз бағытымен еркін ағып, тұрғындардың ауласына жетеді. Бұл, бір жағынан, тазалықты сақтап, экологиялық мәдениетті нығайтса, екінші жағынан табиғатты қадірлеуге үйретеді.

Қаладағы аяқсу жүйесі бір ғана бағытпен шектелмейді. Бүгінде қаланың әр аймағына су жеткізу үшін 12 нүктеде орналасқан 18 насос қондырғысы жұмыс істеп тұр. Бұл станциялар арқылы аяқсу жүйесі үздіксіз іске қосылып, тұрғындардың тіршілігіне қажетті су көздері жеткізіліп келеді. Әр станция белгілі бір аумақты қамтиды. Мәселен, Әуежайға баратын жолдағы жасыл белдеу, Тұңғыш Президент саябағы, Арай шағын ауданы, Шанхай мен КБИ, саябақтар мен мектеп маңдары, Абай мен Астана даңғылы, Қорқыт ата ескерткіші жанындағы аумақтар – барлығы да аяқсуға тәуелді. Бұл бағыттарға суды жүйелі түрде жіберіп отыру үшін әрбір насос бекеті дәл уақытында іске қосылуы керек. Солардың бірі – Жібек жолы каналы бойындағы насос станциясы. Біз арнайы барып, таң азанмен басталатын жұмыс барысымен таныстық. Кезекті күннің алғашқы сағаттарынан бастап қозғалыс қыза түседі. Арнайы тартылған трубалар мен гүрілдеген қондырғы үні бұл жердегі қайнаған тіршіліктің белгісі. Мұндағы жауапты маман – Нұрлан Асқаров. Ол насос қондырғысын біліктілікпен басқарып, әр арнаға су өз мөлшерімен жетуі үшін барын салып жүр.

– Аяқсу – жай  су емес, бұл – халықтың үміті. Таң ата насос қосылғаннан кейін адамдар есік алдына шығып, арықтан сылдырап аққан суды көрсе, сол күнге бір тыныштық, бір береке енгендей болады. Сол үшін біз таңмен таласа келіп, жұмысымызды уақытында бастаймыз, – дейді Нұрлан Асқаров.

Оның айтуынша су өз бағытымен тоқтаусыз ағуы үшін әр насос нүктесі бір-бірімен байланыста жұмыс істеуі керек. Кейде су жолдары бітеліп, қысым азайып кетсе, бүкіл жүйе баяулап қалады. Сондықтан кез келген кідіріс біздің жұмысымызға кері әсер етеді дейді.

– Көп адам байқамайды, бірақ осы аяқсудың артында үлкен еңбек жатыр. Насосты уақытында қосып, қысымды реттеп, судың бағытын қадағалап отыру оңай жұмыс емес. Бұл – жауапкершілігі ауыр шаруа. Бірақ біз өз ісімізді сүйіп істейміз. Тек елдің ауласына су жетіп, бақшасы көгерсе, еңбегіміздің жемісі сол, – деп түйіндеді Нұрлан Асқаров.

Дариядан бастау алған аяқсу – қала тынысының өзегі. Сылдырап аққан әр арна бір отбасының, әр үйдің тіршілігіне нәр береді. Күннің аптабында, таңның атысынан еңбек етіп жүрген жандар барда бұл жүйе тоқтамайды. Су жүрген жерде – тіршілік бар, ал тіршілікке жан бітіретін адал еңбек екені даусыз.

Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: