Сейсенбі, 11 ақпан, 17:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№11,2124
11.02.2025
PDF мұрағаты

«Алаш» аллеясы ашылса…

11.02.2025

27 0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Қызылорданың астана болғанына ғасыр толды дегенде ең алдымен Алаш қайраткерлерінің табаны тиген қастерлі топырақ екені ойға келеді. Тарихтың тамырын тартып тұрған талай ғимарат бұзылып, жермен жексен болды. Тіпті «Тағзым алаңы» маңындағы олардың тұрған үйлерінің орнын жеке тұрғын үй, кәсіпкерлік нысандары басқан. Қолда барды ұқсата алмағанымыз өкінішті. Сол жағалаудағы «Рухани жаңғыру» орталығының ғимараты сол кезеңдегі ұлт атауын қайтарған, астана атанған құжатымызға қол қойылған ғимарат үлгісімен салынды. Оған да қуандық. Әйтпесе, әлемнің қанша мемлекеті осындай тарихи орындарын үп еткен желден қорғап отыр. Ал біз ше?!

Теміржол вокзалы маңын­дағы Жанәділов көшесінде орналасқан төрт бірдей тұр­ғын үй мен сол маңдағы 1905 жылғы Транспорт про­куратурасы ғимараты – қазір қолда бар жәдігерлердің бірі. Бірақ жаның ашып, өзегіңді өкініш өртейтіні – сол прокуратура ғимаратының қаңырап бос тұрғаны. Іргесі сөгілмеген, бүп-бүтін ғимарат мұражай атануға сұранып тұр.

Ал әлгі төрт тұрғын үй қосымша құрылыс салып, тарихи орынның сиқын қа­шырған тәрізді. Әйтсе де, сол бас-аяғы 200 метрге жетеғабыл көшенің бойына ХІХ ғасырдағы брусчат­ка­­лар төселіп, көше шамда­ры қойылса… Ғимараттың қасбеттері де сол кезеңнің көрінісінен хабар беретін баяғы қалпына енсе… Ал аулалардың қақпасы сол уақыттағы ағаш шарбақтар­мен қоршалса… Міне, вок­залдан түскен адам осы көшеге келгенде ХІХ ғасырға еніп кететіндей ғаламат бо­лар еді. Тіпті осы аумаққа «Алаш» шағын ауданы тәрізді ат қойылып, айдар тағылса, қандай ғанибет.

Қазақ тарихының жана­шырларымен сөйлескенде, тіпті Алаш қайраткерлері туралы көркем фильмнің өзін­де Қызылорда өңірі түсірілмегенін білдік. Өйт­кені мұнда сол кезеңнің көрі­нісінен хабар беретін нысандар жоқ екен. Ал егер біз әлгінде айтқандай бульвар жасасақ, онда кино түсіруге де, туристер тартуға да таптырмас тетік екені айтпаса да түсінікті…

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: