Бейсенбі, 18 шiлде, 13:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№56-2066
16.07.2024
PDF мұрағаты

Б.Досманбетов: Халқым патшадай өмір сүрсе, мен бәріне де ризамын

22.06.2024

780 0

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – есімі елге танымал тұлғалардың бірі, қоғам және мемлекет қайраткері, ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, «Болашақ» университетінің құрылтайшысы Бақберген Досманбетов. Сексеннің сеңгіріне қадам басқан ағамызбен сұхбатты мейлінше еркін жүргізуді мақсат тұтып, танымал тұлғаның балалық шағындағы басынан өткен оқиғаларын, шынайы әңгімесін бүкпесіз жеткізуге тырыстық.
Өмірбаяндық кітабыңызда ауылыңыз жайлы, өзіңіздің балалық, бозбалалық, жігіттік шақтарыңызды тартымды баяндағансыз. Сол кезеңнен әдемі естеліктер айтсаңыз..
– Қай адам болсын, өзінің туған жерін, балалық шағын, өсу, қалыптасу жылдарын сағынышпен еске алып, әсерленеді. Мен ауылдың перзенті болғанымды мақтан тұтамын. Біз өмірге келген жыл соғыстың енді бітіп, елдің басынан ауыртпалық кете қоймаған қиын кезеңмен тұспа тұс болды. Сол заманда қазақ ауылы екінші бір ауылға егіз қозыдай ұқсас болып келеді. Малы да, жаны да, ішкен-жегені, киген киіміне дейін солай. Быламығын ішсе де, қоңыр күймен қоңыраулатып жүре беретін әлімсақтан қалпы бар.
Ал мен өскен «Диірментөбе» басқа ауылдан бітім-болмысы жағынан бір бөлек оқшау тұрған секілді. Бекет тұрғындары тіл-құлағы байланып құм ішінде жатқан адамдар емес, дүниеде не болып жатқанын өткен-кеткен пойыздан еститін, заматында пікір түйетін, жаңа күннен жаңалық іздейтін жаңашыл жандар еді.
«Диірментөбе» деген аты айбатты естілгенімен, үйлер салдыр-салақ, адамның қалтасынан түсіп қалған көр-жердей әр жерде шашылып жатыр. Ауыл қазағы болсаң, сыртқы есікті ашасың да, етік-байпағыңды шешпестен екі аттап төрге шығасың.
Мен «Диірментөбенің» табанында иті үріп, сиыры мөңіреп, шаңытып жатқан ауылға күнде бір соқпасам көңілім көншімейді. Ит таластырамыз, қораларды түрткілеп тауықтың жұмыртқасын іздейміз, торғай атамыз. Кезермедегі өмір бекеттегі тірліктен әлдеқайда қызық. Кешке дейін дамыл таппай қас қарайғанда әжемнің жанына жантаямын. Кейде білтесі лып-лып еткен ондық шамның жарығымен тас төбеге қарап жатып қалғып кетемін.
Әжемнің баласы болып өстім. Бір күні әжемнен қарап жүрмей атымды неге «Бақбер» қойғанын сұрадым. Әжем болса сенің атың «Бақбер» емес, «Бақберген». Біз еркелетіп «Бақбер» дейміз деп түсіндіріп жатыр. Осылайша әжемізбен арамызда пікірталас туды. «Ендеше неге «Бақберген» демейсіздер?» деймін мен де сөз таластырып. «Ауылда «Бақберген» деген бұзық адам бар еді. Саған соның атын қойдық. Сауып жатқан түйенің аяғының астынан қайта-қайта өте беретін болған. Бірақ абырой болғанда түйе деген тұқым зәузатымызға бітпеген түлік» дейді әжем күлімсіреп.
Жұбайыңызбен таныстығыңыз да бір хикая екен. Сол күндердің мөлтек сырымен бөліссеңіз..
– Тағдырдың біз күтпеген сыйы көп. Сондай бір керемет, жаймашуақ күні Зейнегүлмен танысудың сәті түсті. Мен болашақ жарым тұратын көше мен үйді әскерде де жүрегімде үш жыл сақтағанмын. Қызметім ұнады ма ол жағын білмедім. Әскери басшыларым үш жылда үш рет демалыс беріп, елге келіп қайттым. Ондайда Қызылордаға соғамын. Мұнда менің бірге оқыған досым Нұрхан бар. Сол күні күріш орағынан көңілді оралған екен. Қайтар жолда облаткомның біраз қыздарымен бірге келіпті. Соның ішінде Зейнегүл деген қызда сөмкесі кетіп қалыпты.
«Давай, екеуміз барып сол сөмкені алып қайтайық», – деді. Қолым бос. Демалыста жүрген солдатпын. Бірақ сөмке іздеп, өзімнің өмірлік жарыммен табысқалы бара жатқанымды сезгенім жоқ. Сөмке деген сылтау екен ғой. Тағдыр мені қолымнан жетелеп жан серігіме қарай алып келе жатты. Он сегіздегі өрімдей қыз есік ашты. Айтуға сөз таппай тұрып қалдым. Нұрхан сөмкесін алды, мен қызбен танысып, үйінің адресін жаттап алдым. Сол кез әлі бүгінгідей есімде. Ақша жүзі алабұртып, жәудіреген қара көзін төңкеріп бір қарағанда талай жігіттің арманы болған аруды бір көргеннен ғашық болдым. Ішімнен «осы менің болашақ жұбайым болады» деп болжап та қойдым. Күндер жылжып өте берді. Бұдан кейінгі әскердегі өмірім Зейнегүлге хат жазумен өтті десем, құлай сүйгеніме құрдастарым күлмес. Оған деген алғаусыз ашық көңілім мені Қызылордаға алып келді. Інісі Тұржігітті ертіп жүріп көше қыдырдық. Осындай каникулға келген бір күні Зейнегүлді іздеп Құдабаев көшесіне бардым. «Балам, қайдан жүрсің? Зейнегүлде қандай шаруаң бар?» деп анасы босағасынан кері қайтарған сәтін де ұмытпаймын. Өзімді іштей кінәлап жолығудың ретін таппай қалада сәл аялдадым. Шумилов көшесіндегі асханада тамақтанып отырғанмын. Зейнегүлдің анасы сол асханада жұмыс істейді екен. Болашақ енем маған қарай келе жатқанын байқадым. Іштей «біздің қызымызды енді қайтып мазалама» деп айтады-ау деп ойладым. Сәлемдескеннен кейін ол кісі «балам, қалған әңгімені көшеге шығып айтайық» деді. «Қарағым, қызға да, қыз баққан ата-анаға да сыншы көп қой. Зейнегүл қатарың болса, қай күнгіні көңіліңе алма. Әңгімелесіп, біліс-таныс болғаныңа қарсы емеспін» деп жылышырай білдірді. Кейін білдім, мені үйге кіргізбей қайтарған күні енемнің түсіне атасы кіріп, «Ай, балам, бекер істедің ғой. Балаға қатты айттың. Екеуі бір-бірінен көз жазып қалмасын» деп аян беріпті. Осылайша біздің өміріміз бір арнаға тоғысты.
Қасиетті Қармақшының төл перзенті болған соң ба, бала кезіңізде естіген талай әдемі, әсерлі аңыздар мен оқиғаларды көп оқып, жадыңызға сақтайды екенсіз. Ой салар әңгімеден оқырмандарға бір үзік айтсаңыз..
– Қасиетті Қармақшы әсерлі әпсаналар мен аңыздарға бай өлке ғой. Біздің ауылда Дүрман қожа деген кісі болатын. Ел Дүрман қожа келе жатыр десе, есігінің алдына шығып, әулиедей қарсы алатын. Сол кісі айтқан Қорқыт ата туралы алғашқы аңыздар есімде қалыпты. Мектеп табалдырығын енді аттаған шағым болса керек, бір топ ауыл баласы дария беттегі Қорқыт ата бейітінің басына бардық. Бізді бастап барған бала өзі тізерлеп отыра қалып, аузын жыбырлатып мардымды ештеңе айтпастан қолын жаяды. Әлгі балаға қарап біз де қол жайып, бетімізді сипаймыз. Сосын аяғымызды аңдап басып, бейіт маңына жақындаймыз. Құдайдың құдіретін қарасаңызшы, бейіттің табанының тең жартысы дария қабағына асылып, тіреусіз ауада қалқып тұр, екінші бөлігі жер бетінде. Бейітті әрі жібермей ұстап тұрған сол алақандай ғана жер. Ауыл баласымыз. Ол заманда біздің мақсатымыз аты аңызға айналған әулиенің жатқан жерін қызықтап көру ғана еді.
Одан беріректегі обаны әйгілі Ақсақ қыздың қабірі дейді. Марқұм Дүрман қожа «Қорқыттың қобызының дауысы айшылық жерден естіледі екен. Хан сарайында отырған 40 қыз осы дауысты естіп, құдіретті сарынға қарай елтіп жүре беріпті. Күн артынан күн өтсе де әлгі дауыс жеткізер емес. Қыздар далаға түнеген. Ұйықтаса да, оянса да қобыз үні құлағынан кетпеген. Жолға тағы шығады. Ақыры қыздардың бәрінің өкпесі өшіп өліпті. Қобыз дауысынан үмітін үзбеген тек Ақсақ қыз болыпты. Сол Ақсақ қыздың бейіті әлі күнге дейін Қорқыт қабіріне жақын жатыр деуші еді. Бірақ бала болсақ та екінің бірі қолы жетпейтін ұлы перзенттің қабірінің ақырғы кейпін көзімізбен көрдік. Көпке дейін «Диірментөбе» төңірегінен Қорқыт қобызының сарыны естіліп тұрғандай болды. Сондағы көнекөз кісілерден естігенім қобыздың ішегіне арналған қылды бесті аттың құйрығынан суыртпақтап отырып жұлады. Ат тірі болуы шарт. Оның қыл құйрығынан шығатын үн де таза, тірі әуен секілді есіп тұрады. Қызылордада соқыр Ишан деген кісінің қобызының қасиеті қайтпаған деседі. Ат құйрығының ірісінен 56, жіңішкесінен 55 тал алып ширатып, екі ішек етіп байлайды. Сол ішекті қылышымен осып-осып өткенде, жүз он бір тірі дауыс жамырап, алдыңнан андағайлап шыға келеді. Біз осындай қобыздың талайын бақсылардың қолынан көрдік. Зікір саларда адамның көңіл-күйін бір сарынға бейімдеу үшін де Қорқыт қобызы қажет болған.
Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Ғасырдан да ұзақ түн» шығармасынан өзіңіздің кіндік қаныңыз тамған «Диірментөбені» көріп, ерекше әсер алыпсыз. Ұлы суреткерді арнайы іздеп барып, әңгімелесіпсіз. Сол әсеріңізбен бөліссеңіз…
– Кітап авторы, Қырғызстанның Бельгиядағы елшісі, әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовпен екі мәрте Брюссельде кездестім. Жолым түскен соң ағамызға сәлем бердім. Әңгіме арасында көкейде жүрген сауалдарымды қойып үлгердім. «Шыңғыс аға, «Боранды бекет» болып шыққан кітабыңыздың желісін қайдан алдыңыз? Себебі сондағы табиғат пен адамдар тағдыры менің туған ауылым «Диірментөбеге» ұқсайды екен» дедім. Жазушы сәлден кейін асықпай әңгімесін бастады. «Жетпісінші жылдар болса керек-ті. Мен «Қырғызстан» пойызымен Мәскеу жақтан келе жаттым. Қазалы стансасынан кәдімгі бізде киетін ақ қалпақтың жиегін қайырған, кескін-келбеті қырғызға келетін қария вагонға мінді. Іште жайғасатын артық орын болмағасын шалды қасыма шақырып шай бердім де, елдің амандығын сұрадым. Сөйтсем қария өмірде көргені мен түйгенін қатар ұстаған көшелі кісінің өзі болып шықты. Даланың ақылманы кәдімгі. Төретам стансасынан түседі екен. Әңгіме орайында ата-бабасының мәңгілік мекені әскерилердің қоршауында, аяқ астында қалғанын айтты. Міне, сол шал бір жарым сағат ішінде маған «Боранды бекет» романының жалпы желісін айтып берді. Ал мәңгүрт туралы аңызды Қырғызстанда жүріп естідім. Қара нар да сол шалдікі, боранды бекет те, жолшыны айналдырған түлкі де, Найман ана бейіті де шалдың дерегі. Егер ғайыптан кездескен қария «Диірментөбенің» адамы болса, «Боранды бекетті» менің ауылым деп иемдене беруіңе болады. «Боранды бекетті» біздің ауыл ма деп емексіп қалғаным сол замандағы адам тағдыры бір-бірінің көшірмесіндей ұқсас еді. Мұң мен қайғының арғы атасы ұқсас қой. Мен солай ойлаймын.
Өзіңіз негізін қалаған «Болашақ» университеті еліміз ғана емес, алыс-жақын шетелдіктер тамсанып, таңдай қағатын оқу орны екендігін мақтанышпен айтамыз. Ішкі сәулеті, дизайны, оқу кабинеттері жайлы талай татымды мақалалар жарыққа шығып, теледидардан көрсетіліп жатыр. Дизайнерлік өнерден, оқу ғимараттарының іші-сыртын әшекейлеуден шығармашылық ләззат алып, еңбектенетініңіз рас па?
– 2017 жылдың ақпанында Сырдарияға салынған жаңа көпірдің үстіне шығып тұрып, «мына жерден кампус саламын» деген ой келді. Үлкен қалаларда әдемі, көрнекті ғимараттар өзеннің екі бетінде тұрады. Туған қаламызда да сондай сәні асқан биік ғимараттар бой көтеруі тиіс.
Жаңа кампус дарияның батыс бетіне түсетінін көзіме елестеттім. Ол кемі 14-15 қабат болады, дарияның жиегіне баспалдақтар орнатылып, кешкілік студенттер «тамаша жексенбі күн көл басында, тұнықтан балық аулап бала отырса» дегендей, су жағалап қызыққа батады. Жатақханалары өз үйіндей, қай кезде барса да есігі ашық. Киноға кірем десе, театры тұр, әткеншек тепсе, жұп-жұп боп анау баққа барады. Бұл менің қиялым ғана емес еді. Кампус дегеніміз – осындай жағдайдың бәрін қамтитын қалашық. Сол оқу қалашығын салу Сырдарияның сол жағалауына жаңа қаланың іргетасын қалаумен байланысты іске асты. Мен әр жасаған жаңа дүниемнен шығармашылық ләззат аламын. Қолға алған ісімді жүзеге асырмай тыным таппаймын. Бүгінде арманым орындалып университет қай жағына болса бәсекеге қабілетті екені көрініп тұр. Ол жайлы көп айта бермейін. Мұны халық өзі де бағалап жүр. Ең бастысы, асқақ арманым орындалды. Жас ұрпақ біз көрмеген игілікті көріп, біз жатпаған жатақханаға жатып, зәулім ғимаратта білікті ұстаздардан білім алуда. Барлық дизайн өз қолыммен сызылып, өз қолтаңбаммен жүзеге асты.
Үнемі бір жаңалық ашып, елді елең еткізумен келесіз. Қызылордадан қырық шақырым жерде қамыс, қоға қаулап өсіп, суы тартылып бара жатқан көлге қамқорлық жасап, тінін тазартып, суын жаңартып, балық өсіріп, жағасын жайқалтыпсыз. Омарта да ұстапсыз. Мұның бәріне уақытты қайдан табасыз?
– Ең бастысы, адамда ниет болу керек. Сыр жерінде көгал өспейді деп кесіп айтуға болмайды. Еңбектенсең түлетуге болады. Бұдан бірнеше жыл бұрын Қызылордадан қырық шақырым жердегі қамыс, қоға қаулап өсіп, суы тартылып бара жатқан көлге қамқорлық жасап, тінін тазартып, суын жаңартып, балық өсіріп, жағасын жайқалттық. Құм, сор, тұзды жерде ешнәрсе өспейді деген он гектардан астам жерге Сыр өзенінен насоспен су шығарып, қияр, қызанақ, асқабақ, қауын, қарбыз, пияз, сәбіз басқа да көкөніс өнімдерін өсіріп, өнім алдық. Алты мың түп алма ағашының, үш мың түп жүзімнің көшеттерін отырғыздық. Шаруаға жұмылған жігіттерге жағдай жасап, оларды жерді пайдалануға, игеруге үйреттік. Шөлейт жатқан алқапты алма баққа, бау-бақшаға айналдырып, сазарып, шаң қауып жатқан даланы құлпырттық десек болады. Сыр дариясының жағасындағы қалың жыңғылға омарта орналастырып, жыңғыл гүлінен бал өндірген кезіміз болды.
Сенат депутаты болған кезіңізде Үкіметке де кемшіліктерді жою жолдарын тайсалмай айтатыныңыз сіздің ұлтжандылығыңыз деп ойлаймын. Еліміздің әл-ауқатын жақсарту үшін пайдалы заңдар керек екенін, шала туған заңдарға терапевтік емдеу кажет деп Парламент жұмысының сапасын көтеруге қатысты нақты ұсынысыңызды ортаға салыпсыз. Осы бірбеткейлігіңіз өзіңізге кедергі болған кез болды ма?
– Халық аманатын арқалау оңай емес. Ел сенім артқан соң оны міндетті түрде орындау керек. Сенаттың өкілетті жиындарында Сыр өңірінің әлеуметтік мәселелерін үздіксіз көтеріп, оның әділ шешілуіне барынша атсалысып, мемлекеттің заң шығарушы құзырлы жоғары органының ең белсенді мүшесі болдым деп сеніммен айта аламын. Республикалық бюджеттің ұтымды жоспарлануына білек сыбана араластым. Сенаттан Еуропадағы Қауіпсіздікпен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Қазақстан делегациясының мүшесі болып сайланып, халықаралық парламенттік мінберден талай толымды ой, келелі пікір айттым. Байқоңырдағы ғарыш айлағының қызметіне байланысты қала тұрғындарының әлеуметтік тұрмысы мен мектеп оқушыларының құқықтық мәселелерінің әділдікпен шешілуін көтердім. Туған жердің мәселесін қозғауда аянып қалған жоқпын. Бұған еш нәрсеге бей-жай қарай алмайтындығым да себеп болған шығар. Айтқан уәдемді орындауға жанымды салдым. Бұл тұрғыда Үкіметке де орынды, дәлелді сын айтудан тартынбай, ол кемшілікті жою жолын да ұсындым. Сондай ұстанымымның дәлелі ретінде 2000 жылы Сенаттың бір отырысында сөйлеген сөзімде «…Біздің көбіміз қан базардай қиналған елдің ортасынан, әлеуметтік, экономикалық реформалардың күрделі де, қиын тұстарын игеруге ұмтылған ат үстінен су ішкен кезеңмен бетпе-бет жүздескен халықтың арасынан олардың мұқтаждықтары мен қажеттіліктерін зерттеп-саралап, екшеп келіп отырмыз… Еліміздің әл-ауқатын жақсарту үшін зиялы заңдар керек екенін айтып, шала туған заңдарға терапевтік емдеу кажет» дедім. Парламент жұмысының сапасын көтеруге қатысты нақты ұсыныстарымды ортаға салдым.
Қарттыққа бет алған шақта өмірлік жарыңды жоғалту оңай емес. Десе де өмірдің заңы пенденің жүрек қалауына бағынбайды. Жүрекке салмақ салған сәттің бірі осы болар?
– Мен өміріме қажеттің бәрін осы бір талдырмаш қыздың өн бойынан таптым десем қателеспеймін. Алтынға, асылға айырбастамас тәтті сәттерімді қазір сағынышпен еске аламын. Балаларым, немерелерім, ұрпақтарым бар ғой, Аллаға шүкір. Бірақ жастығымның куәсіндей қымбат жаннан көз жазып қалу қиын екен. Өмір жолы адамның ұзақ сапар ғой. Сол жолда қарттықтың кемеліне келіп, даналықтың даңғыл жолына түскенде ер адамға жан жарынан айырылу ауыр екен. Менің жұбайым тек балаларымның анасы ғана емес, қандай жауапты қызметте жүрсем де ақылшым, қамқорым, жұбанышым болды. Артық кеткен жерім болса, сабырға шақырып, сабама түсіріп, отауыма күндей мейірімін төкті. Ер азаматтардың бере алмайтын кеңесін берді. Осы өмірде қандай жетістікке жетсем соның бәрінде жұбайымның қолтаңбасы бар. Мен өмірімнің соңына дейін Зейнегүлдің рухына бас иіп, жүрегімде мәңгілік тұмардай сақтаймын.
Өмір сізге бақты, бақытты, абырой мен терең білім, телегей теңіз шабыт, асқақ арман, оны жүзеге асыратын төзімділік пен парасаттылық, сабырлылық пен жайсаңдық сыйлады. Есіміңіз тарихта қатталып қалатыны ақиқат. Асқар шыңдарды бағындырған өміріңізге ризасыз ба? Бақыттымын деп ойлайсыз ба?
– Баянды бақыттың баспалдағы оңай қаланбайды. Сол жолда адам күресу керек. Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайраттылықты бойға сіңіру керек. Мен қандай қызмет істесем де халқыма болсын дедім. Жоғарғы мінберлерден Сыр бойындағы жерлестерімнің жағдайын айтып, өзекті мәселелерін шешуге атсалыстым. Халықтың аманатын арқалап атқа мінген азамат елдің наласына қалмай, асқақ абыроймен өз міндетін атқару керек. Қазір жас ұрпақтың өркениетті елдердің жастарымен терезесі тең болсын деген асқақ арманмен өмір сүріп жатырмын. Білімнің шырағы мәңгілік сөнбейді. Мәңгілік мұрат-мақсатқа қызмет ету – мен үшін зор бақыт. Есімім тарихта қатталып қалса, арман жоқ. Бұл болашақтың еншісінде. Сексенге де сергектікпен жетем деген ойдамын. Халқым патшадай өмір сүрсе, мен бәріне де ризамын. Өйткені мен бар болмысыммен халқымның кіндігіне байланғанмын. Әрине, сондықтан да бақыттымын деп ойлаймын.
Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: