Жексенбі, 22 желтоқсан, 12:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Айтыскер-ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, облыстық мәслихат депутаты Мұхтар Ниязов: Анам мен жайлы көбірек түс көреді

11.05.2024

1175 0

Биыл аналар күні мерекесі мамыр айының екінші жексенбісіне сәйкес келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Бұл – ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет» деп атап айтқан-ды. Ананы қорғау – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым міндеті. Сонымен биыл бұл мереке 12 мамырда аталып өтіледі.
Аналар мерекесі қарсаңында ана мен баладан сұхбат алғанды жөн көрдік. Есімі елге белгілі, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын – Мұхтар Ниязов және анасы Жұмагүл Оңғарбаевамен әңгімелестік. Ананың баласы туралы, баланың анасын құрметтеуі сұхбатымызға арқау болды.

Бұл – Мұхтар Мәуленұлының сөзі. Дәл қазіргі күні айтыскер ақын – Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық академиялық драма театрының директоры. Облыстық мәслихат депутаты.
– Бала күніңізде анаңыздан көп сөз естіп өстіңіз бе? Жалпы қандай бала болдыңыз?
– Әкем Мәулен Ниязов – ауылшаруашылығы маманы. Бірақ сөзге де шешен. Өмірде жұмсақ адам емес, алайда балаларына өте мейірімді адам. Ал анамыз өмір бойы ұстаздық қызметте болды. Педагог болғандықтан табиғатынан қатаңдау екені рас. Әйткенмен қатты ұрысып, ұрғаны есімде жоқ. Бірақ «тәйтпен» өстік. Оны мойындау керек.
Ата-анамыздың қас-қабағына қарап, ержеттік. Десек те біздің үйде еркін тәрбие болды. Қатты тыйым салынбаса да, бәрібір әке-шешенің мінезіне қарап өстік. Негізі өзім ата-әженің баласы болдым. Кейін әкеммен анамның қолына келдім. Әйтеуір тәрбиеден қатты олқылық көрген жоқпыз. Әкем де, анам да жер-жебірімізге жетіп, намысымызға тиіп, жігерімізді жасытып ұрысқан емес.
– Кей бала әкеге, кей бала анаға жақын? Сіз кімге жақсы болдыңыз?
– Қазақ тұңғыш баласын кемпір-шалға береді ғой. Өзім атама жақын болдым. Бірақ әке-шешемді бөліп-жарып көрмеппін. Анаңды өзінше махаббатпен, әкеңді өзінше жақсы көресің. Өйткені әкенің орнын ана толтыра алмайды. Ал ананың орнын әке баса алмайды. Және ол екеуінің орнын ешкім толтыра алмайды. Бұл екі жан әр бала үшін өте қымбат.
– Анаңызды қатты қуантқан кезіңіз?
– Бала кезден анамды қуантқан кездерім көп болды. Ең алғаш өлең шығарып, сахнаға шыққан тұстан бері дәл қазіргі сәтке дейін қуантуға тырысамын. Өмірдегі әрбір жақсы істерімді бірінші Алланың разылығы, екінші атам мен анамды қуанту мақсатында істеймін.
Өйткені сені үлкен-кіші демей, әр жастағы жеткен жетістігің ата-ананы қуанышқа бөлейді. Ең алғашқы өлең шумағым секілді, «Алтын домбыраны» алған сәтімнің бәрі оларды қуантып отырады. Ата-ананың қуанышының өлшемі жоқ деп ойлаймын. Олар өмірде баласының жетістігіне, жақсы ісіне шынайы қуана алатын адамдар.
Менің де мақсатым – әкем мен анам баласын ойлап, жерге кірмесе екен деп тілеймін. Өйткені «Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы, балаң жаман болса, жердің асты жақсы» дейді ғой. Жер бетінде адамның мерейінің өсу жолдары көп. Соның ішінде ата-ананың баласы арқылы мерейі өсуі – ең үлкен мерей. Оны осы күні өзім де байқап отырамын. Себебі менің де балаларым өсіп келеді. Керемет бір жетістікке жетпей-ақ улап-шулап жүрген балалардың ішінде сенің балаңның дауысы айқын шығып, бір допты артық теуіп бара жатса, төбең көкке жеткендей болады.
– Анаңызға жиі сыйлық сыйлап тұрасыз ба?
– Жиі сыйлық сыйлап тұрамын деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Және сыйлық сыйламаймын деп те жалған айтпайын. Орайы келгенде сыйлық әперіп, қуантамын. Сонымен қатар өзі не қаласа, соны алып беруге тырысамын. «Жоқ» деп айтқан емеспін. Бірақ туған күні мен мерекеде әкем мен анамды барынша қуантуға тырысамын. «Бүкіл дүниемді берсем де соларды қуантамын» деп өзіме серт бергенмін. Дүние бола береді. Ал ата-ана әрдайым жанымызда бола бермейді.
Мен көп жағдайда әкесі мен шешесі өмірден өтіп кеткен жігіттердің өкінішін көп естідім. Оларға қандай сыйлық жасасаң да, лайық. Ата-анамды қуанту үшін қолымнан не келеді, содан аянған емеспін.
– Айтыскер ақынсыз. Бірақ сонда да болса, анаңызға арнап шығарған өлеңіңіз бар ма?
– Мүмкін, бала кезде жазылған болар. Егер жазылмай қалса, алдағы уақытта жазылар деген үміт бар. Жазылғандары болса, жаттап та жүргенім жоқ. Бірақ екі немесе төртінші сыныпта оқып жүрген кезімде ең алғашқы шығарған өлеңім бар.
Анашым-ау, сенің ғана құшағыңда жайнадым.
Ақ сүтіңнің арқасында асыр салып ойнадым.
Асыл анам, мейірімді анам, жан анам,
Мен өзіңнің ақ сүтіңнен айналдым, – деген өлең шумағы есімде қалыпты. Негізі әке мен анаға құрметтің өлшемі шексіз.
– Байқайсыз ба, біз жақындарымызға «жақсы көремін» деген сөзді айта бермейміз. Анаңызға «жақсы көремін» деп жиі айтасыз ба?
– Дұрыс айтасыз, қазақ – ұяңдау халық. Күнде азанда тұрып, анамызды құшақтап, «жақсы көремін» деп еркелей бермейміз. Енді ондай еркелік өзімнің басымда жоқ. Бірақ оларға деген құрметіңді, махаббатыңды басқа да жолмен сездіруге болады. Анамның өзі де мені күнделікті «еркетотайым, анауым-мынауым» деп еркелеткен емес. Бірақ әлемде анаңның қатты айтқан сөзі, басқа адамның «айналайын» деп елжіреп айтқанынан млн есе артық болады.
Негізі жақындарымызға жылы сөз айту керек. Айтуға тырысамыз. Бірақ күнделікті әдетке айналмаған. Жалпы күн сайын «жақсы көремін» деп айта берсе, сезім де, сөз де арзандар дегендей, айта берсек, қадірі де қашуы мүмкін. Сондықтан жақсы көру сезімін сыйлықтармен қуанту секілді басқалай жолмен де көрсетіп тұрғанымыз абзал.
– Анаңызға қатысты қызықты оқиғамен бөліссеңіз…
– Қызықты оқиға дейсіз бе, анам мен жайлы көбірек түс көреді. Өйткені ананың ақ тілегі баланың үстінде тұрады. Мектеп бітірген соң медакадемияға тапсырғым келді. Сол кезде балл сәл жетпей қалып, ауылға қайттым. Сонда анамның айтқаны есімде, «түсімде бір ақбозатқа мінген екенсің. Ат екі аяғын аспанға қарай қатты шапшыды. Сол кезде сен артынан сыпырылып, бірақ жерге түспей жалынынан ұстап тұр екенсің. Соған қарағанда биыл бір сырғисың-ау, балам. Бәріне дайын бол» деп айтқан болатын. Түсі рас келді. Оқуға түспедім. Алайда курс оқыдым. Ол болашағыма әлдеқайда пайдалы болды.
Осы кезде бір жаққа баратын болсам, «мама, бір ұйықтап тұрасың-ау» деп анама әзілдеймін. Сонда қарасаңыз, Алла мен ана арасында балаға деген үлкен махаббат бар. Мен қандай да бір жетістікке жететін болсам, анам міндетті түрде мен туралы түс көреді. Және сол түстерге сенемін. Себебі анамның түсіне кірген жақсылықтар осы күні өмірде орындалып жатқан секілді.
– Ақынның анаға тілегі…
– Анама екі дүниенің бақытын тілеймін. Өмірінің әрбір күні жақсылыққа, берекеге, мерекеге, қуанышқа, сүйіншілейтін сәттерге толы болсын. Мағыналы, мәнді өмір иесі болса деген ақ тілегім бар. Сонымен қатар анам үнемі біздің амандығымызды, шаттығымызды тілеп отырады. Сол үшін де басымды иіп, алғысымды айтып, әрқашан қуантуға жазсын.

Жұмагүл Оңғарбаева, айтыскер-ақынның анасы:
МҰХТАР ҮШ ЖАСЫНДА ӘРІП ТАНЫДЫ
Есімі елге белгілі Мұхтардың анасы – Жұмагүл Ұзаққызы. 1958 жылы 10 сәуірде Жалағаш ауданы, Бұқарбай батыр атындағы ауылда дүниеге келген. Ұзақ жыл ұстаздық қызметті абыроймен атқарған. Отағасы Мәулен Ниязов екеуі шаңырақ көтеріп, бір қыз, екі ұлды тәрбиелеп отыр. Осы кезде зейнетке шыққан ақжаулықты ана, әзиз әже.

– Жұмагүл апа, бала Мұхтар қандай болды? Есімін кім қойды?
– Негізі үлкен қызымыздың есімін Мәрзия деп атасы қойды. Ал одан кейін Мұхтарға жүкті болып жүрген кезімде студенттік шағым есіме түсіп кетті. Жалындап түрған студенттік сәтте бір-бірімізбен әзілдесіп, «ертең балаңның атын кім қоясың?» деп қызыға сұрайтынбыз. Сол сәтте мен «Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезов болса, балам сондай болса екен деген ниетпен Мұхтар қояр едім» деп айтқаным есіме түсе қалды. Перзентханада жатқанда ойланып, атасы мен әжесінен бата алмай, қалай жеткізерімді білмей, жолдасыма хат арқылы «Мұхтар Әуезовтей болсыншы» деп жазып жібердім. Атасы бірден қолдай кетті.
Мұхтар тыныш бала болды. Өте қабілетті, зерек, алғыр еді. Үш жасында әріп таныды. Ол кезде балабақшаға баратын. Ол жақтан кешкілік алып келіп, мектепке апарып, артқы партаға отырғызып қоятынмын. Сөйтіп жүріп, өзінің зеректігінің арқасында әріптің бәрін танып алды. Одан кейін мектепті де өте жақсы оқыды. Жақсы оқығаны соншалық Мұхтар екінші сыныптан кейін бірден төртінші сыныпқа көшті.
Мұхтардың әпкесі, інісі бар, үш ағайынды. Екеуіне де өте жақсы қарайды, жақсы көреді. Өте бауырмал. Бір байқағаным, олардан ешнәрсені аямайды. Бөліп береді, бәрін береді. Әйтеуір жағдайларына алаңдап отырады. Үшеуі бір-бірімен тату. Соған шүкір етемін. Соларға қарап, анасы ретінде риза боламын.
– Мұхтардың мінезі қандай?
– Батыр да, ақын да мінезді адамнан шығады деп ойлаймын. Ал мінезіне келсек, кәдімгі дауылдатып, бұрқыратып, жауындатып өтеді де, бұлттан шыққан күн сияқты ақырындап басылады. Жадырап сала береді. «Жақсының мінезі шәй орамал кепкенше» дейді ғой, сол сөз Мұхтарға арналғандай. Жалпы мінезі қатты болғанымен, қайтымы тез. Ақынға тән қасиет қой. Ақындық қасиеті де тектінің ұрпағы болған соң дарыған деп ойлаймын. Өйткені ата-бабаларымыз өте мықты болған. Өз атасы да өте білімді, оқуда озат кісі болған. Тіпті жақсы оқып, көз тигенін өзі айтып берген еді.
– Балаңыз айтысқа шыққан сәтте қандай сезімде боласыз?
– Мұхтардың өңірде болған айтыстарынан қалған емеспін. Ал басқа облыстардағы айтысты теледидар арқылы көріп отыратынбыз. Атасы да Мұхтар баласының болашағына жиі алаңдап отыратын. «Дұға етіп отырыңдар, менің дұғамды жаттап алыңдар» дейтін. Мұхтар қандай айтысқа қатысса да, дұғамды оқып, тіл-көзден аман болуын тілеп отырамын. Бас жүлде, ақшаны емес, баламның аман болуын тілеймін.
Мұхтар қазір биік белестерді бағындырып келеді. Барлық балаларымның жолы ашық болуын қалаймын. Әр жеңісіне қуанып, жылап алатынмын. Оның «Алтын домбыраны» алған кездегі сәті ерекше әсер етті. Сол кезде қуаныштан қатты жылаған едім.
– Мұхтардың сізді ерекше қуантқан тұсы…
– Мұхтар үнемі қуантып жүреді. Жалпы балама ризамын. Мектептен бастап, әлі күнге дейін әр жетістігіне қуана қараймын. Отбасылы болып, балалары дүниеге келді. Ол да үлкен қуаныш.
– Қазір немерелеріңіз бар. Қандай әжесіз?
– Мұхтарымыз – көпбалалы әке. Шүкір, Алланың сыйы ғой. Балалардың барлығы білімді, қабілетті. Атасы спортқа дайындаса, мен сабаққа дайындаймын. Балалары да жарыстарға қатысып, түрлі жетістікке жетіп, олар да бізді қуантып отырады. Шүкір, отбасылық қуаныш осылай жалғасуда. Немерелеріміздің спорт жағынан жеткен жетістіктеріне атасының еңбегі зор.
Екінші сынып оқитын Хафиза есімді немерем бар. Ол өлең оқудан республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.
– Көпшілік жерде Мұхтардың анасы деп таныстырған сәт көп болған шығар. Сондай кезде марқайып қаласыз ба, әлде қысыласыз ба?
– Иә, тойларда «Мұхтардың ата-анасы» деп таныстырып жатады. Ол рас. Сол кездері ыңғайсызданып қаламын. Ұяңдығым басым. Бірақ іштей балаң туралы айтып жатқанда марқаясың ғой. Ал мен ол жағынан қарапайымдылығым, ұяңдығым басым екен.

Ақтолқын Нұрлыбай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: